Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАРЫНДЫ ЖАСТАР – АУДАН МАҚТАНЫШЫ

ДАРЫНДЫ ЖАСТАР – АУДАН МАҚТАНЫШЫ

Білім мен бәсеке қатар өрілген бүгінгі қоғамда жас ұрпақтың сапалы білім алып, биік белестерді бағындыруы – мемлекет болашағының жарқын кепілі. Әсіресе, түрлі пән олимпиадалары мен білім бәйгелерінде топ жарып жүрген дарынды оқушылардың жетістігі – ел мерейін үстем етер үлкен мақтаныш. Осындай талапты жастарды қолдап, олардың еңбегін бағалау мақсатында аудан әкімдігінде ерекше тағылымды кездесу өтіп, үздік шәкірттер мен олардың жетекші ұстаздары құрмет төрінен көрінді.
Жиынға жиналған дарынды жастардың жүзіндегі қуаныш пен толқыныс, ұстаздардың мақтанышы, мейірімге толы жанары – бәрі де ерекше әсер сыйлады.
Салтанатты қабылдауда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков республикалық және облыстық пән олимпиадаларында, ғылыми жобалар мен түрлі білім байқауларында топ жарып, аудан абыройын асқақтатқан оқушылар мен олардың жетекші ұстаздарын арнайы марапаттады.
Көпшілік алдында сөз сөйлеген аудан басшысы білімді ұрпақ – елдің ең үлкен байлығы екенін ерекше атап өтті.
– Бүгінгі жетістік – тек бір отбасының немесе бір мектептің ғана емес, тұтас ауданның мерейі. Сіздердің әрқайсыларыңыз – ел болашағына сенім сыйлайтын жастарсыздар. Осындай биік белестерді бағындырып, туған жердің абыройын асқақтата беріңіздер, – деді аудан әкімі.
Шынында да, бүгінгі жас буынның білімге деген құштарлығы ерекше. Ғылым мен білім бәсекеге айналған заманда шәкірттердің ізденісі мен табандылығы олардың жарқын болашағына жол ашып келеді. Мұндай жетістіктің артында тынымсыз еңбек пен ұстаздардың өлшеусіз үлесі жатқаны анық.
Кездесу барысында оқушылар еркін форматта пікір алмасты. Жастарды мұқият тыңдаған аудан басшысы олардың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетілетінін айтты.
Биыл аудан бойынша 1118 оқушы мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам бас­ты. Оның 938-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Сонымен қатар 93 оқушы «Алтын белгіге», ал 108 түлек «Үздік аттестатқа» ұсынылып отыр.
Қазіргі таңда Шиелі ауданы аумағында 37 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Қуантарлығы – ауданда үш ауысымды немесе апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Бұл білім саласына көрсетіліп отырған тұрақты қолдау мен жүйелі саясаттың жемісі.
Салтанатты басқосуда аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла ­Палымбет, «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова және білім саласының ардагерлері сөз алып, шәкірттерге жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Жиында ерекше аталған дарынды жастардың қатарында №127 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-лицейінің егіз түлектері – Кәусар Алтынсары мен Гауһар Алтынсары болды. Егіз арулардың Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсетуі – аудан жұртшылығын қуантқан үлкен жаңалықтардың бірі. Білім мен табандылықты серік еткен қос түлектің жетістігі көп жасқа үлгі болары анық.
Жалпы, мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор. Себебі ел ертеңі саналатын жастарға қолдау көрсету – болашаққа салынған инвестиция. Бүгін марапат төрінен көрінген талапты шәкірттердің ертең ел дамуына үлес қосатын білікті маман, ғалым, ұстаз, елжанды азамат болып қалыптасары сөзсіз.
Жиын соңында аудан әкімі дарынды оқушылар мен ұстаздарға алғыс айтып, алдағы оқу жолдарына сәттілік тіледі. Ал залдан шыққан жастардың жүзіндегі сенім мен жігер олардың алда алар асуы әлі де биік екенін аңғартқандай болды.

Гүлхан ЯХИЯ
01 маусым 2026 ж. 20 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№40 (9407).

30 мамыр 2026 ж.

№39 (9406)

26 мамыр 2026 ж.

№38 (9405).

23 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930