СӘТІ ТҮСКЕН КЕЗДЕСУ
Орайы келіп, шипажайға жол түсті. «Ақсу-Жабағылы» оңалту-сауықтыру кешені» деп аталады екен. Қазіргі Түркістан облысының аймағында, Түлкібас темір жол бекетінің маңайында орын тепкен. 2010 жылға дейін «Әсел» туристік базасы болған. 30 орындық бес коттеджден тұратын қонақ үй кешені, асхана, хауыз, медициналық бөлімше, спорт кешені, автокөлік тұрағы бар екен...
Жаңа атауға ие болумен қатар демалыс орны да өзгерген. Демалушылар үшін мейлінше қолайлы жағдайлар жасалған. Барлық бөлмелер ыстық сумен, теледидармен, демалыс орнындағы қызметкерлермен байланысу үшін телефондармен жабдықталған.
Жаңа атауға ие болумен қатар демалыс орны да өзгерген. Демалушылар үшін мейлінше қолайлы жағдайлар жасалған. Барлық бөлмелер ыстық сумен, теледидармен, демалыс орнындағы қызметкерлермен байланысу үшін телефондармен жабдықталған.
«Парижде болдым, Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым, Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иранға бардым, олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым, оны да түсімде көрмедім… Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде ылғи Ақсу-Жабағылыны көремін», – деп жазды Шерхан Мұртаза осы саяжай туралы естелігінде. Әйгілі жазушы Ақсу-Жабағылы мемлекеттік қорығының сұлу табиғатын өзінің шығармаларында кестелеп, оған үнемі оралып отырған.
Күнде кешке дейін ем қабылдаймыз, кешке концерт болып тұрады. Бірде демалушыларды бір-бірімен таныстыруға арналған кеш өтті. Әрбір тынығушы өзі туралы қысқаша әңгімелеп, өнерін көрсетті. Біреу биледі, біреу ән айтты, біреу күй тартты. Мен де денем қызып, делебем қозып, ертеректе жазылған «Келін» деген өлеңімді оқыдым. Өлеңнің мәтіні төмендегідей еді:
«Қош келiпсiң, келiнжан, ауылыма,
Сән-салтанат әкелдiң қауымыма.
Бақыт тiлеп баянды, дос-жарандар
Отыр, мiне, жиналып сауығыңа.
Жатырқап та жабырқап жасымағын,
Жақындатпа, жолатпа басыңа мiн.
Болашаққа тұп-тура апаратын
Ақ арманға жасадың асыл адым.
Алынбаған алдыңда шыңың бар да
Соған жетпей жүрекке тыным бар ма?..
Бөтен үйге пенде болып ену емес,
Келiн болу – ел болу ұғынғанға!
Жаны жайсаң, көңiлi пәк, асқақ ары
Ана болу бақыты асқаралы,
Жұбай болу, жар сүю – бәрi, бәрi
Келiн болған кезiңнен басталады.
Келiн болған кездерiн есiне алса,
Кемпiрлердiң көзiнен жас тамады.
Беу, келiнжан!
Дәнге толы дарқандығы жерiмнiң,
Әнге толы жайсаңдығы елiмнiң,
Батырлығы, қайсарлығы ерiмнiң –
Соның бәрi шапағаты келiннiң.
Гүлденуi, түрленуi өмiрдiң,
Қырандайын қалықтауы көңiлдiң,
Шабыттанып шарықтауы сенiмнiң –
Соның бәрi махаббаты келiннiң.
Келiндердi ақ көгершiн дер ем мен,
Сезiмдердi теретұғын тереңнен.
Қазақ деген мәртебелi халықпыз,
Келiнменен көсегесi көгерген.
Бұрын менiң жеңгелерiм паңдана,
Менi көрсе, дейтiн бәрi «әй бала!»
Ендi, мiне, мен де үлкен атандым,
Атандым мен тiптi дүрдей қайнаға.
Келiнмiн деп жаси көрме, қарағым,
Алғысын ал ата-ана, ағаның...
«Әй» баладан «қайнағаға» жеткiзген,
Айналайын, құтты болсын қадамың!»
Өлеңімді оқып болып орныма қарай жүре бергенімде отырғандардың ортасынан шыққан еңгезердей бір жігіт маған қарай адымдай басып келді де, қапсыра құшақтап тұрып:
– Көкем-ау, көрінбей қайда жүрсіз? Бұл өлеңді термелеп айтып жүргеніме, міне, 30 жыл. Осынша уақыттан бері осы өлеңнің авторын іздеумен болдым. Ақыры таптым-ау, – деді өрекпіген көңілін басып. Осылайша «Келін» деген өлеңімді әнге қосып айтып, елге насихаттап жүрген жанашыр ініммен ойда жоқта ұшырастым. Аты-жөні Аязбек Қоштаев екен. Өлеңнің шығу тарихына қысқаша тоқтала кеткенім жөн шығар.
1978 жыл, желтоқсанның 31 күні болатын. Сол кезгі қалыптасқан әдетке сай, Жаңа жылды әркім өз шаңырағында, жанұясымен қарсы алуға тырысатын. Біз де үйге жетуге асығып жолда келе жатқанбыз. Немере ағам Дүйсенбек келін түсіріпті. Үйге соғып, әке-шешеме: «Бүгін беташарын өткіземіз. Келісімен тездетіп үйге жетсін» деп айтып кетіпті. Араласып жүрген достарым Жаңа жылды қарсы алатын үйдің мекен-жайын көрсетіп қағазға жазып, олар да: «қай кезде келсе де сонда жетсін» депті.
