Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірі өлеңге айналған, Бекжан ақын

Өмірі өлеңге айналған, Бекжан ақын

«Өлді ақын... қоғам қалды ары жетім,
Жасымен жуғансынды бәрі бетін,
Қазаны жеткізді ел бір-біріне,
Айтқандай ауа райы мәліметін...» деген өлең жолдарының авторы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бекжан Әшірбаев 52 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Бекжан Төребекұлы 1974 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, «Ленин жолы» ұжымшарында дүниеге келген. 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн үздiк бiтiрген. Сол жылдан берi аталған бiлiм ордасында қызмет атқарып келді. Журналистика саласында елеулі еңбек етті.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметінің мәліметінше, ақын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың республикаға тарайтын «Қазақ университетi» газетiнiң бас редакторы (2002-2006), республикалық «Azamat.kz» қоғамдық-саяси апталығы бас редакторының бiрiншi орынбасары (2005-2006), республикалық «Ел мен Жер» қоғамдық-саяси апталығының бас редакторы (2006), республикалық «Жас қазақ үнi» газетi бас редакторының орынбасары (2007), Қазақстан Жазушылар Одағына қарасты республикалық «Қазақ әдебиетi» газетi бас редакторының бiрiншi орынбасары т.б. қызметтерді атқарған.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесi. Республикалық «Қазақ әдебиетi», «Жұлдыз», «Жас қазақ үнi», «Azamat.kz», «Парасат» басылымдарында топтама өлеңдерi жарияланды. 2008 жылы «Жазушы» баспасынан мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көрген «Қоңыр әуен» өлеңдер кітабының және өзге де жыр жинақтарының авторы. Сондай-ақ 1989 жылдан бері республикалық ақындар айтысына қатысқан.
Бекжан Әшірбаевтың шығармашылығы айтыс өнерімен ғана шектелмей, поэзия, музыка, ­журналистика және ұстаздық салаларымен сабақтасты. Оның артында өлеңдері, әндері, мақалалары мен шәкірттері қалды. Әнші Тоқтар Серіковтің орындауындағы «Көршінің қызы» деген әнімен танылған әуесқой сазгерлігі де бар еді.
Қаралы хабарды естеген шиелілік ақын Талғат Күзембаев әлеуметтік парақшасына төмендегідей өлең жолдарын арнапты.

Бар қауым сізден ұлылық күтті,
Көрмеп ең ойды тұмшалап.
Шын мықтылардың ғұмыры тіпті,
Болады неге тым шолақ?!

Көршінің қызы керемет еді,
Авторы да оның мықты адам.
Өмірден ерте неге кетеді?
Баса алмай өрге нық қадам?!

Сөзіңді айттың кідіріп қалмай,
Өнерде жоқ деп шекара.
Қымыз жырыңды сіміріп алмай,
Кеткеніңіз бе, Бек аға?!

Сізді де алды нар тарих төрі,
Болсаң да мықты, нар тұлға,
Алты әріппенен алфавиттегі,
Атыңыз қалды артыңда.

Көршінің қызы керемет еді,
Авторы да оның мықты адам.
Өмірден ерте неге кетеді?
Баса алмай өрге нық қадам?!!

Қазақ руханиятына өзіндік үлес қосқан қаламгердің қазасы – әдебиет пен журналистика қауымы үшін ауыр қаза. Бекжан Әшірбаевтың есімі мен шығармашылық мұрасы ел жадында сақталмақ.

Мейіржан ИБРАГИМ
18 тамыз 2026 ж. 28 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№62 (9429)

18 тамыз 2026 ж.

№61 (9428).

15 тамыз 2026 ж.

№60 (9427)

11 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31