Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҮЗДІККЕ БАСТАР – БАСТАУЫШ

ҮЗДІККЕ БАСТАР – БАСТАУЫШ

Ел болашағы – білімді ұрпақ тәрбиелеумен өлшенеді. Ал сол ұрпақтың алғашқы білім баспалдағы бастауыш сыныптан басталады. Сондықтан бастауыш білім – тұлға қалыптастырудың ең маңызды кезеңдерінің бірі.
Тарихы терең, тағылымы мол білім ордаларының бірі – А.С.Пушкин атындағы №46 мектеп-лицейі. Білім шаңырағының іргетасы 1950 жылы қаланып, бірнеше тарихи кезеңдерден өтті. 1992-1994 жылдары аралығында орыс-қазақ мектебі болып жұмыс істеп, 1994 жылдан бастап қазақ мектебіне айналды. Ал 2011 жылдан бастап мектеп-лицей мәртебесін иеленіп, бүгінгі таңда аудан көлеміндегі беделді білім ордаларының біріне айналды.
Осы білім ордасындағы бастауыш бірлестік – шәкірттің алғашқы қадамын қалыптастырып, сапалы білім беріп келе жатқан шығармашыл ұжым.
Бүгінде бастауыш сыныптарда 50 мұғалім еңбек етуде. 25 сынып-комплектісінде 558 оқушы білім алуда. Ұжымның басты мақсаты – заман талабына сай бәсекеге қабілетті, білімді, шығармашыл, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жеке тұлға тәрбиелеу.
Бастауыш сыныптарда білім сапасын арттыру, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту, ғылыми ізденіске баулу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде 2025-2026 оқу жылы бастауыш бірлестік үшін жетістікке толы жыл болды.
Жыл қорытындысы бойынша білім сапасы 72 пайызды, үлгерім көрсеткіші 100 пайызды құрады. Сонымен қатар ­бастауыш сыныптар арасынан 157 оқушы «Үздік оқушы» атанып, арнайы марапатталды.
Шәкірттер аудандық, облыстық білім додаларында, ғылыми жобалар мен түрлі олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп, мектеп мерейін үстем етті.
Атап айтқанда, «Зерде» ғылыми жобалар конкурсы, «Алтын сақа» математикалық олимпиадасы, «Зерделі ұрпақ» білім ­сайысы, «Математикалық регата», «Алтын тұғыр» олимпиадаларында бастауыш сынып оқушылары мен жетекші ұстаздары жүлделі орындарға ие болды.
Бұл жетістіктер – ұстаздардың қажырлы еңбегі мен шәкірттердің талпынысының жемісі.
Қазіргі таңда мектеп-лицей директоры Ғабит Жұматайұлы білім сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Ал бастауыш сыныптардың жұмысын ­бастауыш оқу ісі орынбасары Индира Дүйсенбайқызы үйлестіруде.
Жыл бойғы жетістіктерді қорытындылау мақсатында мектеп-лицейде «Жетістіктер шеруі – 2026» және «Үздіктер шеруі – 2026» атты салтанатты кеш ұйымдастырылды.
Мерекелік шара барысында білім мен ғылымда, өнер мен шығармашылықта, түрлі олимпиадалар мен байқауларда топ жарған шәкірттер мен жетекші ұстаздар марапатталды. Сонымен қатар әр сыныптың үздік оқушылары сахна төріне көтеріліп, зор қошеметке бөленді.
Кеш барысында өнерлі оқушылар ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әрбір марапат – шәкірт жүрегіне сенім ұялатып, жаңа белестерге жетелейтін үлкен мотивация болды.
Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына салынған инвестиция. Бүгінгі бастауыш сынып оқушылары – ертеңгі ел тірегі.

«Өскен өңір» ақпарат
26 мамыр 2026 ж. 16 0