Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңгені тиімді жұмсай білсең, тұрмысың түзеледі

Теңгені тиімді жұмсай білсең, тұрмысың түзеледі

Ақша – адамның күнделікті өмірінде үнсіз ғана қатар жүретін, бірақ тағдырлы шешімдерге ықпал ететін маңызды құрал. Ол бірде арманға апарар баспалдақ болса, бірде дұрыс басқарылмаса, адамды зиянды әдетке алып баруы мүмкін. Сондықтан қаржылық сауаттылық дегеніміз – ақшаны көп табудың ғана емес, қолдағы қаражатты ақылмен басқарудың, болашақты жоспарлаудың және күтпеген қиындықтарға дайын болудың мәдениеті.
Бүгінде қаржы әлемі бұрынғыдан да күрделі. Банктік қосымшалар, онлайн несие, бөліп төлеу, инвестициялық құралдар, цифрлық төлемдер мен интернеттегі түрлі ұсыныстар адамның қаржылық шешімдерін күн сайын көбейтіп келеді. Осындай жағдайда қаржыны түсіну – қосымша артықшылық емес, өмірлік қажеттілік.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) қаржылық сауаттылықты қаржыға қатысты білім мен түсінікті ғана емес, сол білімді нақты жағдайда қолдануға мүмкіндік беретін дағдылар, көзқарастар мен мінез-құлықтың жиынтығы деп қарастырады. Яғни қаржылық сауатты адам пайыз мөлшерлемесін біліп қана қоймай, несие алар кезде оның өз бюджетіне әсерін есептей алады, тәуекелді бағалайды және саналы шешім қабылдайды.

Ақшаны басқару – өз өміріңді басқару
Қаржылық сауаттылықтың бастауы – қарапайым әдеттерден басталады. Ең алдымен адам өз табысы мен шығынын білуі керек. «Ақша қайда кетті?» деген сұраққа нақты жауап бере алмаған жанның қаржылық мақсатына жетуі де қиын.
Ай сайынғы кірісті бірнеше бағытқа бөліп қарастыру пайдалы: күнделікті қажеттілік, міндетті төлемдер, жинақ, ұзақ мерзімді мақсаттар және күтпеген жағдайларға арналған қаражат. Мұнда ең маңыздысы – көлемнен бұрын жүйелілік. Аз мөлшердегі тұрақты жинақтың өзі уақыт өте келе елеулі қаржы қорына айналуы мүмкін. Қаржылық тәртіп – өзіңді шектеу емес. Керісінше, ол еркіндікке ­бастайды. Бүгін қажетсіз шығынды азайту – ертең маңызды мақсатқа ақша жинауға мүмкіндік береді. Үй алу, білімге қаражат бөлу, кәсіп бастау немесе зейнет жасына дайындалу сияқты үлкен мақсаттардың барлығы кішкентай, бірақ тұрақты қадамдардан құралады.
Десек те, өмірдің өз есебі бар. Жоспарланбаған шығын, жұмыстағы өзгеріс, тұрмыстық қажеттілік немесе басқа да күтпеген жағдай кез келген адамның қаржылық жоспарына әсер етуі мүмкін. Сондықтан қаржылық қауіпсіздіктің маңызды элементтерінің бірі – төтенше жағдайларға арналған қор қалыптастыру. Мұндай қор адамның барлық мәселесін шешпейді, бірақ қиын кезеңде жоғары пайызды қарызға жүгіну қажеттілігін азайтады. Осы тұрғыдан алғанда, жинақ – жай ғана ақша емес, адамның ертеңгі күнге деген сенімі.
Қаржылық сауаттылық саласындағы белгілі зерттеуші, Стэнфорд университетінің профессоры Аннамария Лусарди өз еңбектерінде қаржылық сауаттылықты қазіргі қоғамда өмір сүру үшін қажетті маңызды дағды ретінде атап көрсетеді. Оның пікірінше, қаржы мәселесін түсіну адамның күнделікті таңдауларынан ­бастап ұзақ мерзімді әл-ауқатына дейін әсер етеді.

Несие – мүмкіндік, бірақ міндеттемесін ұмытпа
Қазіргі қоғамда несие өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Несие дұрыс мақсатқа жұмсалып, төлем қабілеті алдын ала есептелсе, қажетті мүмкіндікке жол ашуы мүмкін. Алайда қарыздың екінші жағы да бар: ол – болашақ табыстың белгілі бір бөлігін бүгін жұмсау.
Зерделеп қарасақ халық қарапайым ­тауарларды, жиһаз, электроника, тұрмыстық техниканы да несиеге рәсімдейді. Жинап, жоспарлап алудың орнына қажеттілікті дәл қазір қанағаттандырғысы келіп, несиеге, артық пайызбен алып жатады. Тіпті алда қанша ай бойы төлеу керек екендігін де есепке алмайды. Егер табысыңызды арттыру мақсатында, айналымдағы қаржыны көбейту, кәсіпті кеңейту мақсатында несие рәсімдесеңіз, ол дұрыс-ақ. Қарапайым мысал, мобилограф болсаңыз, сізге соңғы үлгідегі гаджет керек болады. Оны несиеге алып, табысыңызды арттырған жағдайда бұл тиімді несие. Немесе такси жүргізушісі болсаңыз, көлігіңізді жаңартып, үздіксіз, тоқтамай жұмыс істеп, табысыңызды көбейтесіз. Тағы жылжымайтын мүлікке ипотека алу да пайыздық мөлшері жағынан оңтайлы болса – дұрыс шешім. Ал керек, керек емесіне қарамай, той-домалаққа, басқаға несие алу – қате. Бір несиені екіншісімен жабатындар да аз емес. Бейнелі түрде айтсақ, бұл жүк үстіне жүк ілу. Әлбетте, банктер де неше түрлі жарнама жасап, кепілдіктер беріп, халықты қызықтыратынын да жасырмаймыз. Нәтижесінде, банк алдындағы берешегін қайтара алмай жүрген азаматтар көп. Өкінішке қарай, несие еліміздегі әр отбасының мәселесі деп айтуға да болады.

