Қол жетімді тарифтер қымбаттап барады
Қазақстан ТМД бойынша мобильді интернетке ең көп ақша жұмсайтын елдердің көшін бастап тұр. Ал цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Қазақстанның интернет-трафиктер бағасы бойынша ең арзан елдердің ішінде 3-ші орын алатынын мақтанышпен айтады. Бірақ министр біздегі табыс деңгейін ескермеген секілді.
2018 жылы Content Review агенттігі жүргізген зерттеу бойынша, Қазақстан интернеті арзан елдердің төрттігіне кіріп, 1 гб трафик бағасы – 264 теңге екені белгілі болған. Арзан интернет бойынша алғашқы орындарда Иран, Польша және Венесуэла елдері орналасыпты. Қазір жағдай тіптен басқа. Тарифтер қазақ ертегісіндегі толағайдай жыл санап емес, күн санап қымбаттап жатқандай. Ұялы байланыс операторлары «Береген – қолым алаған» деген қазақ мақалына сүйеніп жұмыс істесе қанекей. Сапалы, жоғарғы жылдамдықтағы интернетпен қамтысын да, соған лайықты баға ұсынсын. Бізде бәрі керсінше. Баға қымбаттайды, бірақ елді-мекендердегі интернеттің сапасы сын көтермейді. Еліміздегі байланыс операторларының ұсынып отырған тарифтеріне тоқталайық. «Билайн» операторы ұсынған ең арзан тариф 3990 теңге тұратын көрінеді. Бұл бағаға 16 гигабайт интернет, тегін ішкі қоңыраулар мен сыртқы қоңырауларға берілетін 200 минут кіреді. Әй, бірақ сол 16 гигабайт интернетіңіз 15 күнге де жетпейді ау. Айдың ортасы болмай интернетіңіз таусылады, аз күнде минуттарыңызды жоқ болады. Содан келіп ай өтпей тарифті қайта қосуға мәжбүр боласыз. Әр отбасы мүшесіне шаққанда тарифке кететін шығыныңыз тіптен шарықтап кетеді. Мүмкін бәсекелес операторларда баға төмен шығар. Бағамдап көрейік!
Келесі байланыс операторы бұл актив компаниясы. «Актив» сізге 2590 теңге қаражатыңызға 6 гигабайт интернет пен сыртқы қоңырауларға арналған 60 минут береді. «Теле2» операторында да осыған ұқсас жағдай. Ең арзан деген тарифі 2490 теңге тұрады. Бұл ақшаға сізге 50 минут пен 5 гигабайт интернетпен қуантады. Көріп тұрғанымыздай мына сандарды көріп, белайнмен жылап көрісетін жағдайға жеттік. Демек, баға бәрінде шамалас, «келісіп пішкен тон келте болмас» деп отыр деп ойлауыңыз мүмкін.
Баға неге қымбат? Байланыс операторларының арасында бәсекелестік жоқ па деген заңды сұрақ туады осындайда. Бәсекелестік әрине болған. Бірақ мына жағдай бәрін өзгертті.
Монополия – сөзбе-сөз мағынасында тауардың жалғыз сатушысы деген ұғым береді.
2019 жылы еліміздегі белді ұялы байланыс операторы «Теле2» компаниясы акцияларын толықтай «Қазақтелеком телекоммуникациялық компаниясына» сататынын жариялады. Ал 2018 жылы «Kcell, Актив» операторының акциялары да «Қазақтелекомның» қолына өткен болатын. Осылайша еліміздегі тәуелсіз жалғыз оператор болып «Билайн» компаниясы ғана қалды. Олардың да монополис компанияның қысымына төтеп беруге қауқары қанша уақытқа жетері белгісіз. Демек, Қазақтелеком еліміздегі жалғыз монополис компанияға айналды деген сөз. Бұл жағдайда қарапайым тұрғындар қайтпек? Мүмкін «Қазақтелекомның» бізге ұсынар тиімді тарифтері бар шығар? Оны да қарап көрдік.
Ол үшін «Қазақтелекомның» сайтына кіру жеткілікті. Тарифтер құны 7999 теңге мен 9499 теңгені қамтиды. Қымбат дейтін шығарсыз. Бірақ, бұл бағаға жоғарғы жылдамдықтағы Wi-Fi мен спутниктік теларналар және де 2 ұялы байланыс номері беріледі. Онда шексіз интернет пен сөйлесуге арналған 1500 минут та бар. 3 адамнан тұратын шағын отбасы болса, адам басына 2600 теңгеден келеді. Міне, тиімді тариф те табылды. Мәселе шешілді деп ойлап отырған шығарсыз. Бірақ мұнымен мәселеміз шешілмейді. Қазақтелекомның қызметтері тек қалалық жерлер мен аудан орталықтарында ғана қол жетімді. Ал, ауыл тұрғындары интернет желісін жүргізу үшін айлап күтуі мүмкін.
Нартай ауылының тұрғыны Қуаныштың сөзіне сенсек, оның өз үйіне интернет желісін құрғыза алмай жүргеніне жарты жылдан асқан. «Қазақтелекомның» кеңсесіне барып арнайы өтініш толтырған оны қызметкерлер «бізден қоңырау күтіңіз» деген уәдемен шығарып салған. Ай өткен, жарты жыл өткен, бірақ кеңсе қызметкерлерінен қуанышты хабарды жеткізетін қоңырау келмепті. Сөйтіп оның «Қазақтелекомға» деген сенімі жоғалған.
Елдегі жалғыз монополис компания сапалы байланыспен қамти алмай отырса, басқасынан не қайыр. Бәсекелестік бар жерде ғана алға өрлеу, даму болады. Монополис компаниядағылар осыны естен шығармаса екен.
Рамазан Әнәпия