Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 60 жылдың асуы

60 жылдың асуы


Биыл Шиелі ауданының құрылғанына 90 жыл толса, іргелі оқу ордасы Шиелі индустриялды-аграрлық колледжінің қажетті мамандар даяр­лап, сапалы білім беріп келе жатқанына 60 жыл. Осыншама уақытты өткерген білім ошағы сенбі күні мерейлі мерейтойын атап өтті.
Кәсіптік білім беру жүйесінде өзіндік орны бар білім ордасының 60 жылдық мерейтойына аудан әкімі Әшім Оразбекұлы, Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты, ауданның «Құрметті азаматы» Мұрат Бақтиярұлы, облыстық білім басқармасының басшысы Майра­ ­­Меделбекова және аудан ардагерлері қатысты. Бәсекеге қабілетті елдер қатарынан көріну үшін білім сапасын арттыруды басты назарда ұстайтын мемлекет басшысы жыл сайын грант санын арттырып, оқу ордаларының қажеттілігін ескеріп келеді. Мерейтойға арналған «Білімнің мерейлі мекені» атты танымдық кітаптың тұсаукесерінде аудан әкімі Әшім Оразбекұлы колледж ұжымын және құрметті қонақтарды білім ордасының 60 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтады. «Біздің мыңдаған түлектеріміз колледжде алған білімдері мен кәсіби біліктерінің нәтижесінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі еңбек сіңіріп, табысты қызмет жасауда. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Шиелі ауданының өсіп-өркендеуі мен өндіріс орындарының қалыпты жұмыс жасауына кәсіби шебер мамандар даярлау арқылы айрықша үлес қосып келе жатқан колледж ұжымын мерейлі мерекемен құттықтап, толағай табыстар, шығармашылық ізденістер тілеймін», – деп жылы лебізін білдірді аудан басшысы.
Колледж кадрларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халықаралық озат тәжірибені жинақтау арқылы түлектерінің білім сапасы мен мамандықтың қыр-сырын терең меңгеруіне ерекше маңыз береді. Алғашында ауылшаруашылық мамандарын оқытқан колледж қазіргі таңда ауданда ашылып, кең қанат жайып келе жатқан өндіріс орындарына қажетті мамандарды даярлауда. Бүгінгі күні 10 мамандық, 42 біліктілік бойынша 480 білім алушы дәріс алып, 2017-2018 оқу жылында 189 бітіруші түлектердің, оның ішінде 2 үздік диплом иегері мамандық иесі атанды.
Колледж түлектері қатарында есімі елге танымал Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспанбет­ова, Заһира Ержанова, Рысбай Мәуленов, Сұлтан Айтасов, Жақсылық Ахметов секілді белгілі азаматтар білім алып, бар тәжірбиелерін ел дамуына жұмсаған құрметті азаматтар бар. Осындай киелі орданың мерейлі мерекесі аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Жарты ғасырдан астам тарихы бар оқу ордасында ел игілігі, мемлекет мүддесі тұрғысында еңбек еткен ардагерлер мен үздік көрсеткіш көрсеткен колледж қызметкерлеріне 60 жылдық мерейтойына арнайы шығарылған кітап пен медаль табыс­талды.


«Өскен өңір» ақпарат.
23 қазан 2018 ж. 1 450 0