ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАЗАЛЫҒЫ ТАРАЗЫҒА ТҮСКЕНДЕ
Ауданның ажарын алыстан-ақ аңғартатын бірнеше белгі бар. Оның бірі – жолы, бірі – ғимараты, бірі – көше бойындағы жасыл желегі. Бірақ осының бәрінен бұрын көзге түсетіні – тазалығы. Таза көше, жинақы аула, реттелген қоғамдық орын, абаттанған кәсіпкерлік нысан – елді мекеннің сыртқы келбеті ғана емес, ондағы адамдардың мәдениеті мен жауапкершілігінің де көрсеткіші.Сондықтан тазалық мәселесін коммуналдық қызметтің жұмысы деп қана қарау, мәселенің ауқымын тарылту. Тазалық – экология, қоғамдық тәртіп, адам денсаулығы, қауіпсіздік. Ал ең бастысы, тазалық – туған жерге деген азаматтық көзқарас. Осыны айқын аңғартқан маңызды жиын жуырда «Арман» мәдениет үйінде өтті. Қоғамдық кеңестің кеңейтілген мәжілісінде ауданның санитариялық ахуалы, абаттандырылуы, экологиялық мәдениеті, қоғамдық тәртібі мен заң талаптарының орындалуы жан-жақты сараланды.
Қоғамдық кеңес төрағасы Қаблеш Бекішев төрағалық еткен жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов, тиісті сала басшылары, ауыл әкімдері, Қоғамдық кеңес мүшелері мен аудан тұрғындарының қатысуы мәселенің қоғамдық маңызын аңғартты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының да негізгі философиясы осында. Тазалықты бір күндік акцияға айналдырмай, оны күнделікті өмір салтына енгізу. Көшені тазалау ғана емес, сол көшеге қоқыс тастамау. Ауланы абаттандыру ғана емес, оның көркін бұзатын дүниені ретке келтіру. Қоғамдық мүлікке жөнсіз қарамай, оны өз мүлкіндей қорғау. Яғни «Таза Қазақстан» – ең алдымен тазалыққа деген қоғамдық көзқарасты өзгертуге бағытталған бастама.
БІР КҮНДІК НАУҚАН ЕМЕС
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жиында тазалық пен көркейту жұмыстары бір күндік науқанмен шектелмеуі керектігін атап өтті. Әлбетте, мәселенің өзегін дәл көрсететін тұжырым да осы. Өйткені сенбілік өткізу оңай, ал тазалықты тұрақты сақтау әлдеқайда күрделі. Бір күнде көшені тазалауға болады. Бірақ ертеңіне сол жерге қайта қоқыс тасталса, атқарылған жұмыстың нәтижесі қанша уақытқа жетеді? Демек, тазалықтың тұрақтылығы техникаға немесе жұмысшы санына ғана емес, тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігіне де тікелей байланысты. Осы себепті елді мекендердің санитариялық жағдайына, қоғамдық орындардың тазалығына, кәсіпкерлік нысандардың абаттандырылуына баса назар аудару қажеттігі орынды көтерілді. Аудан прокуроры Мейрамбек Махамбетжанов та экологиялық, санитариялық және абаттандыру талаптарын сақтау – ең алдымен заң талабы екенін атап өтті. Бұл жерде бір маңызды мәселені айрықша айту қажет. Тазалықты талап ету – жазалау үшін емес, тәртіп қалыптастыру үшін керек. Заң талабы мен қоғамдық мәдениет бір-бірін толықтырғанда ғана тұрақты нәтиже болады. Сондықтан түсіндіру жұмысы мен әкімшілік жауапкершілік қатар жүруі тиіс.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жиында тазалық пен көркейту жұмыстары бір күндік науқанмен шектелмеуі керектігін атап өтті. Әлбетте, мәселенің өзегін дәл көрсететін тұжырым да осы. Өйткені сенбілік өткізу оңай, ал тазалықты тұрақты сақтау әлдеқайда күрделі. Бір күнде көшені тазалауға болады. Бірақ ертеңіне сол жерге қайта қоқыс тасталса, атқарылған жұмыстың нәтижесі қанша уақытқа жетеді? Демек, тазалықтың тұрақтылығы техникаға немесе жұмысшы санына ғана емес, тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігіне де тікелей байланысты. Осы себепті елді мекендердің санитариялық жағдайына, қоғамдық орындардың тазалығына, кәсіпкерлік нысандардың абаттандырылуына баса назар аудару қажеттігі орынды көтерілді. Аудан прокуроры Мейрамбек Махамбетжанов та экологиялық, санитариялық және абаттандыру талаптарын сақтау – ең алдымен заң талабы екенін атап өтті. Бұл жерде бір маңызды мәселені айрықша айту қажет. Тазалықты талап ету – жазалау үшін емес, тәртіп қалыптастыру үшін керек. Заң талабы мен қоғамдық мәдениет бір-бірін толықтырғанда ғана тұрақты нәтиже болады. Сондықтан түсіндіру жұмысы мен әкімшілік жауапкершілік қатар жүруі тиіс.
