ТАЗАЛЫҚ – ТАБИҒАТҚА ДЕГЕН ТАҒЗЫМ

Аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері, жастар – барлығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, туған өлкенің тазалығы мен ажарына үлес қосуға жұмыла кірісті. Қолдарына күрек-кетпен, қап пен тырма ұстаған ел азаматтары көшелерді, арық-атыздарды, саябақтарды күл-қоқыстан тазартып, айналаны абаттандыруға белсене атсалысты. Арам шөп жұлынып, қураған бұтақтар қырқылды, жаяу жүргіншілер жолы сыпырылды. Қоқыс арнайы орындарға жеткізіліп, заңсыз төгілген қалдықтар жойылды. Бұл жұмыстардың барлығы – экологиялық мәдениеттің, табиғатты аялау мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Табиғат – бізге аманат. Ауа, су, топырақ – тіршіліктің үш тірегі. Ал олардың тазалығы – болашақ ұрпақтың денсаулығы мен өмір сапасының негізі. Осыны терең түсінген шиеліліктер сенбілікке белсене қатысып, туған жерге деген жанашырлығын нақты әрекеттерімен дәлелдеді. Тазалық тек сыртқы келбеттің сәні емес, ол – ішкі мәдениеттің, рухани кемелдіктің көрсеткіші. Қазақ халқының «Тазалық – имандылықтың бір көрінісі» деген сөзі осының дәлелі. Ауылаймақтың тазалығы артса, тұрғындардың тұрмыс деңгейі де, елге деген сүйіспеншілігі де арта түседі. Шиеліде өткізілген сенбілік осы ойдың айқын мысалы. Жұдырықтай жұмылған жұрт «жұмыла көтерген жүк – жеңіл» дегенді тағы бір дәлелдеді. Әрбір күрекпен алынған қоқыс – тек қана көзге көрінетін қалдық емес, ол – азаматтық борыштың, қоғам алдындағы жауапкершіліктің бір түйірі. Табиғатты қорғау – уақытша науқан емес, өмір сүру салтына айналуы керек. Бүгінгі тазалық – ертеңгі жарқын болашақтың кепілі. Ендеше баршамыз туған жердің гүлденуіне, оның табиғи сұлулығын сақтауға өз үлесімізді қоса білейік!
«Өскен өңір» ақпарат