Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бағы жанған балалар

Бағы жанған балалар

Сейсенбі күні аудан әкімі Нариман Мақұлбеков «Балалар жылы» аясында және биылғы оқу жылының аяқталуына орай, жыл бойында жетістікке жеткен, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп, ауданымыздың мерейін асқақтатқан дарынды оқушыларды қабылдады.
Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов, аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Әмзиев және оқушыларды жарысқа дайындап, нәтижелі жұмыс жүргізген жетекші ұстаздар қатысты. Атап айтатын болсақ, аудан әкімінің қабылдауына шақыртылған ұстаздар қатарында Ләззат Түменбаева, Райхан Қилыбаева, Марғұлан Дайрабев, Айсұлу Мырзахмет, Ерсін Исмаилова сынды білікті мамандар болды. Ал оқушыларға келер болсақ, марапатталғандар қатарында IV республикалық Абайтану олимпиадасының I орын иегері Рәбибі ­Орманбекова, облыстық пәндік олимпиадалары мен республикалық байқаулардың жүлделі орын иегері Диана Баймырзаева, балалар киносының республикалық фестивалінің жүлделі орын иегері Хасана Мейрамбек, халықаралық «Абай – дана, Абай – дара қазақта» шығармашылық байқауының I орын иегері Жәния Әлібаева бар. Сондай-ақ облыстық және республикалық үстел теннисі жарыстарының жүлдегері, облыстық күзгі спартакиада бағдарламасы бойынша өткізілген үстел теннисі жарысында «Үздік ойыншы» номинациясының иегері Сәкен Абдулла да осы тізімде.
Кездесуде аудан әкімі алдымен үздік оқушылардың жетістіктерімен танысып, жастардың бастамаларын әрдайым қолдайтынын айтты. Сондай-ақ аудандағы кадрлар қатарын жергілікті жастармен шешу үшін педагогтардың ерте жастан бағыттауы керектігін де жеткізді. Ал оқушылар болса өз жетістік-жеңістерін баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Республикалық олимпиада, түрлі жарыстардағы қиындықтар мен қызықты оқиғаларды айтып, еркін пікір алмасты.
Жиын соңында ауданның ғана емес, облыстың мәртебесін асқақтатып жүрген дарынды оқушыларға ­аудан әкімі алдағы даңғыл жолдарына сәттілік тілей отырып, дарынды оқушылар мен олардың ұстаздарын арнайы алғыс хаттармен марапаттады.

Рамазан ӘНӘПИЯ
28 мамыр 2022 ж. 504 0