Кеңейтілген мәжілісте 5 негізгі мәселе қаралды. Олар кәсіпкерлік және өндірістік нысандардың тазалығы мен абаттандырылуы, кенттегі «Таза Қазақстан» аясындағы жұмыстар, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы, құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ аудан аумағындағы нысандардың сыртқы келбеті мен абаттандырылуы мәселелерін қамтыды.
Әуелі кент әкімі Аманкелді Өмірәлі өз баяндамасында аталған акция аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Кентте жалпы 214 көше бар. Халық саны – 37 443. Үй саны – 7229. Кенттің санитариялық тазалығын тиімді ұйымдастыру мақсатында аумақ – орталық аймақ, теріскей бет және Көкшоқы мөлтек ауданы болып үшке бөлінген. Санитариялық тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері ұйымдастырылып, үш аймақ бойынша жеңімпаз мердігер – «Формула Безопасности – Астана» ЖШС-мен келісімшарт жасалыпты.
– Келісімшарт талаптарына сәйкес қоқыс жәшіктерінен тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, көшелерге су себу, шайынды сулардан тазарту, көшелерді сыпыру, бордюрлерді сырлау, қысқы кезеңде көшелерді күтіп ұстау, тұз араласқан құм қоспасын себу, қардан тазарту, ағаштарды кесу және балақтау секілді жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта ауа температурасының жоғары болуына байланысты көшелерге су себу жұмыстары күшейтілген. Арнайы техникалар күнделікті екі бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Бірінші бағытқа Мұстафа Шоқай, Абылайхан, А.Байтұрсынов, Ы.Жақаев, Т.Рысқұлов, М.Қаратаев және Тәуелсіздік көшелері кірсе, екінші бағытта С.Сейфуллин, Бұдабай, Яссауи, Дәулеткерей, Досбол датқа, Әл-Фараби, Ш.Бәкіров, Шәкәрім, Н.Бекежанов көшелері, Самара-Шымкент автомобиль тас жолы, И.Әбдікәрімов көшесі және емхана аумағына су себілуде. Тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытылы шығару мақсатында тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардан қоқыс күндізгі және түнгі екі ауысымда шығарылуда. Бүгінде тазалық мекемесінде 30 адам тұрақты және 23 адам ақылы қоғамдық негізде еңбек етуде. Аудан әкімі Айтбай Насриддинұлының қолдауымен 2025 жылы тазалық мекемесінің бес қызметкеріне санаториялық-курорттық емделуге жолдамалар беріліп, ақшалай сыйлықтар табысталып, қызметкерлерге құрмет көрсетілген. Сонымен қатар тазалық саласында еңбек ететін қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын қолдау мақсатында қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігі қамтамасыз етілген, – деді кент әкімі.
Сонымен қатар мердігер мекемемен тұрмыстық қалдықтарды шығаруға аудандық мәслихат шешімімен бекітілген тарифке сәйкес 1 622 абонент келісімшартқа отырған көрінеді. Оның ішінде 1 492-сі жеке тұрғын, 132-сі кәсіпкерлік және 6-уы әлеуметтік нысан. Қазіргі таңда кенттің санитариялық тазалығына 20 арнайы техника жұмылдырылып, тәулігіне орта есеппен 12-15 тонна, айына шамамен 450-500 тонна тұрмыстық қатты қалдық арнайы белгіленген орындарға шығарылуда.
