КЕНТТІҢ КӨРКІ – ТАЗАЛЫҚТА
«Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» дейді дана халқымыз. Шиелі ауданының өркендеуі мен тыныс-тіршілігінің алғы шебінде осындай ұлағатты сөздің мәні жатыр. Күн санап жасарып, жасампаздықтың даңғыл жолына түскен ауданның ажары артқан сайын, оның артында тұрған азаматтардың ерен еңбегі, білікті мамандардың тер төгуі анық көрініс табады.Аудан ажары артып, кент келбетінің көріктеніп келе жатқаны көз алдымызда. Біз мұны редакциямыздан басылып шыққан әр газеттің санында тайға таңба басқандай етіп жазудамыз. Осылайша, атқарылып жатқан толымды тірлікті тарих беттеріне енгізіп, бұқара халыққа жеткізіп, оң бағасын алып келеміз.
Қазіргі кент келбетін осыдан 10 жыл бұрынғымен салыстыра алмайсыз. Себебі жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, негізгі көшелер, көпқабатты тұрғын үйлер жөнделіп, түнгі жарық шамдар жаңарып, кент көркі көз тартады. Кәсіпкерлік нысандар саны көбейіп, олар кенттің дәулетіне сәулет қосуда. Бұл – аудан имеджін қалыптастыруда оң ықпал етеді. Қоршаған ортаның таза әрі әдемі болуы ең алдымен өзімізге жақсы және сырттан келген қонақтарға да жағымды әсер сыйламақ.
Дана халқымыз адам өмірінің ең үлкен байлығы – денсаулық дейді, ал денсаулықтың негізі – тазалық. Сол себептен, тазалық тек сыртқы көрініс емес, адамның рухани байлығының, мәдениеті мен адамгершілігінің өлшемі болып саналады. «Тазалық табалдырықтан басталады» дегендей, Шиелі кентінде тазалыққа деген ерекше көңіл бөлініп келеді. Кент әкімдігінің тұрақты бақылауымен атқарылған жүйелі жұмыстар нәтижесінде орталық көшелерден бастап қоғамдық орындарға дейінгі кеңістік әр күн сайын әсемделіп, абаттандырылып отыр.Экологиялық сананы көтеру мақсатында қолға алынған әрбір қадам – тек бүгінгі күннің игілігі емес, ертеңгі ұрпаққа қалатын қымбат мұра. Осыған орай, кент орталығынан бастау алған тазалық шараларына барлық ауылдық округтер де белсенді қатысып, өз үлесін қосуда.
Былтыр «Шиелі кенті әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Шиелі тазалығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны құрылған. Қазіргі таңда мекеменің теңгерімінде 15 дана арнайы техникалар бар. Барлығы дерлік кенттің таза болуы үшін нақты істер атқарып жатыр.
Кент әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, биыл кенттің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 160 млн теңге қаржы қаралып, бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Өткен жылы санитарлық тазалық жұмыстарымен айналысушы мердігер мекеме «Формула Безопасности Астана» ЖШС-да барлығы 60-қа жуық адам кенттің көркейіп, көгалдана түсуіне атсалысқан.
Осылайша тазалық пен жазсампаздықты ту еткен аудан Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Үлгілі елді мекен» байқауында Шиелі кенті 2 жыл қатарынан үздік атанды. Нәтижесінде, аудан тазалығына қатысатын техникалар саны артып, 15 жаңа техникамен толықты.
Табиғаттың тылсым құбылысының салдарынан орын алған мәселелер кент әкімінің қатаң бақылауына алынып, көше бойында жиналған қар үйінділері мен суларды тарту, тазалау жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізілуде. Арнайы техникалар алдымен әлеуметтік нысандар орналасқан көшелер, жаяу жүргіншілер жолы, аялдамалар маңын тазартуда. Қар тазалау жұмыстарын коммуналдық мекемелердің арнайы 14 техникасы мен жұмысшы топтары жұмылдырылып, тұрғындардардың қауіпсіздігі басты назарға алынған. Сәйкесінше, кент жұршылығы да алғаусыз алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын жеткізуде.
Бүгінгі күні Шиелі кенті – тек таза және көрікті ғана емес, қоғамдық мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің айнасы. Мұнда әрбір бұрыш, әрбір көшенің тазалығы тұрғындардың және әкімдіктің ұқыпты еңбегін көрсетеді. Алдағы уақытта да кент әкімдігі мен жергілікті халық бірлесіп, жасампаздықты, абаттандыруды және экологиялық тәртіпті одан әрі нығайта түсетіні анық. Шиелі кентінің тазалығы – бұл біздің бүгінгі ұрпаққа деген сыйымыз, ертеңгі ұрпаққа қалатын мәңгілік мұра.
Газеттің бұл санында кент әкімдігінің бір ғана тірлігін баян еттік. Алдағы күндері халық игілі үшін жасалынып жатқан нақты істер мен айтулы нәтижелерге кеңінен тоқталатын боламыз.
М.ИБРАГИМ







