Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік!

Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік!

Ауданда білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік!» атты салтанатты кеш өтті. Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Н.Мақұлбеков, аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Насибеков, білім қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитеті төрағасының міндетін атқарушы Г.Тәжбенова мен білім беру мекемелерінің ұлағатты ұстаздары қатысты.
Алғаш рет «Дүниежүзілік мұғалімдер күні» 1994 жылдың 5 қазанында тойланған. Содан бері барлық мерекелік кеш, мектеп ішілік іс-шаралар дәл осы күні аталып келді. Алайда, 1980 жылдың 1 қазанында КСРО-ның Жоғарғы Кеңес Президиумының жарлығы бойынша «мұғалімдер күні» қазан айының бірінші жексенбісіне қойылды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін де Қазақстан, Әзірбайжан, Белорусия, Қырғызстан, Латвия және Украина елдері бұл мерекені қазан айының алғашқы жексенбісінде тойлап жүр. Бүгінде білімнің нәрі мен ғылымның шыңына жетелейтін, адамгершілік пен патриотизмге баулитын, өнер мен тәрбиені санаға құятын мұғалімдердің еңбегі ескеріліп, оларды ұлықтау рәсімі әлі күнге дейін өте жоғары деңгейде аталып өтілуде.
Мерекелік іс-шара барысында аудан әкімі Н.Мақұлбеков ұстаздарды төл мерекесімен құттықтады.
— Ұлтымыздың біртуар ұлы Ахмет Байтұрсынов «Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте» екенін айтқан. Ұстаз – осы білімге, мәдениет пен әдебиетке жетелейтін бірден-бір тұлға. Білімнің қайнар көзі мұғалім дейтін болсақ, білім бар жерде үздіксіз даму үрдісі жүреді. Білім мен ғылым арқылы өркениет дамиды. Қазіргі таңда ауданда 3197 педагог, 40 білім беру ұйымдарында оқушыларымыздың талаптарға сәйкес білім алуына қызмет көрсетуде. Ұстаздарымыз облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен өткен мұғалімдер арасындағы спартакиададан ІІ орын иеленді. Сондай-ақ, аудан ұстаздары облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген мұғалімдер арасындағы дебат турнирінен І орын иегері атанды. Ұлағатты ұстаздарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында биылғы бітіруші түлектердің 97,5 проценті оқу орнындарына түсті, – деді аудан бөлімі.
Сондай-ақ, аудан әкімі білім жолында ерен еңбек атқарған ардагер-ұстаздарды, жақында Жаңақорған ауданында өткен білім қызметкерлерінің облыстық спартакиадасында ауданның мерейін үстем етіп, бірқатар спорт түрлерінен жүлделі орындарға ие болған бір топ спортшыларды, жетекшісі Д.Насибековты арнайы алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті. Әрі қарай мерейлі мереке иелерін құттықтау үшін «Сырлы саз» ансамблі, «Жас Star», «Жас қыран» сынды вокалдық хор ұжымдары өнер көрсетті.
Сонымен қатар, былтыр елімізді ғана емес, әлемді жайлаған эпидемиологиялық ахуал ұстаздарға да үлкен сынақ болды. Соған қарамастан, оқушылар халықаралық, республикалық олимпиада, байқауларда жүлделі орын алып, жеңімпаз атанып жатты. Осыншама жетістіктің артында ұстаздың қыруар еңбегі тұрғаны айтпаса да түсінікті. Осындай қажырлы еңбегі үшін аудандық білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы Д.Ердібекұлы мен білім қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитеті төрағасының міндетін атқарушы Г.Тәжбенова білім үздіктерін арнайы «Құрмет» грамотасымен, «Алғыс хатпен» марапаттады.
Мерекелік іс-шарамен қатар, сый-сыяпат, құрметке бөленген ұстаздар бір марқайып қалды. Ел ертеңі болып табылатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастырудағы орасан зор үлесі үшін тағы да ұлағатты ұстаздарға алғыс айтылды. «Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті» дегендей, қазақ елін әлемге паш ететін талантты да білімді шәкірттеріңіздің қатары көбейеріне сенім мол.

Нұрай ҚАЛЫШБЕКОВА
08 қазан 2021 ж. 653 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930