3000 түп ағаш – туған жерге жасалған аманат
23 наурыз күні Шиелі ауданында адамдардың жүрегін жылытқан ерекше көрініс орын алды. Аудан тұрғындары, жастар, еріктілер мен ардагерлер бірігіп, «Таза Қазақстан» акциясы аясында туған жерді жасыл желекке бөлуге белсенді қатысты. Күннің сәулесі бойға қуат беріп, әр адам қолына шым мен көшет алып, таза, көркем әрі жасыл Шиелі үшін еңбек етті. Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып, туған жерге қамқорлық пен табиғатқа жауапкершілікті насихаттауда маңызды рөл атқарады.Акция барысында көшелер, саябақтар, қоғамдық орындар мен тарихи-мәдени нысандар тазартылды. Бірақ ең басты назарда қасиетті «Оқшы ата» мазараты аумағы болды. Сол жерде тұрғындар, жастар мен еріктілердің күш біріктіріп, 3 000-нан астам ағаш көшеті отырғызылды. Әрбір тал – табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің, болашақ ұрпаққа жасалған аманаттың айқын белгісі. Ағаш көшеттері жердің жасыл тынысын арттырып, ауданның әр бұрышын көрікті әрі жайлы етті.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өз қолымен тал отырғызып, шараға қатысқан барлық тұрғынды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтады. Ол акцияның тек табиғатты сақтау ғана емес, елдің экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы маңызына тоқталып, жаңа Ата заң аясындағы реформалар мен өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы оң өзгерістерге де назар аударды.
Жастардың жігері мен еріктілердің белсенділігі, ардагерлердің тәжірибесі мен аудан тұрғындарының ынтымағы туған жерді жасыл желекке бөлді. Көшелер мен саябақтардың тазалығы, қоғамдық орындардың көрікті болуы – тек мерекелік көңіл-күй емес, тұрақты экологиялық мәдениеттің нақты белгісі.
«Таза Қазақстан» акциясы бір күндік іс-шара ғана емес. Бұл – болашаққа жасалған жасыл аманат, тұрғындардың табиғатқа деген сүйіспеншілігінің, азаматтық жауапкершілігінің, бірлігінің көрінісі. 3 000 ағаш көшеті – жасыл Қазақстанның символы, ал әрбір қатысушының ықыласы – туған жердің тірі тынысы. Шиелі табиғаты осындай ұмытылмас бастамалар арқылы жаңарып, әрбір тал мен әрбір көше ауданның көркі мен рухын айшықтайды.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ






