Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СӨМКЕГЕ СЫЙҒАН САУАП

СӨМКЕГЕ СЫЙҒАН САУАП

Жаңа оқу жылының қарсаңы. Мектеп дәліздерінде қоңырау үні қайта естіліп, сыныптар бала күлкісіне толатын сәт таяу. Ал сол сәтке дайындық әр отбасы үшін әртүрлі. Бірі қажетті оқу құралын алаңсыз түгендесе, енді бірі баласының мектепке керек-жарағын қамтамасыз етудің жолын іздейді. Осындай ізгі ниеттен бастау алған «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Еңбекшіде тағылымы мол қайырымдылық іс-шарасы өтті.
Еңбекші ауылдық округі әкімдігінің бас­тамасымен және «Оңтүстік тау-химиялық компаниясы» бірлескен кәсіпорны» ЖШС-ның демеушілігімен ұйымдастырылған игі шара №159 Еңбекші ауылдық мектебі мен №84 Қосүйеңкі негізгі мектебінде білім алатын оқушыларға арналды.
Қайырымдылық шарасы барысында қос білім ордасының 100 оқушысына мектепке қажетті оқу құралдарын сатып алуға арналған, әрқайсысының құны 15 000 теңгелік сертификаттар табысталды. Яғни, балалардың білім алуына нақты қолдау көрсеткен бұл көмектің жалпы көлемі 1,5 миллион теңгені құрады. Аталған сертификаттар арқылы оқушылар «Абди» дүкенінен дәптер, қалам, қарындаш сынды мектепке қажетті оқу құралдарын өз қажетіне қарай таңдап ала алады. Бір қарағанда, бұл – оқу құралдарын алуға берілген қарапайым көмек секілді көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында әлдеқайда үлкен мән жатыр. Себебі балаға жасалған әрбір қолдау – оның білімге деген сенімін нығайтып, ертеңіне деген үмітіне қанат бітіреді.
«Мектепке жол» акциясының негізгі мәні де осында. Яғни тек оқушыны мектепке қажетті заттармен қамтамасыз ету емес, ел болашағы саналатын өскелең ұрпаққа қоғамның қамқорлығын сезіндіру. Қайырымдылықтың шынайы құндылығы оның көлемімен ғана емес, адам жүрегіне сыйлаған жылуымен өлшенеді. Осындай бастамалар ел ішіндегі өзара жанашырлық пен әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Мемлекет пен бизнестің, жергілікті қоғамдастықтың ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуі – балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызды тетігі.
Осы ретте игі іске қолдау білдіріп, балалардың қуанышына ортақ болған
«Оңтүстік тау-химиялық компаниясы» бірлескен кәсіпорны» ЖШС бас директоры Бағдат Абжаппарұлы мен «Оңтүстік Ыңғай» кенішінің басшысы Ақпан Байдалиұлының бұл игі қадамы көпке үлгі боларлық.
Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Бір балаға жасалған көмек – бір отбасының қуанышы болса, жүз балаға көрсетілген қолдау – тұтас ауылдың мерейі. Бүгінгі игі іс ертеңгі күнге жалғасып, жас ұрпақтың жүрегінде мейірім мен алғыс сезімін қалыптастыра бергей. Өйткені мектепке бастар жол – білімге бастар жол. Ал білімге бастар жолды қолдау – елдің ертеңіне жасалған ең ізгі инвестиция.

«Өскен өңір» ақпарат
25 тамыз 2026 ж. 24 0

Қоғам

АЛМА НЕГЕ ПАЙДАЛЫ?
25 тамыз 2026 ж. 31

ҚЫС ҚАМЫ – ЖАЗДАН

25 тамыз 2026 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (9431)

25 тамыз 2026 ж.

№63 (9430).

22 тамыз 2026 ж.

№62 (9429)

18 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31