Дәуір дүлділі Дүйсенбі
Дәл осындай тақырыпта «Арман» мәдениет үйінде ақын, журналист Дүйсенбі Смайыловтың 90 жылдығына арналған облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті. Жыр бәйгесінде қара сөздің қадірін ұғынған жалынды жастар өнерлерін ортаға салды.
Сыр елі қашаннан қара өлең мен ән-жырдың мекеніне айналған. Шайырлар мен сүлейлердің, талай дарабоз өнер иелері мен жыр жампоздарының арасында аламанда аты озған ақындар аз емес. Есімі елге мәшһүр кешегі сүбелі сөздің, өрнекті жырдың ізбасарлары да ұлы өнерден кенде емес. Талай белесті бағындырып, топтан озған өр ақындар ақындықтың желісін үзбей, киелі өнерді асқақтатып келеді.
Сыр елі қашаннан қара өлең мен ән-жырдың мекеніне айналған. Шайырлар мен сүлейлердің, талай дарабоз өнер иелері мен жыр жампоздарының арасында аламанда аты озған ақындар аз емес. Есімі елге мәшһүр кешегі сүбелі сөздің, өрнекті жырдың ізбасарлары да ұлы өнерден кенде емес. Талай белесті бағындырып, топтан озған өр ақындар ақындықтың желісін үзбей, киелі өнерді асқақтатып келеді.
Рухани кеште алдымен Д.Смайыловтың өмірдерегі жайлы бейнеролик көрсетіліп, сонан соң ақын Талғат Күзембаевтың:
Жүздессем өздеріңдей халықпенен,
Аяқты үзеңгіге салып көрем.
Ассалаумағалейкүм абзал елім,
Сіздердің әрбіріңді алып көрем.
Күмбірлі Шиелідей ел аман ба?!
Дүлдүлді Дүйсенбідей дәріптеген, – деген арнауымен ашылды.
Облыстық жас ақындар мүшәйрасын аудан әкімінің орынбасары Айтбай Жандарбеков ашып, жыр жампоздарына сәттілік тіледі. Мүшәйраға Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласынан жалпы 13 үміткер қатысты. Оған ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова, ҚР Ақпарат саласының үздігі Дүйсенбек Аяшұлы, Шиелі ауданының құрметті азаматы Серік Байхонов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жаленова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәрсенбек Бекмұратұлы қазылық етті.
Мүшәйра ережесіне сәйкес ақындар 1-кезеңде Дүйсенбі Смайыловтың өлеңдерін жатқа оқыса, 2-кезеңде ақынға арналған жүректен шыққан жырларынан шашу шашты. Адырна ауыз, жебе тілді жүйріктер қатар шауып, ақындар аламанының алдын бермеуге тырысты. Ауыздығымен алысқан асау аттай өлеңімен жиылған жұрттың делебесін қоздырып, қолпаштай соққан қошеметіне қарық болды.
Төл өнердің қаймағын бұзбай, қалың көрерменге тарту еткен аймақтың жүйрік ақындары жырды сағынған шиеліліктерге шадыман шаттық, ерекше рух сыйлады.
Тартысты өткен жыр бәйгесінің қорытындысы бойынша үшінші орынға жалағаштық Мейіржан Қартбай мен қызылордалық Бексұлтан Санақұл ие болса, жүлделі екінші орынды Қызылорда қаласынан қатысқан Аружан Нұрадин, ал бірінші орынды жерлесіміз Елдар Әмірхан еншіледі. Ал қызылордалық ақын Асқар Әли Жомартұлы бас жүлдені жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы асғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыстады. Шара соңында Дүйсенбі Смайыловтың зайыбы Кеңескүл Байжанова сөз сөйлеп, осындай игі шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған жандарға алғаусыз алғысын білдірді. Мүшәйраға қатысқан жас ақындарға өз батасын берді. Сонымен қатар «Арман» мәдениет үйінің директоры Н. Шалекеева абыз анаға ақжаулық пен кәжекей жауып, құрметін көрсетті. Айта кету керек, Дүйсенбі Смайыловтың 90 жылдығына орай «Өресі биік өр тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, мектеп оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқыды.
Сұлушаш МАДИЯРОВА