Шәкірттерін шыңға шығарған шаңырақ
Қазіргі таңда білім мен ғылымның қарыштап дамуы көз ілестірмей келе жатқан аса ауқымды процесс болып отыр. Білім дамуының өзгерістері болашақ ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуына бағытталған. Өзге елдермен иық тіресе алатын, бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін білімнің іргесін берік қалау керек. Бұл ретте өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан білімнің қасиетті қара шаңырағы №46 А.Пушкин атындағы мектеп-лицейін айта кету керек.
Тарихы әріден бастау алатын білім ордасы – халықтың сан ғасырлар бойы жинаған мәдениетін келешек ұрпаққа жеткізетін ұлттық тәлім-тәрбие ошағы. Аталған мектептің іргесі 1950 жылдың қазан айында қаланған болатын. Бұл жылдары бұрынғы Крупская қазіргі Кәрімбаев көшесіндегі бұрынғы музыкалық мектеп ғимаратында 10 сыныптық бөлмеде оқыды. Ал, бүгінгі 640 орындық ғимарат 1970 жылы пайдалануға берілген еді. Содан бері сан мыңдаған шәкірттің арманына қанат бітіріп, Шиелі ауданының өсіп-өркендеуі жолында білімді ұрпақ тәрбиелеу ісін алға қойып келеді.
«Мектепті – кемеге, білімді – теңізге» балаған қазақ халқы ежелден білім ошақтарына ерекше құрметпен қараған. Мынау өмірде білім нәрімен сусындатқан ұстазын ұлықтап, он бір жыл құшағында жүрген мектебін естен шығармаған. Себебі, мектеп – асыл да асқақ арманның ордасы. Білімнің негізі қаланатын құтты мекен. Қайда жүрсе де, қандай маман иесі болса да мектебін жанынан да, жадынан да шығару мүмкін емес. Өйткені, онда алаңсыз балалық шақ қалады. 70 жылдық тарихы бар №46 А.Пушкин атындағы мектеп-лицейінен бүгінге дейін талай шәкірт тәлім алып, үлкен өмірдің жолдамасына қол жеткізді. Қазақстанның сан түрлі саласында тынбай еңбек етіп жүргендері де жетерлік. Атап айтар болсақ, «Болашақ» степендиясының иегері, Қостанай облысы ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Е.Абдукаримов, «Үздік прокурор» медалінің иегері Б.Шәукебаев, «Айбын» орденінің иесі М.Өмірбеков, «Қазақстан Республикасы ағарту саласының үздігі» Н.Палымбет, «Озат кәсіпкер» Ә.Шорабаев, дәрігер Қ.Шәукебаев, М.Күлімбет сынды сан түрлі маман иелері шықты. Бұл әрине, мектептің мерейі, ұстаздың мәртебесі.
Аталған оқу ордасы алғашқы жылдары орыс мектебі болса, 1992-1993 жылдары орыс-қазақ мектебі болып өзгерді. Араға 1 жыл салып, 1994 жылы толықтай қазақ мектебіне айналды. Ал, 2011 жылы №46 А.Пушкин атындағы мектепке аудан әкімінің өкімімен мектеп-лицей статусы берілген болатын. Мектептің ең алғашқы директоры 1950-1957 жылдары Александр Цой болса, 1957-1973 жылдары Константин Дигай, 1973-1976 жылдары Ким Михаил, 1977-1989 жылдары Николай Югай, 1990-1993 жылдары Николай Ким, 1993-1994 жылдары Гүлхадиша Нысанбаева, 1995-1999 жылдары Ұлтай Сейілова, 1999-2003 жылдары Әбілда Нақыпов, 2003-2004 жылдары Ұлғанша Найманбаева, 2004-2011 жылдары Болат Сыздықов, 2011-2013 жылдары Дәурен Ахбенбетов, 2013-2018 жылдары Мұрат Тұрабаев басшылық жасады. Білікті директорлардың ізін жалғап, 2018 жылдан бері Айжан Каракеева мектептің мақсат-мүддесі үшін жұмыс істеп келеді.
Ғасырға жуық тарихы бар мектептің бүгіні мен ертеңіне шолу жасасаңыз түрлі кезеңдерден өтіп, көптеген жетістіктерге қол жеткізгенін аңғаруға болады. Бүгінгі күні 200 мұғалім білім беретін киелі шаңырақ 70 жасын ескерусіз қалдырмады. Білім ошағының заман талабына сай білім беру үрдісін көрсету мақсатында көрме жұмыстары ұйымдастырылуда. Мәселен, физика, математика, информатика фойесі ашылды. Онда физика, математика, информатика және химия, биология пәндері бойынша аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиада, ғылыми жоба бойынша жеткен жетістіктері орналастырылған. Тәуелсіз Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мектептің сол қапталы осы бағытта, Kundelik.kz, Bilim Land, Ұлттық білім беру деректер қорымен жабдықталған. Одан әрі «Тілдер фойесі», Тәуелсіздік залы, мұражайдағы жәдігерлерді көруге болады. Осынау талаптар деңгейінде қызмет көрсетіп, зейінді шәкірттің болашағына байыпты бағдар беріп келе жатқан білім ошағы әлі талай білімді де білікті шәкірт тәрбиелейтіні анық.
Айзат Дінбаева