Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰРМЕТ ҚАШАН ЖАРЫСҚА АЙНАЛДЫ?

ҚҰРМЕТ ҚАШАН ЖАРЫСҚА АЙНАЛДЫ?

1 қыркүйек – күнтізбедегі қарапайым дата емес. Анығында, бір бала үшін балалық шақтың жаңа белесі басталатын, ата-ана үшін үміттің есігі ашылатын, ал ұстаз үшін тағы бір шәкірттің тағдырына жауапкершілік жүктелетін күн. Бірақ соңғы жылдары осы айтулы күннің мағынасына көлеңке түсіріп жүрген бір мәселе бар. Ол – ұстазға көрсетілетін құрметтің сыйлық пен гүлдің көлеміне, бағасына, тіпті өзгелерден қалмауға деген әлеуметтік қысымға айналып бара жатқаны. Шын мәнінде, біз бүгін гүл туралы емес, қоғамдағы құрметтің өлшемі туралы айтамыз.

Бүгін қыркүйектің алғашқы күні. Мектеп ауласы у-шу. Бір жерде ата-анасы баласының жағасын түзеп әлек. Бір жерде бірінші сынып оқушысы қолындағы гүлін қыса ұстап, бейтаныс ортаға алаңдай қарайды. Екінші бір тұста жоғары сынып оқушылары жаз бойы көрмеген достарымен қауышып жатыр. Бұл көріністің өзінде қаншама сезім бар. Толқу. Қуаныш. Үміт. Қоштасу. Жаңа бастау. Мектеп – баланың өміріндегі ең маңызды кеңістіктердің бірі. Ол жерде бала тек оқуды үйренбейді. Тиісінше адамдармен қарымқатынас жасауды, үлкенді сыйлауды, өзгенің пікірін құрмет тұтуды, жауапкершілікті, еңбекті, адалдықты үйренеді. Сондықтан мектептегі әрбір әрекет, әрбір дәстүрдің өзі тәрбиелік мәнге ие. Олай болса, біз 1 қыркүйекте балаға қандай сабақ беріп жатырмыз? «Білім ал, ізден, арманда» дейміз бе? Әлде байқамай «өзгелерден кем қалма, қымбаттырақ сыйлық сыйла, көбірек көрсет» деген сигнал беріп жүрміз бе? Мәселенің салмағы – осында. Мәселенің түп-тамыры тереңде жатыр. Осыған дейін өткен «Соңғы қоңырау» салтанатында мектеп түлектері арасында орын алған шамадан тыс даңғазалық, жүздеген гүлден құралған алып композициялар мен қымбат сыйлықтарды бәсекеге айналдыру үрдісі қоғамда резонанс тудырған еді. «Кімнің гүлі қымбат?» деген жасырын жарыс көптеген отбасыға моральдық әрі қаржылық салмақ салып, кей ата-аналардың тіпті қарыз бен бөліп төлеуге гүл алуға мәжбүр болғаны ащы да болса шындық. Бұл жағдай депутаттар деңгейінде де көтеріліп, тәрбиелік құндылықтардың орнын сыртқы жылтырақ басып бара жатқаны туралы дабыл қағылды. Осы мәселені шешу мақсатында Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жасалған бастапқы мәлімдемелер ел арасында түрлі түсініспеушілік туғызды. Әсіресе, Білім күніне санаулы күн қалғанда айтылған шектеулер әлеуметтік желіде қызу талқыланып, ата-аналар мен гүл бизнесі өкілдерінің наразылығын оятты. Бұл гүл сататын кәсіпкерлер үшін де, баласына мерекелік көңіл-күй сыйлағысы келген ата-ана үшін де бұл күтпеген шешім болды. Кейіннен ведомство жағдайды нақтылап, гүл сыйлауға толық тыйым салынбайтынын, ең бастысы – бұл процестің міндеттеуге немесе жаппай ақша жинауға ұласпауы тиіс екенін жеткізді. Тап осы жағдай бізге маңызды бір сауалды көлденең тартады: «Біз мұғалімге деген құрметті қалай өлшейміз?». Ұстазға деген шынайы сүйіспеншілік пен алғыс ешқашан гүл шоғының көлемімен немесе оның бағасымен өлшенбек емес. Өз қолымен шағын ашықхат жасап, ішкі тебіренісін жылы лебізбен жеткізген баланың ықыласы кез келген қымбат композициядан қымбат. Мектеп қабырғасында салтанатты күн ақша жинаудың, бәсекелестіктің емес, қарапайымдылық пен ізгіліктің үлгісіне айналуы тиіс. Жаңа оқу жылының басты мәні – баланың жүрегіне білімге деген сүйіспеншілік пен ұстазды сыйлау мәдениетін ұялату. Ал гүл сыйлау – әр отбасының өз ырқымен жасалатын, жүрек қалауынан туындайтын кішігірім ілтипат қана. Сондықтан мектептегі мерекені артық даңғазадан арылтып, оны шынайы қуаныш пен жылылыққа толтыру – бүкіл қоғам болып қалыптастыратын мәдениет.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ

01 қыркүйек 2026 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№66 (9433).

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 (9432)

29 тамыз 2026 ж.

№64 (9431)

25 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930