«Елім деп соққан жүрегі», Байдрахмановты бәрі біледі
Шежірелі Шиелінің қасиетті топырағынан ақындар мен жазушылар, шайырлар мен сүлейлер, еңбек ерлері шыққан. Осынау өлкені жұрт мәдениетті, өнерлі, әдебиетті, ақ-адал еңбекті дәріптейтін өңір деп біледі. Солардың қатарындағы шоқтығы биік тұлғаның бірі – Дәулетбек Байдрахманов.Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде қазақтың қасиетті жырына адал қызмет еткен, туған жердің тағдырын толғап, елдің мұңын жырлаған көрнекті ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дәулетбек Байдрахмановтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Елім – деп соққан жүрегі» атты облыстық жазба ақындар мүшайрасы өтті.
Бұл кеш сағыныш пен құрмет тоғысқан, ақынның асыл мұрасын тағы бір мәрте жүрекпен сезінетін ерекше күн болды. Ақынның ғұмыры – халқына қызмет етудің, туған жерге, елге деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі екенін дүйім жұрт жақсы біледі. Оның жүректен шыққан жырлары талай адамның жан дүниесіне сәуле шашып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани қазына. Дәулетбек Байдрахманов – жыр әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, елдік пен ерлікті, туған жер мен адамгершілікті арқау еткен сыршыл ақын. Бүгінге оның қаламынан туған әрбір туынды ұлт руханиятының асыл қазынасына айналды.
Байқаудың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов сөз сөйлеп, қатысушы ақындарға сәттілік тіледі. Сонан соң сахна төріне Қазақстанның танымал әдебиет сыншысы, публицист және журналист, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Сарбалаев, еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Исабек Байкенжеев, Дәулетбек Байдрахмановтың інісі Асылбек Қалышев көтеріліп, Сыр елінің құнарлы топырағынан нәр алып, жыр болып өркен жайған, талантымен талайды тамсантып, әрбір жүректе өлең болып өмір сүрген Дәулетбек Байдрахманов жайлы естеліктер айтып, оның өнегемен өрілген өмірін тілге тиек етті.
Байқауға Қызылорда қаласы мен барлық ауданнан келген 10 ақын қатысып, туған өлкесінің мақтанышы Дәулетбек Байдрахмановтың шығармашылық мұрасын жырға қосты. Мүшайраға қатысушы ақындарға ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Кенжебай Жүсіп, журналист Мақсұт Ибрашев, ақын, ұстаз Рахметулла Жолтаев қазылық етті.
Ақынды еске алуға арналған жыр мүшайра екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар бірінші кезеңде Дәулетбек Байдрахмановтың болмысы мен бітімін аша түсетін арнау өлеңдерін тарту етсе, екінші кезеңде еркін тақырыпта өз шығармашылығынан өлең оқыды. Жыр додасының қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орын шиелілік Мақсат Қали мен Қызылорда қаласынан келген ақын Ғабит Кәдірбайға бұйырды. Байқауда ІІ орынды қызылордалық Бексұлтан Санақұл, І орынды Нұркелді Өтепберген жеңіп алды. Қазылар алқасының ұйғарымымен, өзінің отты жырымен көпшіліктің ықыласына бөленген шиелілік дарынды ақын Бекжан Ержігіт бас жүлдеге лайық деп танылды. Сондай-ақ шараға қатысқан барлық ақындарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Мүшәйрадан соң орталық мешіт асханасында ас беріліп, Дәулетбек Байдрахманұлының рухына Құраннан дұға бағышталды.
«Ақынның өзі өмірден өтсе де, сөзі мәңгі жасайды» дегендей, оның әрбір өлеңі, айтқан әрбір ойы халқымен бірге жасап келеді. Жыр мүшайрасында ақынның жарқын бейнесін еске алып қана қоймай, оның өнегелі өмірі мен шығармашылығына тағзым етілді.
Мейіржан ИБРАГИМОВ








