Әкелер өнегесі – ұрпаққа үлгі
Сайлау күні Шиелі ауданының Байсын ауылында елдік пен ұлттық құндылықты қатар дәріптеген тағылымды бастама жүзеге асты. Ауылдағы «Әкелер» ансамблінің мүшелері ұлттық киім киіп, сайлау учаскесіне ұйымшылдықпен келіп, өз таңдауларын жасады.Қазақы нақыштағы киіммен келген әкелердің бұл қадамы – ұлттық болмысқа деген құрметтің ғана емес, азаматтық жауапкершіліктің де айқын көрінісі. Олар ел өміріндегі маңызды науқанға белсенді қатыса отырып, кейінгі ұрпаққа салт-дәстүрді қастерлеу мен елдік іске бейжай қарамаудың өнегесін көрсетті.
Әкелер үшін ұлттық құндылықты дәріптеу – ұрпақ тәрбиесінің ажырамас бөлігі. Олардың айтуынша, жас буынға сөзбен ғана емес, нақты іспен үлгі көрсету маңызды.
– Ұлттық құндылықты сақтау – баршамызға ортақ міндет. Біз әкелер ретінде жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, елдің қоғамдық өміріне белсенді араласуды өзімізге парыз санаймыз. Ұлттық киіммен сайлау учаскесіне келуіміздің де мәні осында. Бұл – туған елге, салт-дәстүрімізге деген құрметіміздің белгісі, – деді ансамбль мүшелері.
Байсындық әкелердің бұл бастамасы ұлттық тәрбие мен азаматтық белсенділіктің өзара сабақтас екенін аңғартты. Өнегелі ісімен көпке үлгі болған әкелер ұлттық құндылықты дәріптеудің және ел болашағына жауапкершілікпен қараудың жарқын үлгісін көрсетті.