Кент аумағының шет аймақтарында қордаланған қоқыстар тазартылып, арнайы полигонға шығарылған. Нәтижесінде бірқатар аумақтың санитариялық жағдайы жақсарып, бейберекет қоқыс орындарын жою бойынша нақты жұмыстар атқарылуда. Алайда мәселенің екінші жағы бар. Қоқыс орындары тазартылғанымен, жастар мен жасөспірімдер жиі жиналатын жерлерде тұрмыстық қалдықтардың шашылып қалу жағдайлары әлі де кездеседі. Демек, мәселені тек тазалық мекемесіне артып қою жеткіліксіз. Қоқыс жинайтын адам қанша жерден еңбек етсе де, егер біреу қайта-қайта қоқыс тастай берсе, тазалықтың тұрақты болуы қиын. Сондықтан жастар мен жасөспірімдер арасында қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және абаттандыру талаптарын орындау жөніндегі түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізудің маңызы зор. Жас ұрпақты туған жерге деген сүйіспеншілікке, елжандылық пен патриоттық сезімге, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға және тазалық мәдениетін сақтауға тәрбиелеу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Өйткені туған жердің тазалығы мен көркеюі тек әкімдікке, тазалық мекемесіне немесе жауапты қызметкерге жүктелетін міндет емес. Ол – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі.
ЖАРЫҚ, ЖОЛ, АВТОТҰРАҚ
Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында білім беру нысандарына, жастар шоғырланатын аумақтарға және тұйық көшелерге демеушілер есебінен 170 дана түнгі жарық шамдарының орнатылуы да – осы жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі. Кент аумағында автотұрақтар салынып жатыр. Алдағы уақытта мектептердің автотұрақтарына асфальт төсеу және оларды кеңейту де жоспарланған. «Жолың таза болса, үйің таза болады» деген ұстаныммен кент аумағындағы 10 көшеге асфальт төселуде. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын таппақ. Мұндай жұмыстарды тек жол немесе жарық мәселесі деп қабылдау аздық етеді. Жолдың сапасы, жарықтың болуы, ауланың тазалығы, жаяу жүргіншіге арналған кеңістіктің жайлылығы – мұның бәрі елді мекендегі өмір сапасын қалыптастыратын факторлар.
Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында білім беру нысандарына, жастар шоғырланатын аумақтарға және тұйық көшелерге демеушілер есебінен 170 дана түнгі жарық шамдарының орнатылуы да – осы жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі. Кент аумағында автотұрақтар салынып жатыр. Алдағы уақытта мектептердің автотұрақтарына асфальт төсеу және оларды кеңейту де жоспарланған. «Жолың таза болса, үйің таза болады» деген ұстаныммен кент аумағындағы 10 көшеге асфальт төселуде. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын таппақ. Мұндай жұмыстарды тек жол немесе жарық мәселесі деп қабылдау аздық етеді. Жолдың сапасы, жарықтың болуы, ауланың тазалығы, жаяу жүргіншіге арналған кеңістіктің жайлылығы – мұның бәрі елді мекендегі өмір сапасын қалыптастыратын факторлар.
СЕНБІЛІК – ЕСЕП ҮШІН ЕМЕС, САНА ҮШІН
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кентте санитариялық тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кентте санитариялық тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Іс-шаралар жоспарына сәйкес апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, оған мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындардың, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ кент тұрғындары кеңінен тартылуда.
– Әрбір сенбілікте қатысушыларға алдын ала белгіленген аумақтар бөлініп, сол учаскелерде тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Көшелер, аулалар, қоғамдық орындар, әлеуметтік нысандардың іргелес аумақтары тазартылып, жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы белгіленген орындарға тасымалданады. Бұл ретте барлық ауылдық округ әкіміне, дербес бөлім басшыларына, кәсіпорын басшыларына, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларына алғыс айту орынды. Алайда сенбіліктің шынайы нәтижесі жиналған қаптың санымен емес, одан кейінгі күндері сол аумақтың қаншалықты таза сақталуымен өлшенуі тиіс. Сондықтан сенбіліктің негізгі мақсаты – бір күнде қоқыс жинау емес, тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және елді мекеннің санитариялық тазалығын тұрақты қамтамасыз ету, – дейді кент әкімі.
АУЛА АЖАРЫ
Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы санитариялық жағдай мен жалпы эстетикалық көрініс те назардан тыс қалмапты. Тұрғындар тарапынан аулаларға тұрмыстық заттарды, пайдаланылмайтын мүліктерді, құрылыс материалдарын және басқа да дүниелерді ретсіз орналастыру, сондай-ақ ескірген және пайдалануға жарамсыз контейнерлер, гараждар мен вагондарды сақтау жағдайлары анықталған. Оларды ретке келтіру және аумақтан шығару жұмыстары жүргізілуде. Сырт көзге қарапайым көрінгенімен, қаланың немесе кенттің болашақ келбетіне тікелей әсер ететін мәселе.
Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы санитариялық жағдай мен жалпы эстетикалық көрініс те назардан тыс қалмапты. Тұрғындар тарапынан аулаларға тұрмыстық заттарды, пайдаланылмайтын мүліктерді, құрылыс материалдарын және басқа да дүниелерді ретсіз орналастыру, сондай-ақ ескірген және пайдалануға жарамсыз контейнерлер, гараждар мен вагондарды сақтау жағдайлары анықталған. Оларды ретке келтіру және аумақтан шығару жұмыстары жүргізілуде. Сырт көзге қарапайым көрінгенімен, қаланың немесе кенттің болашақ келбетіне тікелей әсер ететін мәселе.
– Аулада ретсіз тұрған заттар қоғамдық кеңістікті тиімді пайдалануға, жаяу жүргіншілердің еркін қозғалысына, балалардың қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді. Сонымен бірге олар көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын кешенді абаттандыруға, көгалдандыруға, балалар және спорт алаңдарын орналастыруға, жаяу жүргіншілер жолдарын салуға және аумақтарды тиімді жоспарлауға кедергі келтіреді. Сондықтан мұндай пайдаланылмайтын, ескірген және ретсіз орналасқан нысандарды кезең-кезеңімен алып тастау, аумақтарды тазарту және ретке келтіру жұмыстары жалғаса беруі қажет. Бұл – тек әкімдік жұмысы емес. Әр тұрғын өзінің ауласын ортақ кеңістіктің бір бөлігі деп қабылдағанда ғана бұл мәселе түбегейлі шешіледі, – дейді А.Өмірәлі.
Абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында аудан әкімінің 2025 жылғы 18 маусымдағы №177 өкіміне, Қызылорда облыстық мәслихатының 2024 жылғы 24 шілдедегі №112 шешімімен бекітілген «Қызылорда облысындағы қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларына» және Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы №282 бұйрығына сәйкес жұмысшы топ құрылған. Жұмысшы топ мүшелері кент аумағын тұрақты аралап, тұрғындар мен кәсіпкерлік нысандардың иелеріне абаттандыру қағидаларын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, анықталған заңбұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдауда. Жыл басынан бері абаттандыру қағидаларының талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты 115 әкімшілік хаттама рәсімделген. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1-бөлігі бойынша 111 тұлғаға ескерту берілсе, қойылған талаптарды тиісті деңгейде орындамаған 4 тұлғаға осы баптың 2-бөлігі бойынша әкімшілік айыппұл салынған.
Кент тазалығына кері әсер ететін мәселелердің бірі – үй жануарларын қараусыз жіберу. Үй жануарлары қараусыз жүрген кезде жасыл желекке зиян келтіріп қана қоймай, жиналған қоқыстарды шашып, санитариялық жағдайды нашарлатады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408-бабының 1-бөлігімен 11 тұлғаға 1,5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған. Әрқайсысына 6 487,5 теңгеден есептегенде, жалпы сомасы 71 362,5 теңгені құрайды. Мұнда да мәселенің мәні айыппұл көлемінде емес. Негізгі мақсат – жауапкершілік қалыптастыру.
– Кент аумағын аралау барысында жеке тұрғын үйлердің кәріз жүйесіне тиесілі бірқатар құдықтың өздеріне тиесілі жер учаскелерінің шегінен тыс, көше аумағында орналасқаны анықталған. Бұл жағдай көше аумағының санитариялық жағдайына кері әсер етіп, абаттандыру талаптарының сақталмауына алып келеді. Осы мәселеге байланысты әкімшілік шаралар қолданылған кезде тұрғындар тарапынан наразылық білдіріліп жататыны да айтылды. Алайда бұл жерде жазалау мен түсіндірудің арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды. Кәріз құдығының қай жерде орналасуы керектігін тұрғын алдын ала білмеуі мүмкін. Сондықтан ағайын-туысқа, көршіге түсіндіру, тұрғындарға алдын ала ескерту – мәселенің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі, – деді кент әкімі.
САНИТАРИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК
Жиында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Гүлстан Болатова да атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады. Бұл бағыттағы цифрлар санитариялық қауіпсіздіктің қаншалықты ауқымды сала екенін көрсетеді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы №ҚР ДСМ-220/2020 бұйрығына сәйкес басқарманың бақылау және қадағалауында 591 нысан бар. Оның 370-і эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектілер. Олардың ішінде қоғамдық тамақтандыру объектілері – 20, тамақ өндірісі объектілері – 18, білім беру және тәрбиелеу объектілері – 177, коммуналдық объектілер – 144, өнеркәсіп объектілері – 11. Эпидемиялық мәні болмашы объектілер саны – 221.
2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» №360-VI Кодекстің 19-бабының 1-тармағына сәйкес эпидемиялық мәні жоғары объектілер халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алып жұмыс істеуі тиіс. Бүгінде 370 жоғары эпидемиялық мәні бар объектінің 358-і тиісті қорытынды алған, 12 объект қорытынды алмаған. Оның ішінде 3 мемлекеттік балабақша, 1 мектеп, 1 өндірістік, 1 қоғамдық тамақтандыру, 4 тамақ өндірісі және 2 емдеу мекемесі бар. Қорытынды алмаған мекемелерге оны алу жөнінде ұсынымдар беріліп, белгіленген мерзімдер күтілуде. Эпидемиялық мәні болмашы 221 объект – 50 және одан аз отыратын орны бар қоғамдық тамақтану объектілері, азық-түлік базарлары, көтерме және бөлшек сауда объектілері, қосымша білім беру объектілері, көлік құралдарына және жолаушыларға қызмет көрсету объектілері және басқа да нысандар – басқармаға қызметін бастағаны туралы хабарлама беру арқылы жұмыс істейді.
– 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын балалардың тамақтануына, тұруына, білім алуына, тәрбиеленуіне, сауықтырылуына және медициналық көмек алуына жағдай жасайтын субъектілерге қатысты ерекше бақылау мен қадағалауды көздейтін норма күшіне енді. Бұл – қоғам үшін аса маңызды жаңалық. Өйткені мектеп, балабақша, лагерь немесе балаларға арналған басқа да ұйымдардағы санитариялық жағдай – статистикалық көрсеткіш қана емес, бала денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе. Ерекше бақылау мен қадағалау санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы нормативтік құқықтық актілерде көзделген зертханалық-аспаптық зерттеулер мен өлшемдер жүргізілетін жоспарлы тексерулерді және бару арқылы мониторингті қамтиды. Басты мақсат – әр бала үшін қауіпсіз, сау және жайлы орта қамтамасыз ету. Аудан бойынша тізім жасақталып, 2026 жылдың екінші жартыжылдығында тексерумен қамтылуға тиіс 266 объект белгіленген. Шілде айынан бастап 40 нысанға тексеру жүргізіліп, тиісті нұсқамалар берілген. 2026 жылдың бірінші және екінші жартыжылдығында талаптарға сәйкестігін тексеруге нысан жоспарланбаған. Бару арқылы профилактикалық тексеруге 8 объект жоспарланып, оның 5-еуі тексерумен қамтылған. Үш объект мекенжайының өзгеруіне, кәсіпкерінің ауысуына және құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне байланысты тексерілмеген. Сонымен қатар жоспардан тыс 3 тексеру жұмысы жүргізілген.
2026 жылға арналған бақылау және қадағалау субъектілеріне бармай профилактикалық бақылау 154 объектіге жүргізіліп, оның нәтижесінде жылдың 7 айында санитариялық жағдайды талаптарға сәйкестендіру бойынша 70 ұсыным берілген. Ұсынымдар жаңадан ашылған нысандар, әлеуметтік желілердегі жарнамалар және күнделікті мониторинг мәліметтері негізінде беріледі. Ұсынымды орындамаған нысандар 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында бару арқылы профилактикалық тексеру жүргізілетін тізімге енгізіледі, – деді сала маманы.
Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша осы жылдың жеті айында «Е-лицензия» электрондық жүйесі арқылы 76 өтініш қабылданған. Оның 38-і қанағаттандырылып, рұқсат құжаттары берілсе, 38 өтінішке дәлелді бас тартулар ұсынылған. Биыл «Е-өтініш» ақпараттандыру платформасы арқылы басқармаға барлығы 36 өтініш түскен. Оның 31-і жеке тұлғалардан, 5-еуі заңды тұлғалардан келіп түскен. Барлығы белгіленген мерзімінде қаралып, орындалған. Тексеру қорытындысы бойынша 2026 жылдың жеті айында басқарма тарапынан ӘҚБтК-нің 425/1-бабымен 28 айыппұл салынып, жалпы сомасы 1 265 062 теңге толық өндірілген. Бұл сандардың ар жағында тағы бір маңызды мәселе бар: санитариялық қауіпсіздік – бір мекеменің ғана емес, тұтас ауданның қоғамдық денсаулығына қатысты жүйелі жұмыс.
