Әке – отбасының тірегі, қоғамның негізі
Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында қоғам үшін маңызы зор, тәрбиелік мәні терең жиын өтті. Аудан көлемінде Әкелер одағының төрағасын сайлауға арналған бұл басқосу – отбасы құндылықтарын дәріптеу, әке институтын нығайту, өскелең ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау бағытындағы нақты қадамдардың бірі болды.Жиынды аудан әкімінің орынбасары А.Алдабергенов ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасында әкелер институтын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. 2023 жылы Қазақстан Республикасы Үкімет басшысының тиісті жарлығына сәйкес, маусым айының үшінші жексенбісі – Әкелер күні болып белгіленуі қоғамдағы әкенің рөлін арттыруға бағытталған маңызды шешім екені айтылды. Осы бастаманың аясында еліміздің барлық өңірінде Әкелер одағы құрылып, жүйелі жұмыс қолға алынуда.
Аталған тапсырмаға сәйкес, Қызылорда облысында Әкелер одағы құрылып, облыстық мәслихат депутаты, қоғам белсендісі Ержан Ескендірұлы облыстық кеңестің төрағасы болып сайланған. Бүгінде бұл ұйым аймақта әкелердің қоғам өміріне белсене араласуына, отбасылық тәрбиені күшейтуге өз үлесін қосып келеді.
Осыған орай, Шиелі ауданында да мемлекеттік мекемелер мен түрлі сала өкілінен құралған әкелер тізімі жасақталып, аудандық Әкелер одағының төрағасын сайлау мақсатында жиын ұйымдастырылды. Жиынға аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары, мәслихат депутаттары, білім, медицина, құқық қорғау, кәсіпкерлік және өндіріс саласының өкілдері қатысты.
Кеңестің негізгі мақсаты – әкелердің бала тәрбиесіне, отбасы мен қоғам өміріне белсенді араласуын қамтамасыз ету, отбасылық құндылықтарды насихаттау, жауапты әкелік мәдениетті қалыптастыру, балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ тәрбиелік, мәдени, спорттық және патриоттық бағыттағы іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастыру болып табылады. Сондай-ақ білім беру ұйымдарымен, мемлекеттік құрылымдармен өзара тиімді байланыс орнату да кеңес жұмысының басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды.
Жиын барысында Әкелер одағы төрағалығына ұсынылған кандидатуралар таныстырылып, ашық пікір алмасу өтті. Қатысушылар төрағаның қоғамда беделді, өмірлік тәжірибесі мол, жастарға үлгі бола алатын азамат болуы керектігін ерекше атап өтті.
Нәтижесінде көпшіліктің қолдауымен құрылыс саласының ардагері, ұзақ жылдар бойы ел дамуына адал еңбек етіп келе жатқан Дана Аман аудандық Әкелер одағының төрағасы болып сайланды.
Жаңадан сайланған төраға жиынға қатысушыларға алғысын білдіріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Ол өз сөзінде:
– Әке – отбасының тірегі ғана емес, қоғамның да тұрақты дамуына ықпал ететін негізгі тұлға. Ұрпақ тәрбиесінде әкенің орны айрықша. Біз сөзбен емес, іспен үлгі көрсетуіміз керек. Әкелер одағы – тек ұйым емес, жауапкершілік мектебі болуға тиіс, – деп атап өтті.
Сонымен қатар төраға алдағы кезеңде жас отбасылармен жұмыс, мектептермен бірлескен тәрбиелік кездесулер, спорттық-патриоттық шаралар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жобалар қолға алынатынын жеткізді.
Жиын соңында қатысушылар жаңа төрағаға сәттілік тілеп, Әкелер одағының жұмысы аудан көлемінде нәтижелі болатынына сенім білдірді. Бұл бастама Шиелі ауданында отбасы институтын нығайтуға, әке мәртебесін арттыруға, саналы әрі жауапты ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосары сөзсіз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
Суретті түсірген Бақытжан БӘЙІМБЕТ
Суретті түсірген Бақытжан БӘЙІМБЕТ






