Құрылыс – ауданның даму көрсеткіші
Құрылыс − адамзат баласымен бірге келе жатқан жасампаз кәсіп. Ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылардың еңбегі ерен. Олар мыңдаған тұрғын үй мен қызмет көрсету ғимараттарында, мектептер мен балабақша, ауруханалар мен емханаларда, ғажайып кешендер мен көрікті үйлердің көптеп салынуына қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығында да тер төгіп еңбек етіп келеді.
Құрылысшының қолтаңбасы қалған ғимараттар – сол қоғамның өмірінен сыр шертетін ерекше дереккөз. Құрылысшы мамандығында өнер мен білім, талант пен талғам тоғысады. Сондықтан бұл бүкіл әлемдегі жасампаз, құрметті де абыройлы кәсіп. Тамыз айының екiншi жексенбiсiн «Қазақстан құрылысшылары күнi» деп жариялаған болатын. Осыған орай, атаулы күнде ұстыны биік мамандық иелерін еске алмау мүмкін емес. Мереке қарсаңында кенттегі «Айкенже» мейрамханасында құрылысшыларға құрмет көрсетілді.
Құрылысшының қолтаңбасы қалған ғимараттар – сол қоғамның өмірінен сыр шертетін ерекше дереккөз. Құрылысшы мамандығында өнер мен білім, талант пен талғам тоғысады. Сондықтан бұл бүкіл әлемдегі жасампаз, құрметті де абыройлы кәсіп. Тамыз айының екiншi жексенбiсiн «Қазақстан құрылысшылары күнi» деп жариялаған болатын. Осыған орай, атаулы күнде ұстыны биік мамандық иелерін еске алмау мүмкін емес. Мереке қарсаңында кенттегі «Айкенже» мейрамханасында құрылысшыларға құрмет көрсетілді.
Жиынға ардагерлер, мәслихат депутаттары, құрылыс саласының қызметкерлері қатысты. Басқосу барысында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Әпетов өңірдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандарын марапаттады. Бүгінде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінде 15 қызметкер жұмыс істейді.
Соңғы он жылда аудандағы әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүруде. Заманауи үлгідегі аурухана мен емхана салынып, мектептер мен амбулаториялар, мәдениет ошақтары түгелдей дерлік жаңғыртылып келеді.
Дәл қазір кентте дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып жатыр. Бұл туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Шалбаев:
– Шиелі кентінде салынатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 582 млн 212 мың теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде «Промстройсервис.Е» ЖШС жеңімпаз атанды. Ғимарат бір жылдан соң пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарына жергілікті 20 адам жұмыспен қамтылады, – дейді.
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде де үлгі етерлік іргелі істер баршылық. Баспаналы болу – адам өміріндегі ең маңызды әрі қуанышты сәттердің бірі. Биыл бірқатар шиеліліктер осындай бақытқа бөленбек. Ауданда тұрғын үй құрылысының қарқын алуы толайым табыстың бірі. Ол үшін бірер ай бұрын ғана 25 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.
Осыдан 2 жыл бұрын Береке шағын ауданында 3 бөлмелі бір пәтерлі 25 тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары басталған. Бас мердігері – «СМП-Қызылорда» ЖШС. Бас-аяғы 458 млн 154 мың теңгені құрайтын тұрғын үйлерді аудан тұрғындарына үлестіру жоспарлануда. Айта кетейік, бір тұрғын үйдің ауданы – 66,84 шаршы метр.
Аймақтың құрылыс саласындағы ауқымды жұмыстарды алға жылжытып, сапасының артуына құрылыс саласы ардагерлерінің өмірлік тәжірибелері де зор үлес қосуда. Қуандық Әлтай, Файна Матушкина, Бибіхан Тәжімбетова, Ораз Ибраев, Әйтенбекқажы Қыдырбеков, Болсынай Сартаева сынды ардагер құрылысшылар өздерінен кейінгі сала мамандарымен тығыз байланыс орнатып, жол көрсетуден жалыққан емес.
Құрылыс − экономиканы қозғаушы күш. Құрылысы қарқынды жүрген мемлекеттің экономикасы дамып, қалалары сәулетімен сұлуланады. Тұрғындары баспаналы болып, бақыты еселенеді. Аймақтағы құрылыстарды қолдап, қаржы бөлінетін мемлекеттік бағдарламалардың да көздеген мақсаты осы − халықтың жағдайын жасау. Бұл мақсатқа жетуде құрылысшылардың еңбегі зор.
Гүлхан ЯХИЯ