Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ БАЙЛЫҚҚА БАСТАЙДЫ

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ БАЙЛЫҚҚА БАСТАЙДЫ

«Көп ақша табу – батырлық, оны сақтау – данышпандық, ал жөнімен жұмсау – өнер» деген екен даналар. Сол айтқандай, көпшілігіміз қаржыны басқарудың қарапайым ережелерін біле бермейміз.
Әнеугүні «актив» байланыс орталығына жолым түсті. Кезекте отыр едім, жұпынылау киінген бір кісі соңғы үлгідегі айфонды несиеге рәсімдеп жатқанын көзім шалды. Бағасы нақты есімде жоқ, бірақ 500-700 мың теңге арасында. «Соншама қымбат телефонды бұл қайтпек екен-ей? Шаруам­ қанша, мүмкін ет жақынын қуантайын деген шығар» деп өз ойыммен алыса бастағаным сол, әлгіге қызмет көрсетіп отырған қыз:
– Аға, бұл телефонды не істейсіз? – деп сұрай жөнелді.
– Ақшалай несие шықпай тұр. Осыны аламын да, апарып өткізіп, ақша қыламын. Көрші, анауың қай жақтан шыққан өзі? Қытайдікі болып тұрмасын, – деді қатқылдау үнмен. Екеуінің әрі қарайғы диалогына мән бермедім. Мені бар мазалағаны халықтың қаржылық сауаты артпай, тұрмысы жақсармайды. Жаңа заң қабылданды, енді басында несиесі бар қазақстандықтар қайта қарыз ала алмайды. Сөйтіп елдің берешегі азаятын болды деп қуанғанымыздың бәрі бекер-ау деп топшыладым өзімше. Әйтпесе, төрт сағаттық той үшін бес жылға несие алатын, 60 мың айлық алып, қарызға құндыз тон киетіндердің ақша жұмсауға сауаты артпай, қабылданған заңдардан қайран болуы екіталай. Біз бұнымен табысы аздар жақсы өмірді сүрмесін деуден аулақпыз. Тек қалтаға қарай көсіліп, қолында барды ұқсата отырып, беталды несиеге бет бұрмаса екен дейміз. Ол үшін қазаққа қаржылық сауат қажет. Қаржылық сауат – бір айлықты келесі жалақыға итшілеп жеткізу емес. Немесе несие алып, оны оңды-солды шашу да емес. Қаржылық сауат – бар қаржыны үлестіріп жұмсай алу. Қазақстанда қаржылық сауаттылықты безбендеу үшін жыл сайын әлеуметтанушылық зерттеу жүргізіледі екен. Тіпті, осыған байланыс­ты 2020 жылы «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Соған қарағанда қаржы жұмсаудағы сауатымыз мәз емес. Қазақстандықтардың тек 36 процентінде қаржы жөнінде сауат бар көрінеді. Басқамыз бет алды ақша шашқаннан әріге аса алмай жүрміз. Зерттеу соны көрсетті.

ҮНЕМДЕУ – БАЛА КЕЗДЕН БАСТАЛАДЫ
Балаларды өз бетінше қаражат табуға, қаржыны үнемдеуге қалай үйретеміз? Енді осыған келейік. Егер ата-ана балаларын артық қаражат беруден тыйса, бала «ата-анам менен ақшасын аяйды. Олар мені жақсы көрмейді» деп ойлауы мүмкін. Бұл әрбір баланың басына келер алғашқы ой. Алайда бұл жағдай – жасөспірімдерді кенеттен ересек болуға үйретудің алғашқы баспалдағы. Ата-ана баланы ерте бастан осылайша ақша қатынастарымен біртіндеп таныстыра бастаған жөн. Алдымен бұл балмұздақ пен тәтті ірімшік арасында жасалатын таңдау болуы мүмкін. Содан соң ақшаны тәттіге жұмсамай, жинап қызықты кітап алуға тырысады. Сондай-ақ балаға ақшаны бір күнге емес, бір аптаға тіпті, одан ұзақ мерзімге де беруге болады. Осылайша, балада өз қаражатын болашаққа жоспарлаудың алғашқы тәжірибесі пайда болады.
Иә, қаржылық сауатты болу үшін көп ақша керек емес. Ақшаны дәл қазірден бастап басқаруға болады. Бұл ретте сіздің қолыңызда қанша қаражат бар екені мүлдем маңызды емес. Қалтаңызда 50 немесе 500 мың теңге болуы мүмкін. Бастысы сауаттылыққа баулитын ережелерді орындай отырып, сіз ақшаның нағыз құндылығын түсініп қана қоймай, оларды басқаруды үйренесіз. Бүгінде бұл бағытта түрлі кітаптар, кинолар, тіпті ақылы, тегін курстар да толып жатыр.

Сауатсыздық соңы – кедейлік
Айта берсек, қаржы жөнінде білеріміз – бір тоғыз. Білмейтініміз – тоқсан тоғыз. Сол сауатсыздықтың соңы кедейдің қамытын шешуге мүмкіндік бермейтінін де мойындап қоюға тиіспіз. Ал бұл туралы білімді Швеция, Ұлыбритания, АҚШ елдері миға мектептен бастап құяды екен … Біз ше?!

Гүлхан ЯХИЯ
30 шілде 2022 ж. 411 0