Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Игілікті еселеген еңбек

Игілікті еселеген еңбек

Елдің келбеті – оның бой көтерген еңселі ғимараттарынан, тақтайдай тегіс жолдарынан, жаңарған көшелері мен халық игілігіне берілген әлеуметтік нысандарынан көрінеді. Ал сол өзгерістің ар жағында тер төгіп, маңдайшадағы аты емес, атқарған ісімен танылатын еңбек адамдары тұр. Солардың қатарында құрылысшылардың орны айрықша.
Құрылысшы – бүгінгі күн үшін ғана емес, келешек үшін еңбек ететін маман. Қалаған әр кірпіші, құйған әр іргетасы, салған әр нысаны жылдар өте ел игілігіне қызмет етеді. Сондықтан құрылыс саласындағы еңбек – жауапкершілік жүгі ауыр, нәтижесі елге ортақ қадірлі кәсіп.
Осы ретте Шиелі ауданында кәсіби мереке – «Құрылысшылар күніне» орай құрылыс саласының ардагерлерімен кездесу өтті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен басқосқан сала ардагерлері, құрылыс мекемелерінің өкілдері мен сала мамандары құрылыс саласының бүгінгі тынысы мен алдағы міндеттері туралы ой бөлісті.
Жиында аудан әкімі Айтбай ­Жандарбеков құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жүрген үлестеріне тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс саласының ел экономикасындағы маңызды рөлін атап өтіп, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және көлік-логистика салалары дамудың қозғаушы күшіне айналып отырғанын айтқан болатын.
Шын мәнінде, құрылыс – ел дамуының нақты көрінісі. Бүгінде еліміздің әр өңірінде тұрғын үйлер мен мектептер, балабақшалар мен ауруханалар, спорт кешендері мен инженерлік инфрақұрылым нысандары бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Шиелі ауданы да бұл үдерістен шет қалған жоқ.
Жыл өткен сайын өңірдің ажары артып, елді мекендерде көркейту және абаттандыру жұмыстары қарқын алуда. Көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделіп, жаңа тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік нысандар жаңғыртылуда. Мұның барлығы – ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанының айқын белгісі.
Қазіргі таңда аудан көлемінде бірқатар маңызды құрылыс жобасы жүзеге асырылуда. Шиелі кентіндегі Абай көшесінде орналасқан спорт кешеніне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Жөлек ауылдық округінде жобалық құны 613,9 млн теңге болатын спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да нақты жұмыстар бар. Шиелі кентінің «Береке» мөлтек ауданына газ құбыры мен орамішілік газ тарату желілері тартылуда. Аудан үшін маңызды жобалардың бірі – Шиелі кентіндегі Есабыз және А.Молдағұлова көшелерінің қиылысында К-4 каналында автомобиль көпірін салу. Ұзындығы 34,7 метр, ені 12 метр болатын көпірдің құрылыс-монтаж жұмыстарына 2026 жылы аудандық бюджеттен 125 млн теңге қаржы қаралған. Жобаны жүзеге асыру үшін тиісті мердігер және техникалық, авторлық қадағалау мекемелерімен келісімшарттар жасалды.
Ауданның тарихи-мәдени келбетінде де құрылыс саласының қолтаңбасы бар. Мемлекет басшысының теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Шиелі кентіндегі теміржол вокзалы 836 млн теңгеден астам қаржыға қайта жаңғыртудан өтті. 1903 жылы салынған тарихи ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталып, төбе жабындысы, есік-терезелері ауыстырылды. Электр және жылу жүйелері жаңартылып, перрон аумағы абаттандырылды. Қазір вокзал тәулігіне 200 жолаушыны өткізуге қауқарлы.
Тұрғын үй құрылысы бағытында да жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. 2023-2026 жылдар аралығында ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 280 пәтер пайдалануға берілді. Биыл 100 үй, яғни 200 пәтер сатып алуға облыстық бюджеттен жалпы құны 3 млрд 95 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда тұрғын үйлер орналасатын жерлер айқындалып, құрылыс жұмыстарын бастауға дайындық жүргізілуде.
Жол инфрақұрылымы – құрылыс саласының маңызды бағыттарының бірі. Аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 325,9 шақырымды құрайды. Оның ішінде 80 шақырымы – республикалық, 100,5 шақырымы – облыстық, 145,4 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар. Соңғы жылдары жолдарды жөндеу мен жаңғырту бойынша бірқатар ауқымды жоба қолға алынды. «Шиелі – Тайқоңыр» жолының 13 шақырымы 2,5 млрд теңгеге күрделі жөндеуден өтті. «Самара – Шымкент – Еңбекші» жолының 4,3 шақырымын реконструкциялау бойынша құны 1,2 млрд теңге болатын құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Алғабас елді мекеніндегі алты көшенің 3,1 шақырым жолын күрделі жөндеуге 764,6 млн теңге бөлінді. Шиелі кентінде жалпы құны 5,3 млрд теңге болатын 21 көше мен көпқабатты үйлердің кіреберіс жолдарын жаңғырту жобасы әзірленіп, оны 2026-2028 жылдары жүзеге асыру жоспарланған. Биыл жобаның аясында 11 көшеде жөндеу жұмыстары басталды.
Сонымен қатар Яссауи, Бәкіров, Есабыз және Байтұрсынов көшесінен канал көпіріне дейінгі 4 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстарына 1,5 млрд теңге бағытталды.
Осының барлығы – құрылыс саласының мамандары атқарып жатқан ауқымды еңбектің нәтижесі. Бір қарағанда дайын тұрған ғимарат пен тегіс жолдың ар жағында қаншама адамның еңбегі жатқанын аңғару оңай емес. Жобалаушының есебі, инженердің білімі, жұмысшының күші, маманның тәжірибесі мен құрылысшының жауапкершілігі тоғысқанда ғана сапалы нысан бой көтереді.
Сол себептен құрылысшы еңбегін бағалау – елдің дамуына үлес қосқан еңбек адамын бағалау деген сөз.
Кездесу барысында аудан басшысы құрылыс мекемелерінің басшыларына, инженерлерге, жобалаушыларға, құрылысшыларға, техникалық мамандарға және сала ардагерлеріне ауданның дамуына қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
– Сіздердің еңбектеріңіз – көзге көрінетін, ел игілігіне қызмет ететін нақты еңбек. Бой көтерген әрбір нысанның артында қаншама адамның маңдай тері, кәсіби білімі мен жауапкершілігі жатыр. Сондықтан құрылысшы еңбегін әрдайым жоғары бағалаймыз, – деді ол.
Басқосу барысында сала ардагерлерінің еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Құрылыс саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, ауданның дамуына үлес қосқан азаматтарға түрлі марапаттар табысталды. «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен Асылхан Асанов марапатталды. Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының Алғыс хатына Қуандық Әлтай, Зүбайра Әбдраманова, Бақытжан Аңламасов, Әлібек Дағаров және Мұрат ­Бекжанов ие болды. Ал аудан әкімінің Алғыс хатымен Еркебұлан Омаров, Бекболат Тәжібаев, Орынкүл ­Оржанова, ­Ерназар Абдуллаев, Есім Досанов, Тәшім Жәлтенов, ­Жолдас Қалиев, Әубәкір ­Мырзабаев, Әбдіманап ­Бейсекеев, Кенжебек Қожабек, Сағатжан Дүйсенов және Өркен Ахметов марапатталды.
Кездесуде сала ардагерлеріне де сөз беріліп, олар құрылыс саласында еңбек еткен жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Өздері жүріп өткен еңбек жолын кейінгі буынға өнеге етіп, жас мамандарға ақыл-кеңестерін айтты.
Ардагерлердің өнегесі – кейінгі буынға бағыт, ал олардың жинаған тәжірибесі – сала үшін баға жетпес қазына. Өйткені құрылыс саласында кәсіби шеберлікпен қатар, жауапкершілік пен төзім, ұқыптылық пен табандылықтың орны бөлек.
Алдағы уақытта да ауданда тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар салу, жолдарды жөндеу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жалғаса береді. Бұл – құрылысшылар үшін жаңа міндеттер мен жаңа белестер деген сөз.
Елдің еңсесін тіктеп, туған жердің ажарын арттырып жүрген құрылысшылардың әрбір еңбегі – ортақ игілікке қосылған үлес. Бүгінгі бой көтерген нысандар ертең елдің қажетіне жарап, келер ұрпақтың игілігіне қызмет етпек.

Айнұр ИБРАШЕВА,
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
18 тамыз 2026 ж. 28 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№62 (9429)

18 тамыз 2026 ж.

№61 (9428).

15 тамыз 2026 ж.

№60 (9427)

11 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31