Сондықтан басқарманың алға қойған міндеттері де ауқымды. Олар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің нормативтік құқықтық актілер талаптарына сәйкестігі бойынша сапасын арттыруды, білім беру, тәрбиелеу, тамақ өндірісі және қоғамдық тамақтандыру орындарындағы санитариялық талаптарға сәйкестік жұмыстарын күшейтуді, эпидемиялық мәні жоғары және елеулі объектілерді толық есепке алып, қорытынды мен хабарлама арқылы жұмыс жүргізуді ұйымдастыруды, сондай-ақ субъектілерге бармай профилактикалық бақылау жүргізуді жандандыруды көздейді.
ТАЗАЛЫҚТЫҢ ТҮПКІ МӘНІ – САНАДА
Кеңейтілген мәжілісте басқа да сала басшылары атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы міндеттерді нақтылады. Тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, тазалық, абаттандыру, санитариялық жағдай және қоғамдық тәртіпке қатысты мәселелерді көтерді.
Кеңейтілген мәжілісте басқа да сала басшылары атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы міндеттерді нақтылады. Тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, тазалық, абаттандыру, санитариялық жағдай және қоғамдық тәртіпке қатысты мәселелерді көтерді.
Жиын барысында айтылған деректерге зер салсақ, аудан бойынша тазалық пен абаттандыру бағытында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Арнайы техника жұмыс істеп тұр. Қоқыс тұрақты шығарылуда. Көшелерге су себілуде. Шет аймақтар тазартылуда. Сенбіліктер ұйымдастырылуда. Жарық шамдары орнатылып, көшелерге асфальт төселуде. Аулалар ретке келтірілуде. Кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбетіне бақылау күшейтілді. Заңбұзушылықтарға әкімшілік шаралар қолданылуда. Санитариялық бақылау жүргізілуде. Балалар нысандарына ерекше назар аударылуда. Бірақ осы жұмыстардың бәрінен де маңызды бір мәселе бар. Ол – тазалықты сақтайтын адамның санасы. Қоқысты жинайтын техника қанша көп болса да, қоқыс тастамау мәдениеті қалыптаспаса, мәселе шешілмейді. Қанша сенбілік өткізілсе де, қоғамдық орынға ұқыпты қарау дағдыға айналмаса, тазалық тұрақты болмайды. Қанша әкімшілік хаттама толтырылса да, заңды сыртқы мәжбүрлік емес, ішкі жауапкершілік ретінде қабылдау қалыптаспаса нәтиже толық болмайды. Сондықтан «Таза Қазақстанның» ең үлкен нәтижесі – жиналған қоқыстың тоннасы ғана емес, тазалыққа деген көзқарастың өзгеруі.
Әрине, белгіленген талаптарды сақтап, өз аумақтары мен іргелес аумақтарды абаттандырып, көгалдандырып, көшет отырғызып жүрген мекемелер, кәсіпкерлік нысандар мен тұрғындар да бар. Осындай игі бастамаларға атсалысып, қоршаған ортаның тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосып жүрген нысан иелері мен тұрғындарға ерекше алғыс айту қажет.
Туған жердің тазалығы мен көркеюіне немқұрайлы қарамай, ортақ іске жанашырлық танытып жүрген азаматтардың еңбегі – өзгелерге үлгі. Шын мәнінде, қоғамдық мәдениет осындай азаматтардың әрекетінен қалыптасады. Бір адам ауласын таза ұстайды, екіншісі көшет отырғызады, үшіншісі қоқысты белгіленген жерге тастайды, төртіншісі балаларға қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауды үйретеді. Осындай ұсақ көрінетін, бірақ күн сайын қайталанатын әрекеттер үлкен қоғамдық мәдениетке айналады.
Шиелінің бүгінгі міндеті де, ертеңгі межесі де осы – тек тазаланған емес, тазалықты қадірлейтін, абаттандыруды өз міндеті санайтын, заңнан қорқып емес, ел алдындағы жауапкершілігін сезініп тәртіп сақтайтын орта қалыптастыру. Өйткені туған жердің көркеюі – біреудің емес, бәріміздің қолымыздағы іс.
Сұлушаш МАДИЯРОВА