Жолсапардан түнделетіп келдік. Жанымда бажам Қуан мен қайынбикем Бархыт бар. Солармен ақылдаса келіп, жаңа жылды достармен қарсы алуды, тойға ертең баруды ұйғардық. Ертесіне барсақ, жеңешемнің көңіл-күйі жоқ. Сәлемімді селқос қабылдады. «Әй, бала, қайнаға болғаның құтты болсын!» деді ақырын ғана. Шиеліде күн ыстық, жазда 40-45 градусқа дейін жетеді. Сондай кездері бір көзін жұмып жүру ол кісінің дағдысы болатын. Бұл жолы екі көзін бірдей жұмып алыпты. Ал, екі көзін жұмғаны ренжігенін білдіргені.
Жеңешемнің «әй, бала», «қайнаға» деген қос ұйқас сөзі шыңылдап шекемде тұрып қалды. Жаңа жылды қарсы алып, түнімен билеп, ән салып, ұйқыдан қалып шаршаған басқа ештеңе кірер емес. Тойды басқарып жүрген көпті көрген, әр нәрседен хабары бар Берікқара ағам «жағдайды» түсінді, білем, «алдымен той асынан дәм татыңдар, қалған тірлікті сосын көре бересіңдер» деп, бір бөлмеге кіргізді де той тағамдарын алдымызға қойғызды. Әл жинап алған соң, отыра қалып өлең жазуға кірістім. Қалайда сүйікті жеңешемнің ашуын басып, қабағын ашуым керек. Көп әуреге салмай жыр жолдары қағазға құйыла бастады...(Мақаламның жоғары жағында мәтінін бердім).
Сол жерде жүргендерді жинап алып өлеңімді оқып бердім. Бар даусыммен шабыттанып оқыдым. Жұрт жым-жырт. Өлең аяқталғанда барып бәрі ду қол шапалақтады. Қарасам жеңешемнің екі көзі бірдей ашылып, қос жанары жайнап тұр екен, ағам да мәз. Бағанағы реніштен ештеңе қалмапты...
«Келін» деген жырымды термелеп жүрген Аязбектің де басынан менікіне ұқсас оқиға өтіпті. Оның да немере ағасының үлкен ұлы үйленіп, алғаш қайнаға атанады. Ағасы: «Ал енді өзің тойды басқар. Қайнаға атандың. «Қайнағалық» мәртебеге жеткізген келініңе жақсы жыр арна» деп қолқа салады. Қайнағалыққа байланысты терме іздейді.
Талай үнтаспаны тыңдап, талай кітаптарды ақтарады. Қайнаға мен келінге бірдей қатысты өлеңді таппайды. «Ертең той деген күні немере ағамның машинасынан біраз үнтаста табылды. Термені ұнататын, тыңдап жүретін. Шетінен тыңдай бастадым. Мына кереметті қараңызшы, дәл осы терме жазылған таспа табыла кетті. Қуанышымда шек болған жоқ. Бар тірлікті қойып жаттауға кірістім... Тойда орындап аға-жеңгемнің, тойға келгендердің алғысын алдым. Сол кезден бастап айтып жүрмін...», – дейді Аязбек жыршы өткенді есіне түсіріп. Ол демалушылар алдында «Келінді» домбырамен орындап берді.
Тұмса табиғатқа бай, мақтан тұтар байлығымыздың қорық ретінде құрылуына халқымыздың біртуар азаматы Тұрар Рысқұлов мұрындық болды. Оның қажыр-қайратының арқасында өткен ғасырдың 20-жылдары Қазақстанда тұңғыш қорық ашылды. Бүгінде ол ЮНЕСКО дүниежүзілік қорықтар тізіміне енген. Ақсу-Жабағылы – сирек кездесетін, тек осы аймаққа тән өсімдіктер мен жануарлардың отаны. Онда өсетін 200-ден астам емдік қасиеті бар өсімдіктің арасындағы жауһары – Грэйг қызғалдағы. Шипажай тарихына қаныға түсу үшін осында демалып жүрген қарт қаламгер Алтынай қажы Таубайқызын әңгімеге тарттым.
– Бұрын осында шағын профилактория болатын, атауы жоқ еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тасмағамбетова ханым бұл жерді оңалту-сауықтыру орталығына айналдырды. Кейін оңалту орталығының бас дәрігері Көпжасар Бекбауов сатып алып, «Ақсу-Жабағылы» деп ресми атады. Кешеннің ашылу салтанатына жазушы-журналист осы өңірдің тумасы Шерхан Мұртаза қатысып, сөз сөйледі.Көрнекті қаламгер ойын былаша қорытты:
«Бұл киелі жер, екі республиканың ортасы, екі халық достығының белгісі, мұнда келген адам шаршап келсе, дем алады, әбіржіп келсе, оңалады, ауырып келсе, ем алады, қартайып келсе жасарады, ескіріп келсе, жаңарады, кедей болып келсе, бай болады...».
Осылайша қаламгер әрі қажы апа шипажай тарихын байыппен айтып берді...
РS: «Келін» туралы өлеңім талай тойларда алдымнан шықты. Алматыда 4-5 үйлену тойында ұшырасты. Өзбекстанда тұратын бір қазақ термешісінің теледидардан айтып отырғанын естігенім бар.
«Үйлену тойын «Келін» өлеңімен бастайтынбыз» дегенді шиелілік асабалардан үнемі естіп келемін. 40 жылдан астам уақыттан бері термешілердің аузынан түспей келеді...
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі