Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп табалдырығын қуанышпен аттауға мүмкіндік

Мектеп табалдырығын қуанышпен аттауға мүмкіндік

Жаңа оқу жылына санаулы ғана күн қалды. Бұл – ата-ана үшін баласының мектеп формасын түгендеп, сөмкесін сайлап, оқу құралдарын әзірлейтін қарбалас шақ. Әсіресе жаңа оқу жылын асыға күткен бүлдіршіндер үшін жаңа дәптер мен жарқыраған қалам, түрлі-түсті оқу құралдары – мектепке деген қызығушылық пен қуаныштың бір бөлігі. Алайда мұндай дайындық әр отбасы үшін бірдей оңай бола бермейді.
Осы ретте әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына көмек көрсету мақсатында игі бастама қолға алынды. Аудан әкімдігінің бастамасымен, жас кәсіпкер Балғабек Бакдаулет Еркінбекұлының демеушілігімен «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Жақсылықтың жарқын үлгісін көрсеткен жас кәсіпкер Шиелі кентіндегі мектептерде білім алып жүрген әлеуметтік қолдауды қажет ететін 43 оқушыға жаңа оқу жылына қажетті оқу құрал-жабдықтарын алып берді. Балаларға көрсетілген көмектің жалпы құны 850 мың теңгені құрады.
Қазір Шиеліде де мектепке дайындық қызу жүріп жатыр. Бірі мектеп формасын іздесе, енді бірі оқу құралдарын түгендеп, жаңа оқу жылына қамдануда. Осындай жауапты кезеңде жасалған қайырымдылық көмек ата-анаға демеу болып қана қоймай, балаға ерекше қуаныш сыйлады. Жаңа оқу құралдарын қолына алған әр оқушының жүзіндегі қуаныш – жасалған жақсылықтың ең үлкен қайтарымы.
Өйткені бала үшін мектеп – білім алатын ғана емес, арманын қанаттандыратын, болашағына жол ашатын қасиетті орта. Ал сол ортаға алаңсыз қадам басуына жағдай жасау – үлкен адамгершіліктің белгісі. Баланың сапалы білім алуына жасалған әрбір жағдай оның ертеңгі жетістігіне салынған берік негіз.
«Мектепке жол» республикалық акциясының негізгі мақсаты да – әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындауға жәрдемдесу, олардың білім алуына қолайлы жағдай жасау және қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Бүгінде ел ішінде осындай ізгі бастамалардың жүзеге асуы – қоғамдағы жанашырлық пен өзара қолдаудың берік орнығып келе жатқанын көрсетеді. Жас кәсіпкердің өз кәсібінің игілігін елдің ертеңімен сабақтастырып, өскелең ұрпаққа қолдау көрсетуі – көпке үлгі боларлық өнегелі іс.
Қайырымдылық – тек материалдық көмек көрсету емес. Ол – біреуге үміт сыйлау, көңіліне жылу ұялату, «сен жалғыз емессің» деген сенім қалыптастыру. Балаға жасалған қамқорлық оның білімге деген ынтасын арттырып, алға ұмтылуына қанат бітіреді.
Жаңа оқу жылы қарсаңында жасалған бұл игі іс – 43 оқушы үшін мектепке деген қуанышты еселеп, олардың жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен бастауына мүмкіндік берді. Ал мұндай жақсылықтың мәні бір реттік көмекпен шектелмей, ізгіліктің ізін жалғастыруында.
Балаға жасалған әрбір жақсылық – болашаққа жасалған үлкен инвестиция. Бүгін қолдау көрген бала ертең елге қызмет ететін білімді азаматқа айналса, бұл – барша қоғамның ортақ жеңісі.

Г.Дүйсебай
31 тамыз 2026 ж. 24 0