Жарқын болашақтың бастауы
Әні-міне дегенше, жаздың жайдары күндері де тарих қойнауына еніп барады. Күннің қызуы қайтып, таңғы самал салқындай бастаған шақта мектеп ауласы қайтадан бала күлкісіне, алғашқы қоңырау үніне дайындалуда. Алда – жаңа оқу жылы. Бұл – ұстаз үшін жауапкершілік, оқушы үшін жаңа белес, ата-ана үшін үлкен үміт пен толғаныс кезеңі.Жаңа оқу жылы – білім мен тәрбиенің жаңа мазмұнына жол ашатын, ұлт болашағын айқындайтын маңызды кезең. Биылғы оқу жылы да білім беру жүйесіндегі ауқымды өзгерістерімен, тың бастамаларымен және жаңа мүмкіндіктерімен ерекшеленбек. Мемлекет білім сапасын арттыруға, жас ұрпақтың заман талабына сай бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына бағытталған жүйелі реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруда. Осы бағыттағы жұмыстар Шиелі ауданында да жалғасын тауып отыр. Жаңа оқу жылында аудан мектептерінің бірінші сыныптарына 1719 бүлдіршінді қабылдау жоспарланса, бүгінгі күні олардың 90 пайызының құжаттары қабылданған.
Бастауыш білімнің берік іргетасы – сауатты оқу мен көркем жазу. Осы мақсатта жаңа оқу жылындағы ерекшеліктің бірі – «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндеріне бөлінетін сағат саны ұлғайтылып, оқушылардың оқу және жазу дағдыларын қалыптастыруға қосымша мүмкіндік берілмек. Сонымен қатар функционалдық сауаттылықты дамыту, құндылықтарға негізделген тәрбие, инклюзивті білім беру және заманауи құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған жаңартылған Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты кезең-кезеңімен енгізіле бастайды.
Одан бөлек барлық орта білім беру ұйымдарында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру жалғасады. Бағдарлама жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды, азаматтық жауапкершілікті, Отанға деген сүйіспеншілікті, заңға құрмет пен адалдық қасиеттерін сіңіруді мақсат етеді.
Қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыру да бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осыған байланысты жаңа оқу жылынан бастап 5-7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11 сыныптарда «Заң және тәртіп», ал 5-11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті курстары енгізіледі. Сондай-ақ «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарына сәйкес жаңартылып, оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға басымдық беріледі.
Бүгінде жасанды интеллект адамзат өркениетінің даму бағытын айқындап отырған маңызды құралға айналды. Сол себепті биылдан бастап барлық сынып оқушысы жас ерекшеліктеріне сай жасанды интеллект негіздерімен танысады. Оған қоса орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі кешенді жоспар жүзеге асырыла бастайды. Пилоттық мектептерде оқыту үдерісін дараландыру, оқу жетістіктерін автоматтандырылған түрде талдау және әрбір білім алушыға жеке қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи AI-шешімдер сынақтан өткізіледі. Бұл бастаманың қатарында аудандық білім бөліміне қарасты №84 негізгі орта мектебі де бар.
Әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету де назардан тыс қалмайды. Жаңа оқу жылы қарсаңында жылдағы дәстүр бойынша әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан шамамен 3600 оқушыға біржолғы қаржылай көмек көрсетіледі.
Ұлттың қуаты – оның білімінде. Бүгінгі мектеп партасында отырған оқушы – ертең ғылымды дамытатын ғалым, өндірісті өркендететін инженер, елге қызмет ететін дәрігер, ұстаз, кәсіпкер, мемлекет қайраткері. Сондықтан жаңа оқу жылымен бірге басталатын әрбір игі өзгеріс – Қазақстанның жарқын болашағына бағытталған нық қадам.
Жаңа оқу жылы барша шәкірттерге – талап, ұстаздарға – шабыт, ата-аналарға – сенім сыйласын! Өйткені сапалы білім мен саналы тәрбие тоғысқан жерде ғана өркениетті қоғам қалыптасады. Ал сол қоғамды құратын бүгінгі оқушылардың жарқын болашағы – баршамыздың ортақ мақсатымыз.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ







