Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «БАЛАЛАР ЖЫЛЫНДА» ЖАС БОКСШЫЛАРДЫҢ БАҒЫ БАСЫМ

«БАЛАЛАР ЖЫЛЫНДА» ЖАС БОКСШЫЛАРДЫҢ БАҒЫ БАСЫМ

«Балалар жылы» бүлдіршіндердің түрлі салаларда өзін сынап көруіне мүмкіндік ашып, шабытына шабыт қосатын жыл болмақ. Бұл ретте олардың тек ғылыми, шығармашылық бастамалары ғана емес, спорттағы талпыныстары да қолдау табуы маңызды. Соңғы жылдары жерлестеріміздің олимпиядалар мен әлем біріншіліктеріндегі сәтсіз ойындары, тәрбие тал бесіктен басталуы керектігін ұғындырды.
Сәренбі күні Алғабас ауылында бастау алған бокстан аудандық ашық біріншіліктің де көздеген мақсаты осы. Аталған турнирге Түркістан, Шымкент, Қызылорда қалаларынан, сондай-ақ, Арал, Байқоңыр, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған мен Шиелі ауданының жасөрендері қатысуда. Олардың жігеріне жігер қосып, шабытын шыңдау мақсатында аудан атқа мінерлері де арнайы келіп, турнирдің шымылдығын ашып берді.
Олардың қатарында аудан әкімі ­Нариман Мақұлбеков, аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов бар. Алғаш болып сөз алған аудан әкімі «Бүгінде жас спортшыларымыз, жерлестеріміз аудандық, облыстық, республикалық турнирлерде көптеген жетістіктерге жетіп, биік шыңдарды бағындырып келеді. Әлемде кең дамыған спорттың түрі бокспен - ауданда спортшыларымыз қарқынды түрде шұғылданып, үйірмелерге жас жеткіншектеріміз көптеп тартылуда. Оның дәлелі ретінде спорт кешендерінде секцияларда 340 жас балғын боксшыларымыз тәрбиеленуде. Осындай жарыстардың ұйымдастырылуының нәтижесінде шиелілік боксшылар Диас ­Балтабай, Ақжеңіс Оразәлі, Сержан Тұрманов қазақстан біріншіліктерінде жеңіс тұғырынан көрінуде. Міне, осындай спорт кешендерінен еліміздің көк байрағын әлемге танытып жүрген Данияр Елеусінов, Геннади Головкин, Бақтияр Артаев, Сыр өрені Қамшыбек Қоңқабаев секілді ауданның атын шығаратын бокс­шылар шығатынына мен сенімдімін, – деді. Сөз соңында, аудан әкімі Нариман Мақұлбеков жарысқа қатысушы болашақ чемпиондарға сәттілік тіледі.
Онан соң сөз алған Жуантөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Машрапин болса, «Біз ауылымызда осындай үлкен көлемде жарыс өткізіліп жатқанына қуаныштымыз. «Спорт денсаулық кепілі» дейді. Келешекте сіздердің араларыңыздан, республикалық деңгейдегі чемпиондар, олимпияда чемпиондары шығуына тілектеспін. Отанымыз осындай гүлдеп, жайнап тұрған шағында еліміздің көктуын желбіретіп, әнұранын ойната беріңдер. Барлықтарыңа сәттілік тілеймін», – деді.
Шаршы алаңда алғаш болып Түркістан қаласы мен Шымкент қаласының жасөспірімдері қолғап түйістіріп, 2 раундқа созылған жекпе-жекте Бекзат Саттархановтың жерлесі түркістандық жасөспірім жеңіске жетті. Айта кетейік,аудандық ашық біріншілік бірнеше күнге созылады.

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
18 ақпан 2022 ж. 807 0