Конституция
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Киелі мекенге тағзым – келешекке құрмет

Киелі мекенге тағзым – келешекке құрмет

Сыр өңірінің сайын даласында сан ғасырлық тарихтың үнін бүгінге жеткізіп тұрған қасиетті мекендер аз емес. Солардың ішінде елдік пен ерліктің, руханият пен тағылымның алтын бесігіне айналған Оқшы ата кесенесінің орны ерекше. Ұлт жадында қасиетті орын ретінде қастерленген бұл кешен – бабалар аманатының айғағы, халқымыздың тарихи жады мен рухани тұтастығын айшықтайтын асыл мұра.
Бейсенбіде зиялы қауым өкілдерімен бірге киелі мекенді аралаған аудан басшысы Айтбай Жандарбеков атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстарының сапасына назар аударып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші саналатын Оқшы ата кесенесі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» тізіміне енгізілген. Бұл жерде Оқшы ата, Асан ата, Есабыз әулие, Ғайып ата, Бала би, Досбол би, Қыш ата сынды халқына қалтқысыз қызмет еткен ұлы тұлғалар мәңгілік тыныс тапқан.
Бүгінде аудан әкімінің қолдауымен кесене аумағын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Зиярат етушілердің еркін әрі қауіпсіз жүріп-тұруына мүмкіндік беретін жаңа жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Сонымен қатар, кесене маңы толықтай абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары жүзеге асырылған. Айналаны жасыл желекке бөлеп, демалушыларға қолайлы жағдай жасау – қасиетті орынның көркін бұрынғыдан да айшықтай түсті.
Жалпы бұл жұмыстар Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – бір ұғым» атты жалпыхалықтық бастаманың заңды жалғасы десек болады. Көктем айларында аудан тұрғындары, жастар, еріктілер мен мекеме қызметкерлері жұмыла еңбек етіп, кесене аумағында кең көлемді тазалық және көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастырған болатын.
Кесене аумағын аралау барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тарихи-рухани нысандардың тазалығы мен көркіне әрдайым ерекше көңіл бөлінуі тиіс екенін атап өтті. Ол атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы орындалуын, белгіленген мерзімде толық аяқталуын жауапты сала басшыларына қатаң тапсырды.

Жыл соңында жаңа көпір пайдалануға беріледі
Сапар барысында аудан басшысы мен ардагерлер тағы бір маңызды құрылыс нысаны – Есабыз және Әлия Молдағұлова көшелерінің қиылысындағы К-4 каналының үстінен салынып жатқан автомобиль көпірінің құрылысымен де танысты.
Жобаның жалпы сметалық құны 300 миллион теңгеге жуық. Құрылысы маусым айын­да басталған жаңа көпір жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл нысан іске қосылған соң аудан тұрғындарының көлік қатынасы айтарлықтай жеңілдеп, жол қозғалысының қауіпсіздігі артады. Сонымен қатар, тұрғындардың күнделікті қатынауына қолайлы жағдай қалыптасып, өңірдің инфрақұрылымдық әлеуеті жаңа деңгейге көтеріледі.
Құрылыс алаңында жауапты мердігерлер атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жөнінде кеңінен баяндап, қолданылып жатқан құрылыс материалдарының сапасы мен жобаның орындалу кезеңдері туралы мәлімет берді. Аудан әкімі құрылыс сапасының талапқа толық сай болуын, белгіленген кестеден кешікпеуді және тұрғындардың қауіпсіздігін басты назарда ұстауды тапсырды.
Елдің өркендеуі тек жаңа нысандардың салынуымен ғана өлшенбейді. Ол – өткен тарихқа құрмет көрсетіп, қасиетті орындарды сақтап, бүгінгі буынға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырумен де бағаланады. Бір жағынан киелі мекен жаңарып, екінші жағынан халық игілігіне арналған инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы – ауданның тұрақты дамуының көрінісі.
Тарихын қадірлеген елдің болашағы баянды болады. Сондықтан Оқшы атадай қасиетті мекеннің көркейіп, жаңа көпір сынды маңызды нысандардың бой көтеруі – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен рухани жаңғыруының жарқын жемісі. Бұл игі бастамалар туған жердің келбетін көркейтіп қана қоймай, келер ұрпаққа тағылымы мол тарихи мұраны аман жеткізуге қызмет ете бермек.

Гүлхан ЯХИЯ
29 маусым 2026 ж. 24 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (9415).

27 маусым 2026 ж.

№47 (9414)

23 маусым 2026 ж.

№46 (9413).

20 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930