Инвестиция – асығыстықты емес, білімді талап етеді
Ақша жинау – қаржылық тұрақтылықтың бір бөлігі болса, инвестициялау – қаражатты ұзақ мерзімде көбейтуге бағытталған құралдардың бірі. Бірақ инвестиция ұғымы «тез әрі оңай байып кету» деген сөз емес. Кез келген инвестициялық шешімнің алдында тәуекелді, табыстылықты, мерзімді және құралдың ерекшелігін түсіну қажет. «Кепілді жоғары табыс», «тәуекелсіз мол пайда» деген уәделерге сын көзбен қараған жөн. Қаржы әлемінде жоғары табыс мүмкіндігі көбіне жоғары тәуекелмен қатар жүреді. Сондықтан инвестицияға алғашқы қадам ақша салудан бұрын білім алудан басталады.
Ақша туралы түсінік адамның бойында ерте жастан қалыптасады. Балаға ақшаның құнын, еңбек пен табыстың байланысын, қажеттілік пен қалаудың айырмашылығын түсіндіру – оның болашақ қаржылық мінез-құлқына жасалған маңызды қадам. OECD мәліметтері бойынша, қаржылық сауаттылықты ерте жастан қалыптастыру маңызды, өйткені жасөспірімдер күнделікті өмірде ақшаға қатысты алғашқы шешімдерін қабылдай бастайды.
Қазақстанда да бұл бағытқа назар күшейіп келеді. 2026 жылғы шілдеде Қазақстан Ұлттық Банкі халықтың қаржылық сауатын арттыруға арналған жаңа оқу материалдарын ұсынды. Онда инфляция, кредит, инвестиция, қаржылық алаяқтық, қаржы пирамидалары және дербес деректерді қорғау сияқты өзекті тақырыптар қамтылған. Сонымен қатар мектеп пен колледж педагогтарына арналған қаржылық сауаттылық бойынша оқыту жұмыстары жүргізілуде.

Цифрлық дәуірде қаржылық сақтық қажет
Бұрын ақшаны қорғау үшін әмиянды берік ұстау жеткілікті болса, бүгінгі күні цифрлық қауіпсіздік те қаржылық сауаттың ажырамас бөлігіне айналды. Бейтаныс сілтемеге өтпеу, банк картасының деректерін бөгде адамға бермеу, күмәнді қоңырауларға сенбеу, құпия кодтар мен парольдерді жарияламау – қарапайым көрінгенімен, аса маңызды ережелер.
Қаржылық алаяқтықтың әдістері үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан «мені алдай алмайды» деген сенімнен гөрі, кез келген күмәнді ұсынысты тексеру әдеті әлдеқайда қауіпсіз.
Қаржылық сауатты болу үшін бір күнде экономистке айналудың қажеті жоқ. Ең маңыздысы – тұрақты түрде үйрену және алған білімді күнделікті өмірде қолдану. Біріншіден, ай сайын бюджет жүргізу қажет. Кіріс пен шығысты жазып отыру адамның өзінің қаржылық әдеттерін көруіне мүмкіндік береді. Екіншіден, қаржылық мақсат қою керек. «Ақша жинаймын» дегеннен гөрі «алты айда белгілі бір соманы жинаймын» деген мақсат нақтырақ. Үшіншіден, қаржы өнімдерінің шарттарын оқуды әдетке айналдырған жөн. Несие, депозит, сақтандыру немесе инвестициялық құрал болсын – қол қоймас бұрын шарттың негізгі талаптарын түсіну маңызды. Төртіншіден, қаржылық қауіпсіздік қорын қалыптастыру қажет. Бесіншіден, қаржы туралы сенімді дереккөздерден тұрақты білім алу керек. Қазақстан Ұлттық Банкі өзінің қаржылық сауаттылық платформасында қаржылық әдеттер, отбасы бюджеті, инфляция, кредит, инвестиция және басқа да тақырыптар бойынша оқу материалдарын ұсынады.

Түйін
Қаржылық сауаттылық – калькуляторды жақсы қолдану немесе экономикалық терминдерді жатқа білу емес. Ол – әр теңгенің мәнін түсіну, бүгінгі шешімнің ертеңгі салдарын болжай білу, қажет кезде «жоқ» деп айта алу және өз қаржыңа жауапкершілікпен қарау.

Г.Әбдіханиқызы
18 тамыз 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№62 (9429)

18 тамыз 2026 ж.

№61 (9428).

15 тамыз 2026 ж.

№60 (9427)

11 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31