Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқушы жетістігі – ұстаз абыройы

Оқушы жетістігі – ұстаз абыройы


Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы – дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы «Адами капитал сапасын жақсарту» бөлімінде «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруі тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет» – деген болатын Н.Назарбаев.
Зияткерлік ғылыми түрде даму үшін, басты міндет бәсекеге қабілетті түлектерді даярлап, баршаға ортақ сапалы орта білім беру жүйесін дамытып, осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуға басты назар аударуда. Ауданда, мектеп оқушыларының зияткерлік ғылыми әлеуетін көтеру – интеллектуалды ұлт тәрбиелеу мақсатында түрлі шаралар, игі бастамалар орын алып келеді. Мәселен, өткен жылы аудан оқушылары республикалық олимпиаданың ІІІ облыстық кезеңіне қатысып, 13 оқушы республикаға жолдама алып, бақтарын сынады. Оның 11-і жүлделі орын иегері атанып, аудан мерейін асқақтатқан болатын. Нәтижесінде, облыс бойынша Шиелі ауданы «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясымен марапатталып, аудандар арасында оқ бойы озық шығып, дараланды. Сонымен қатар, Қостанай қаласында өткен олимпиаданың ІV республикалық кезеңіне Қазақстан тарихы пәні бойынша қатысқан №47 мектеп – лицей оқушысы Таңшолпан Сағынтаева (жетекшісі Фатима Қасқабаева) «Ерекше жетістіктер» көрсеткені үшін Алғыс хатпен марапатталды. Жаңа оқу жылында да аудандағы мектептер жетістіктерге жетіп, оқушылар шыңнан көрініп, мерейлері үстем болып, оң нәтижеге қол жетуіне ниетті екенін алға тартады.
Ұстаздардың білімін ұдайы жетілдіріп, ынтасын арттыру мақсатында ұлттық біліктілік тестілеуінен аудан бойынша 417 мұғалім өтіп, оң нәтижеге қол жеткізді. Бұл өңірдегі білім саласының тағы бір жетістігі. Келешек ұрпақты білім нәрімен сусындататын осындай мұғалімдердің көп болуы шиеліктер үшін үлкен мәртебе. Сондай-ақ, педагог-модератор біліктілік санатына 65 ұстаз қатысып, жақсы көрсеткішке ие болса, шебер-педагог біліктілік санатына 3 ұстаз тест тапсырып, бірқатар ұстаздар білім беру саласының үздіктер қатарын көбейтті.
Бүгінде, аудандағы 41 мектепте оқушылармен 31 ғылыми қоғам жұмыс істейді. Оған 920 оқушы қатысып, білім көкжиегінде ғылыми тұрғысынан қалыптасып келеді. Дарынды балаларды анықтау, олардың ғылыми әлеуетін дамытуға және іске асыруға жағдай жасау мақсатында оқушылар арасында түрлі зияткерлік сайыстар, байқаулар, олимпиада және ғылыми жоба жарыс­тары ұйымдастырылуда. Осының арқасында шәкірттер жақсы жетістіктерге жетіп отыр. Мектептердің басты міндеті – оқушылардың бойына қазіргі заманға сай, өмір сүре алатын дағдыларды қалыптастырып келеді.
Оқушы жетістігі – ұстаз абыройы. Ұстаз еңбегі шәкірт жетістігі арқылы көрінеді. Әрбір ұстаздың мақсаты – қабілетті оқушыларды зерттей жүріп, олармен бірлескен тынымсыз еңбектің, шығармашылық ізденістің нәтижесінде көрінеді. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу әрбір ата-ана мен мұғалімге байланысты. Ал, осы жауапкершілікті абыроймен атқару ардақты ұстаздарға жүктелген мәртебелі міндет.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
11 қыркүйек 2018 ж. 2 130 0