БІЛІМ ДӘНІ БҮГІН ЕГІЛЕР, ЖЕМІСІ КЕЛЕШЕК КӨРІНЕР
Жаңа оқу жылына санаулы күн қалды. Мектептерде соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Биыл ауданда шамамен 1719 балғын алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім әлеміне қадам басады. Ал оларды қарсы алатын білім ордалары жаңа оқу жылын жаңарған талаптармен бастамақ. Бағалау жүйесі өзгереді, оқушылардың құқықтық және жеке қауіпсіздік сауатын арттыруға бағытталған міндетті курстар енгізіліп, жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне кіріктіруге басымдық берілмек. Мұның барлығының түпкі мақсаты бір – балаға сапалы білім беріп, оны уақыт талабына сай өмірге даярлау.Жаздың жаймашуақ күндері де сырғып өтіп барады. Ауладағы баланың күлкісі бірте-бірте мектеп қоңырауының үніне ұласпақ. Ұстаздар қауымы сыныптарын әзірлеп, оқу құралдарын түгендеп, жаңа оқу жылына дайындық үстінде. Ал ата-аналар баласының мектеп формасын, оқу құралдарын қамдап, қыркүйектің алғашқы күнін асыға күтуде. Әсіресе биыл алғаш рет мектеп есігін ашатын бүлдіршіндердің толқуы бөлек. Сондықтан жаңа оқу жылының басталуы – күнтізбедегі кезекті оқу кезеңінің басталуы ғана емес, білім беру жүйесінің өзіне де жаңа міндеттер жүктейтін жауапты шақ. Қазіргі таңда еліміздегі білім беру саласында бірқатар маңызды өзгеріс жүзеге асырылуда. Оның негізгі өзегінде – баланың сапалы білім алуына жағдай жасау, оқу жүктемесін оңтайландыру, оқушының ойлау қабілетін дамыту, құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру, ең бастысы, заман талабына бейім, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру мақсаты тұр.
БАҒА ҮШІН ЕМЕС, БІЛІМ ҮШІН ОҚУ
Мектептегі оқу үдерісінің ең маңызды тетіктерінің бірі – бағалау. Өйткені баға баланың білім деңгейін ғана көрсетіп қоймай, оның өз күшіне деген сеніміне, сабаққа деген қызығушылығына да әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда жаңа оқу жылында бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне енгізілетін өзгерістердің мәні ерекше. Жаңартылған тәсілге сәйкес, 2-4-сынып оқушылары үшін бұдан былай аралық бақылауға басымдық берілмек. ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бастауыш буында баланың ой-өрісін дамытуға, білімді жаттап алудан гөрі оны түсініп, талдап, қолдана білуіне көбірек көңіл бөлінеді. Осы мақсатта диктант, бақылау жұмысы, шығарма, мазмұндама секілді дәстүрлі тапсырмалар қайта енгізілмек. Бұл жерде мәселе бұрынғы әдіске жай ғана қайта оралуда емес. Керісінше, баланың сауатты жазуы, ойын жүйелі жеткізуі, мәтінді түсініп оқуы, өз пікірін қалыптастырып, оны қағаз бетіне түсіре алуы сияқты іргелі дағдыларды қайта күшейту қажеттілігі байқалады. Бұған дейін оқушылардың оқу жетістіктері формативтік және жиынтық бағалау арқылы сараланып келгені белгілі. Енді формативтік бағалау сақталғанымен, оның тоқсандық қорытынды бағадағы үлесі арттырылады. Яғни баланың тек бақылау жұмысында көрсеткен нәтижесі емес, күнделікті сабақтағы белсенділігі, тапсырмаларды орындауы, оқу барысындағы ілгерілеуі де маңызды өлшемге айналады. Әр баланың қабілеті әртүрлі. Бір оқушы ойын ауызша жақсы жеткізгенімен, жазба жұмысында қиналуы мүмкін. Екіншісі есепті тез шығарғанымен, өз ойын еркін айтуға уақыт қажет етеді. Үшіншісі тапсырманы бірден орындамай, бірақ бірнеше қайталаудан кейін жақсы нәтижеге қол жеткізуі ықтимал. Сондықтан оқушының білімін бағалау барысында оның күнделікті еңбегін, талпынысын және жеке ілгерілеуін ескеру – әділ бағалаудың маңызды шарты. Жаңартылған тәртіп бойынша тоқсан соңында бөлек тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) өткізілмейді. Оның орнына білім нәтижелері аралық бағалау арқылы айқындалмақ. Мұның мұғалім үшін де, оқушы үшін де белгілі бір жеңілдік алып келетіні сөзсіз. Бағалау жұмыстарының саны қысқарып, ұстаздардың жеке жиынтық тапсырмаларды әзірлеуге және тексеруге жұмсайтын уақыты азаяды. Ал бұл уақытты мұғалім сабақтың сапасын арттыруға, оқушымен жеке жұмыс жүргізуге, шығармашылық ізденіске бағыттай алады.
ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫ ҰРПАҚ
Жаңа оқу жылындағы тағы бір маңызды бағыт – оқушылардың құқықтық сауатын арттыру. Жаңа Конституцияға сәйкес оқу бағдарламалары мен оқу жоспарлары қайта қаралып, жалпы орта білім беру мазмұнына бірқатар міндетті оқу курстары енгізілмек. Атап айтқанда, 5-7-сынып оқушыларына «Конституция негіздері», 8-11-сыныптарға «Заң және тәртіп», ал 5-11-сынып оқушыларына «Жеке қауіпсіздік» курстары міндетті түрде оқытылады деп жоспарлануда. Осы пәндердің мәнін тек оқу бағдарламасына қосылған жаңа атаулар ретінде қарастыру жеткіліксіз. Қазіргі қоғамда құқықтық сауаттылық пен жеке қауіпсіздік мәселесі күн өткен сайын өзекті болып келеді. Бала өз құқығын білсе, міндетін де түсінеді. Заңды құрметтеу отбасынан басталғанымен, оның жүйелі негізі мектеп қабырғасында қаланады. Қоғамдағы тәртіп пен жауапкершіліктің мәнін ерте түсінген ұрпақ ертең ел алдындағы міндетін де терең сезінеді. Сол себепті мектепте «Заң және тәртіп» қағидатын түсіндіру – тек құқықтық білім беру емес, азаматтық мәдениетті қалыптастырудың бір жолы. Ал «Жеке қауіпсіздік» курсының енгізілуі қазіргі заман шындығымен тікелей сабақтас. Баланың көшедегі, қоғамдық ортадағы, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігіне қатысты білім мен дағдының маңызы артып келеді. Ақпараттық технология дамыған сайын қауіптің сипаты да өзгеруде. Демек, балаға қауіптен сақтанудың жолын, дұрыс шешім қабылдаудың тетігін үйрету – бүгінгі мектептің маңызды міндеттерінің бірі. Сонымен бірге осы уақытқа дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсының барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналуы да құқықтық білімнің маңызын арттыра түспек. Курстың мазмұны жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілетіні айтылды. Аталған өзгерістердің түпкі мақсаты – заңды тек жазалау құралы ретінде емес, қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттіліктің негізі ретінде түсінетін азамат қалыптастыру. ЖИ: ЖАҢА ДӘУІРДІҢ КӨКЖИЕГІ
Бүгінгі заманның басты ерекшеліктерінің бірі – технологияның адам өміріне жылдам енуі. Бірнеше жыл бұрын ғана қиял-ғажайып дүниедей көрінген жасанды интеллект бүгінде күнделікті тіршіліктің көптеген саласына дендеп кірді. Білім беру жүйесі де бұл өзгерістен тыс қала алмайды. Сол себепті жаңа оқу жылындағы маңызды бағыттардың бірі – білім беру саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу. Қ Р О қ у - а ғ а р т у м и н и с т р і Ж ұ л д ы з Сүлейменованың мәліметінше, осы бағытта тиісті жұмыстар қолға алынған. «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атауы өзгертіліп, еліміздің орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған шаралар кешені әзірленуде. Қазақстан Президентінің орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы Жарлығы да осы бағыттағы жұмыстың жүйелі сипат ала бастағанын көрсетеді. Оны іске асыру үшін 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленген. Басты мәселе – баланы технологияны пайдаланушы ғана емес, оның мүмкіндігі мен жауапкершілігін түсінетін сауатты тұлға ретінде қалыптастыру. Жасанды интеллект білім беру саласында мұғалімді алмастыратын құрал ретінде емес, оқу мүмкіндіктерін кеңейтетін технология ретінде қарастырылуы қажет. Ол оқушының білімге қолжетімділігін арттыруға, мұғалімнің уақытын тиімді пайдалануға, оқу материалдарын бейімдеуге мүмкіндік бере алады. Бірақ технология қанша дамыса да, адамдық тәрбие, ұстаздың бағыт-бағдары мен тірі қарымқатынастың орнын толық баса алмайды. Жасанды интеллектіні білімге енгізу бағытындағы ең маңызды бастамалардың бірі – Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте іске қосылуы жоспарланған пилоттық жоба. Осы бастаманың негізгі мақсаты – жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту. Әрине бір ғана технология ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын бір күнде жойып жібермейді. Ол үшін интернет сапасы, материалдық база, мұғалімнің біліктілігі, әдістемелік қолдау және білім беру ресурстары қатар дамуы қажет. Дегенмен пилоттық жобалардың басталуы – осы бағытта нақты қадам жасалып жатқанын аңғартады. Жаңа оқу жылында енгізілетін өзгерістердің сыртқы сипаты әртүрлі болғанымен, олардың ортақ мақсаты бір арнаға тоғысады. Ол – баланың сапалы білім алуына жағдай жасау. Бағалау жүйесін жеңілдету арқылы оқушыға түсетін қысымды азайту көзделеді. Құқықтық және қауіпсіздік курстары арқылы оның азаматтық сауаты мен өмірлік дағдыларын күшейту мақсаты бар. Ал жасанды интеллектіні енгізу арқылы білім беру жүйесін уақыт талабына бейімдеу міндеті тұр. Қыркүйектің алғашқы күнінде мыңдаған бала мектеп есігін ашқанда, олардың алдында жаңа оқу жылы ғана емес, жаңа мүмкіндіктер әлемі ашылады. Бірі алғаш рет әріп таныса, енді бірі ғылымның жаңа сырын ұғуға ұмтылады. Олардың әр қадамы нық, әр арманы асқақ, әр мүмкіндігі кең болғай. Білімді ұрпақ – елдің ертеңі. Ал сол ертеңге апарар жол бүгінгі мектептен басталады.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ








