Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІНІҢ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

АУДАН ӘКІМІНІҢ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ




Құрметті құрылысшылар!
Қадірлі сала ардагерлері!

Сіздерді кәсіби төл мерекелеріңіз – Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Құрылыс – адамзат баласымен бірге келе жатқан жасампаз кәсіп. Бүгінде ауданымызда құрылыс саласы қарқынды дамып, ел экономикасының, оның ішінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайының артуына айрықша ықпал етіп келеді. Ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылардың еңбегі ерен.
Бүгінгідей әсем де көрікті, түрлі заманауи нысандардың бой түзеуі – құрылысшылар легінің мезгілдің ыстық-суығын елемей, күн-түн демей атқарған игі істерінің жемісі.

Қандай кезең болмасын құрылыс саласы өз жұмысын тоқтатпай, ел игілігін еселеуде. Қазіргі күні ауданымыз күн сайын көркейіп, абаттанып келеді. Төрткүл әлеммен терезесін теңестірген елімізде көрікті ғимараттар бой көтеріп, еңбекқор жандардың арқасында әлемге танылды.

Осы ретте, ауданымыздың айбынын арттырып, сымбатына сән қосып, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін жергілікті құрыш қолды құрылысшылардың ел дамуына қосар үлесі зор деп санаймын.

Құрметті құрылысшылар қауымы!

Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт тілеймін! Туған жерімізді көркейтіп-көріктендірудегі игі істеріміз әрдайым жемісті, нәтижелі болсын! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Ізгі ниетпен,
аудан әкімі Нұржан Ахатов
14 тамыз 2023 ж. 116 0