Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҮЛЕСІН ҚОСҚАН ЖАС-КӘРІ, ТАЗАЛЫҚ ТӘРТІП БАСТАУЫ

ҮЛЕСІН ҚОСҚАН ЖАС-КӘРІ, ТАЗАЛЫҚ ТӘРТІП БАСТАУЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының жүзеге асып жатқанына екі жылдан аса уақыт болыпты. Бұл бастаманың мақсаты – еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту ғана емес, сонымен қатар азаматтардың экологиялық жауапкершілікті ойлауын қалыптастыру, сана мен ой тазалығын сақтау, отансүйгіштік, табиғатты аялау мәдениетін дамыту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғамның қатысуын арттыру.
Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. Осы жылдар аралығында еліміздің түкпір-түкпіріндегі белсенді азаматтар қоршаған ортаның тазалығына бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай атсалысып, үн қосуда. Елімізде жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, көктемде миллиондаған көшет ағашы отырғызылды, қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика қалыптасты.
Биыл «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысқандағы сөзінде Президентіміз былай деген еді:
«Халқымыз ежелден «тазалық» ұғымына ерекше мән берген. Жұртымыз «таза» сөзін кең мағынада қолданады. Мысалы, арлы, ниеті түзу, адал адам тура­лы айтқан кезде «ары таза, ойы таза, жүрегі таза» деп сипаттаған. Бабаларымыз әрдайым табиғатпен етене байланыс­та өмір сүрген, қоршаған ортаны қорғау қастерлі міндет деп санаған. «Обал болады» деп, жас ұрпақты табиғатқа ешқандай зиян келтірмеуге үйреткен. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп, Жер-Анаға жанашыр жүрекпен қарауға тәрбиелеген. Міне, бүгін де тазалық ұғымы ұлтымыздың болмыс-бітіміне тән асыл қасиетке, қоғамдық мәні зор құндылыққа айналып жатыр. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – соның айқын көрінісі. Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы. Ақ пейілмен, түзу ниетпен қолға алған әрбір іс берекелі болады. «Таза Қазақстан» – дәл осындай бірегей бастама. Бұл жоба миллиондаған отаншыл азаматымыздың адал еңбегінің арқасында жалпыхалықтық қозғалысқа айналды» деді.
Иә, бұл өте терең мағыналы, ұлағатты сөздер. Мұнда «Таза Қазақстан» акциясы тек қоқыс жинау емес, ол қоршаған ортаны, сүйікті табиғатты аялауға шақырған үндеу бар екені айқын айтылып тұр.
Дана халқымыз адам өмірінің ең үлкен байлығы – денсаулық дейді, ал денсаулықтың негізі – тазалық. Сол себептен, тазалық тек сыртқы көрініс емес, адамның рухани байлығының, мәдениеті мен адамгершілігінің өлшемі болып саналады. «Тазалық табалдырықтан басталады» дегендей, Шиелі ауданында тазалыққа деген ерекше көңіл бөлініп келеді. Аудан әкімдігінің тұрақты бақылауымен атқарылған жүйелі жұмыстар нәтижесінде орталық көшелерден бастап қоғамдық орындарға дейінгі кеңістік әр күн сайын әсемделіп, абаттандырылып отыр. Экологиялық сананы көтеру мақсатында қолға алынған әрбір қадам – тек бүгінгі күннің игілігі емес, ертеңгі ұрпаққа қалатын қымбат мұра. Сондықтан, «Таза Қазақстан» акциясы шиелілік тұрғындардың күн тәртібінен бір сәт назардан тыс қалмаған.
Жуырда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аудан ардагерлері, бөлім басшылары және БАҚ өкілдерімен бірге аудандағы абаттандыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстармен таныс­ты. Аралау барысында кент аумағындағы орталық көшелердің тазалығы, санитарлық жағдайы, кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеті, гүлзарлар мен демалыс орындарын күтіп ұстау, сондай-ақ ирригациялық және аяқсу жүйелерінің жай-күйі назарға алынды.
Сонымен қатар жол бойындағы ретсіз қоқыс орындарын жою, көше бойларын біріздендіру және қоғамдық орындардың эстетикалық келбетін жақсарту жөніндегі жұмыстар қаралды.
Аудан әкімінің айтуына қарағанда, «Таза Қазақстан» акциясының шаралары жыл бойы жалғасып, дүркін-дүркін күшейтіліп отырмақ. Кент тазалығы мен жайлылығы бір сәт те естен шығарылмайды. Өйткені Мемлекет басшысы көтеріп отырған экологиялық тазалық бір күндік немесе бір сәттік шара емес, ол халықтың үйреншікті әдетіне айналуға тиісті дүние.
Сондай-ақ аудан басшысы тазалық пен тәртіп – баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, тұрғындарды туған жердің тазалығына бейжай қарамай, қоршаған ортаны қорғау мен елді мекеннің көркеюіне бір кісідей атсалысуға шақырды.
– «Таза Қазақстан» акциясы бізге туған жерімізге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін нығайтуға көмектеседі. Экологиялық мәселелерді шешуде осындай ұжымдық әрекеттердің маңызы зор, өйткені таза орта – бәріміздің ортақ игілігіміз, – деп түйіндеді сөзін.
«Таза Қазақстан» жобасы аясында тағы бір атқарылып жатқан ауқымды жұмыс – кенттің күнгей беттегі көпқабатты тұрғын үйлер ауласындағы ескі көлік жайлар, көне сарайлар мен қоймалар, әжетхана орындарының жойылуы. Аудан әкімінің айтуынша, кенттің келбетіне нұқсан келтіретін бұл көне сарайлар, нысандар, қоймалар бұзылып, орнына аулалар ашылып, тегіс асфальт төселіп, балалар ойын алаңы бой көтереді. Және бір айта кетерлігі, босатылған тұрғын үй аулаларына түнгі жарық шамдары қойылып, халыққа қолайлы жағдай жасалмақ. Сондай-ақ пәтерлердің сырт бейнесі де бұрынғысынан өзгеріп, заманауи үлгіде әрленбек. Осы тұста кент тұрғындарына жасалып жатқан жұмыстарға түсіністік танытып, құрылыс-жұмыс барысына кедергі келтірмеу, аулалардың көркеюіне бастаған оң өзгерістерге қолдау білдіру сұралады.
Бүгінгі Шиелі – тек таза және көрікті ғана емес, қоғамдық мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің айнасы. Мұнда әрбір бұрыш, әрбір көшенің тазалығы тұрғындардың және әкімдіктің ұқыпты еңбегін көрсетеді. Алдағы уақытта да аудан әкімдігі мен жергілікті халық бірлесіп, жасампаздықты, абаттандыруды және экологиялық тәртіпті одан әрі нығайта түсетіні анық.
Дана халқымыз «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» дейді. Шиелі ауданының өркендеуі мен тыныс-тіршілігінің алғы шебінде осындай ұлағатты сөздің мәні жатыр. Күн санап жасарып, жасампаздықтың даңғыл жолына түскен ауданның ажары артқан сайын, оның артында тұрған азаматтардың ерен еңбегі, білікті мамандардың тер төгуі анық көрініс табады.
Міне, Шиелі ауданының орталығында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жай-күйі осындай.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
27 шілде 2026 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№55 (9422).

25 шілде 2026 ж.

№54 (9421)

21 шілде 2026 ж.

№53 (9420).

18 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031