Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАРИХ ПЕН ТАҒЫЛЫМ ТОҒЫСҚАН

ТАРИХ ПЕН ТАҒЫЛЫМ ТОҒЫСҚАН

Кей мектептің тарихы жылдармен өлшенеді. Ал кей мектептің ғұмыры – ұлт жадында сақталған тағдырмен өлшенеді. №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицей – дәл сондай білім ордасы. Ол тек білім беріп келе жатқан жоқ, ол жетпіс жылдан астам уақыт бойы қоғаммен бірге тыныстап, дәуірдің салмағын бірге көтеріп келеді.
Мектеп 1950 жылдың қазан айында орыс мектебі ретінде құрылды. Алғашқы жылдары оқу үдерісі қазіргі Кәрімбаев көшесінде орналасқан, бұрынғы музыкалық мектеп ғимаратында өтті. Он сыныптық бөлмеден тұрған шағын мектепке 1950-1957 жылдары Александр Иннокентьевич Цой басшылық еткен.
1968 жылы 640 орындық жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі мектеп өміріндегі маңызды кезең болды. Бұл жылдары оқу орнының материалдық мүмкіндігі кеңейіп, білім беру сапасын арттыруға жағдай жасалды. 1957-1993 жылдар аралығында мектепті әр кезеңде Константин Васильевич Дигай, Михаил Александрович Ким, Николай Семенович Югай, Николай Дмитриевич Ким басқарды. Бұл басшылардың әрқайсысы мектептің тұрақты жұмыс істеуіне, педагогикалық ұжымның қалыптасуына өз үлесін қосты.
Тәуелсіздік жылдары мектеп тарихында ерекше бетбұрыс кезең болды. 1992-1993 оқу жылдарында оқу орны орыс-қазақ мектебі ретінде жұмыс істей бастады. Ал 1994 жылдан бастап толықтай қазақ тілінде білім беретін мектепке айналды. Осы кезеңде мектеп №46 А.С.Пушкин атындағы орта мектеп болып құрылып, ұлттық білім беру бағытын толықтай қабылдады. Мектепке Гүлхадиша Нысанбаева басшылық етіп, қазақ мектебінің берік негізін қалады.
Кейінгі жылдары оқу орнын Ұлтай Сейілова, Әбілда Нақыпов, Ұлғанша Найманбаева басқарды. 2004 жылдың сәуір айынан бастап Болат Сыздық директор қызметін атқарып, мектептің инфрақұрылымын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізді. Атап айтқанда, 2003 жылы спорт залы мен акт залының шатыры жаңартылды.
2011 жылы аудан әкімінің өкімімен мектепке мектеп-лицей мәртебесі берілді. Бұл – оқу орнының білім сапасы мен педагогикалық әлеуетіне берілген жоғары баға еді. Сол жылы директорлық қызметке Дәурен Ділдабекұлы, 2013 жылы Мұрат Тұрабаев тағайындалған. Ал бүгінгі таңда Ғабит Жұматайұлы басшылық етеді.
Бүгінде мектептің материалдық-техникалық базасы ескірген. 640 орынға есептелген ғимаратта қазіргі таңда 1280 оқушы білім алуда. Күрделі жөндеу, қосымша оқу корпусының салынуы, ойын алаңының жабдықталуы – уақыт күттірмейтін мәселелердің қатарында. Сонымен қатар жастар практикасы арқылы бірнеше жас маман тәжірибе жинақтап жатқанымен, педагог кадрларға деген сұраныс сақталып отыр.
Соған қарамастан, мектеп жетістіктері назар аударарлық. Биыл 10 «Ә» сынып оқушысы Сандуғаш Қайрат республикалық «Тәуелсіздік рухы» байқауында көркемсурет жанры бойынша Гран-при иегері атанды. 10-сынып оқушысы Ақсезім Шымкент ауыл оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиадада «Құқық негіздері» пәнінен III орын жеңіп алды. Ал 10 «Б» сынып оқушысы Жансерік Қалилла «GAMMA MMA» республикалық турнирінде III орын иеленді. Бұл жетістіктер – ұстаз еңбегі мен шәкірт талпынысының нақты нәтижесі.
Мектептің тағы бір ерекшелігі – оның баспасөзбен тығыз байланысы. «Өскен өңір» газетімен орнаған үздіксіз шығармашылық қарым-қатынас оқушылардың ойлау мәдениетін, азаматтық көзқарасын қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Бұл – білім беру мен қоғамдық белсенділікті ұштастырудың үлгісі.
Біз сөз еткен мектептің қабырғасы ескірсе де, оның миссиясы ескірген жоқ. Себебі мұнда білім ғана емес, жауапкершілік пен азаматтық ұстаным қатар тәрбиеленеді. №46 мектеп-лицейінің тарихы – аяқталған шежіре емес, әр жаңа оқушымен жалғасып келе жатқан тірі тарих. Ал тірі тарихтың бағыты әрдайым болашаққа қарайды.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
22 желтоқсан 2025 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9364)

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 (9363)

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 (9362)

13 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031