Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАНДАҒЫ АУҚЫМДЫ АКЦИЯ

АУДАНДАҒЫ АУҚЫМДЫ АКЦИЯ

Қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және табиғатқа жанашырлықпен қарау бүгінгі қоғамның маңызды міндетінің біріне айналды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы қарқынды түрде жалғасып келеді. Аталған бастама аясында Шиелі ­ауданында да жүйелі жұмыстар үздіксіз жалғасып, аудан тұрғындары ортақ іске белсенді атсалысуда.
Жалпыұлтық акция негізінде ауданда тазалық жұмыстары күн тәртібінен түспей, тиісінше ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына көзіміз куә. Жаңа техникалар көше бойына су шашып, бірі қоқыс жәшіктеріндегі жүкті тиеп арнайы орындарға жөнелтуде. Тұрғындар тарапынан да бұл бағытта үлкен қолдау көрсетіліп, әр үй иесі өзінің ауласын тазалап, көшет ағаштарын отырғызып үлесін қосуда. Бұл атқарылып жатқан игілікт іс қоғамның экологиялық мәдениетінің артқанының айқын көрінісі.
Өткен сенбілік аудандағы теміржол бекеттері мен Шиелі теміржол вокзалы аумағында өтті. Акцияға аудан әкім ­Айтбай Жандарбеков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қабілеш Бекішов, қоғамдық кеңес мүшесі Насырбек Аябекұлы арнайы қатысты.
Мазмұнды экологиялық акция барысында аудан әкімі А.Жандарбеков сөз сөйлеп, игілікті істі жұмыла атқаруға шақырды.
«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына тікелей байланысты. Себебі әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас аудан мен ауылдың айнасы. Ұлы жол алғашқы қадамнан басталады. Осы ретте, акция аясында аудан халқы туған жерді түлетуге атсалысады деп сенеміз. Алдағы уақытта абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып, жарықтандыру, жол жиегін ретке келтіру жұмысын бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді Айтбай Насриддинұлы.
Сондай-ақ аудан басшысы тазалық жұмыстарына тұрақты түрде үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар мен мекеме қызметкерлеріне «Алғыс хатын» табыстады.
Акция аясында аудан аумағындағы теміржол бекеттері мен вокзал маңы аумақтарындағы арамшөптер шабылып, күл-қоқыстар шығарылды. Тазалық жұмыстарына мекеме қызметкерлері, еріктілер, жастар және ардагерлер, барша аудан тұрғындары белсенді қатысып, жалпы саны 1600-ден астам адам жұмылдырылды.
Бүгінгі күні Шиелі ауданы – тек таза және көрікті ғана емес, қоғамдық мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің айнасы. Мұнда әрбір бұрыш, әрбір көшенің тазалығы тұрғындардың және әкімдіктің ұқыпты еңбегін көрсетеді. Алдағы уақытта да ­аудан әкімдігі мен жергілікті халық бірлесіп, жасампаздықты, абаттандыруды және экологиялық тәртіпті одан әрі нығайта түсеріне сенім мол.
Бұл шара тазалық жұмыстары ғана емес, ол қоғамның экологиялық санасын көтеруге бағытталған үлкен қадам. Таза табиғат – тек бүгінгі күннің игілігі емес, ертеңгі ұрпаққа қалдырар ең қымбат мұрамыз екендігін бір сәтке естен шығармағанымыз жөн.

«Өскен өңір» ақпарат
27 мамыр 2026 ж. 40 0