Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазба ақындар мүшайрасы өтті

Жазба ақындар мүшайрасы өтті


Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына тың серпін бергені белгілі. Соған байланысты елімізде ауқымды шаралар өткізіліп, игі бастамалар қолға алынуда. «Арман» мәдениет үйінде «Ұлы даланың ұлылығы» атты аудандық жас жазба ақындар жыр мүшәйрасы өтті.

«Әр күнгі жетістік бірліктің арқасы. Сондықтан, қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген болатын Елбасы өз жолдауларының бірінде. Президент Н.Назарбаевтың тұжырымы Отанын сүйген әр азаматтың жүрегінен орын алуы тиіс. Ынтымақ пен достықты жырға қосқан жазба ақындар бүгінгі ұрпаққа тарихты, салт-дәстүрді насихаттап, тыныштықты баянды етуге атсалысып келеді. Жазба ақындар Елбасыны, азаттықтың ақ таңын, көк туды, тәуелсіздікті өрнекті сөздерімен жеткізді. Бірі елім деп, еміренсе, енді бірі егемендік – қайсар рухтың арқасында жеткендігін жырға қосты. Байқауға ауылдық жерлерден 15 пен 30 жас аралығындағы аудан жастары қатысты. Олар тарихи сананы жаңғырту және ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт бағыты бойынша сайысқа түсті. Жыр мүшайраға 20 жас жазба ақын «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын өлеңдеріне арқау етті. Шабытына шабыт қосып, шараны одан әрі қызықты өтуіне атсалысқан ақындар жырдан шашу шашты. Тарихтың өткен беттерін парақтаған жастар қара сөздің түйінін тұшымды ойларымен жеткізе білді.
Жазба ақындар сайысының қорытындысы бойынша бас жүлдені Бірлестік ауылының ақыны Бақытжан Өтеген иеленсе, бірінші орын Қарғалы ауылынан келген қатысушы Бағдат Достияровқа бұйырды. Ал, екінші орынға Бидайкөл ауылының жас ақыны Қарлығаш Әбілда ие болды. Үшінші орынды Алғабас ауылының ақыны Аружан Алпысбай мен Жиделіарық ауылынан Жәнібек Мұқағали өзара бөлісті. Сондай-ақ, сөз сайысында салмақты ойын әсерлі ұйқаспен өрнектеген өзге қатысушыларға шабыттандыру сыйлығы тарту етілді.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.

03 наурыз 2019 ж. 1 894 0