ТАЗАЛЫҚ – ӨРКЕНИЕТТІ ҚОҒАМ АЙНАСЫ
Көктем мезгілінен басталған көркейту-көгалдандыру жұмыстары Шиелі ауданында қарқынды жүзеге асып, күні бүгінге дейін жалғасуда. Әр күн сайын тұрғындар өз ауласын, сенбіде мекеме ұжымдары жаппай тазалық жұмыстарын жүргізіп, өңірдің көркеюіне бір кісідей атсалысуда. Аудан ажары артып, кент келбетінің көріктеніп келе жатқаны көз алдымызда. Біз мұны редакциямыздан басылып шыққан әр газеттің санында тайға таңба басқандай етіп жазудамыз. Осылайша, атқарылып жатқан толымды тірлікті тарих беттеріне енгізіп, бұқара халыққа жеткізіп, оң бағасын алып келеміз.Дана халқымыз адам өмірінің ең үлкен байлығы – денсаулық дейді, ал денсаулықтың негізі – тазалық. Сол себептен, тазалық тек сыртқы көрініс емес, адамның рухани байлығының, мәдениеті мен адамгершілігінің өлшемі болып саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс бергеннен кейінгі брифингте тазалықты көше мен ауланың тазалығымен қоса, ой-сана және жан дүние тазалығы деп түсіну керегін айтып, бұл бастаманың тағылымы мол, мән-мазмұны айрықша екенін жеткізді. Иә, расымен де тазалық – мән-мағынасы өте терең, киелі ұғым. Қазақ халқы ежелден тазалықты тек сыртқы ұқыптылық деп қана емес, адамның ішкі дүниесінің айнасы деп түсінген. «Тазалық – иманның жартысы» деген нақыл сөздің өзі бұл ұғымның рухани маңызын айқындайды. Таза болу дегеніміз – ойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау. Өткен сенбі ауданда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тазалық акциясы аясында аудан орталығы мен барлық ауылдық округтердің тұрғындары, дербес бөлім қызметкерлері, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің ұжымдары, жастар ұйымдары мен еріктілер белсенді қатысуымен ауқымды жұмыс атқарылды. Олар көшелер мен қоғамдық орындарды тазарту, арам шөптерді ору, ағаштардың түптері әктеу, әлеуметтік және мәдени нысандардың аумақтарында әрлеусырлау жұмыстарын жүргізіп, аудан келбетін жақсартуға үн қосты. Қазақ елін алып бәйтерекке теңесек, оның өсіп-өніп өркендеуі, жасыл желекке бөленуіне үлес қосқандар сол бәйтеректің мәуелі бұтақтары іспетті. Әркім өз әлінше мәуелі бәйтеректің жайқалып, айналаға ерекше әсер сыйлауы үшін жағдай жасауда. «Бүлдіру – оңай, бүтіндеу – қиын» демекші, ендігі кезекте осы атқарылған жұмыстардың зая кетпеуін назарда ұстауымыз қажет. Себебі қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың парызы. Табиғатты ластамау, қоқысты бей-берекет тастамау, туған жерді аялау – мәдениеттіліктің белгісі, өркениетті қоғамның айнасы. Асылында, адамзат табиғатпен және ондағы барлық тіршілікпен байланысты. Бұл – табиғат пен оның перзенті арасындағы тепе-теңдік болса керек. Ендеше, дәл осындай қоғамды бірлік пен тазалыққа үндейтін игі бастамалар әрі қарай жалғасын таба берсін демекпіз. Тұғыры биік туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қарап, одан әрі гүлдене түсуіне баршамыз атсалысайық.
М.ИБРАГИМОВ







