Ел сөзі ескерілген жиын
Бүгінде Шиелі ауданының экономикасы тұрақты дамып келеді. Ауқымды жобалар, халық игілігі үшін бой көтерген сәулеті келісті нысандар мен күн тәртібінен түспеген тазалық жұмыстары аудан ажарын айшықтай түскен. Әрине, бұл жұмыстар іскер аудан басшысы, оның сенім артып тағайындаған бөлім басшыларының жүйелі жұмысының нәтижесі. Бұл тұрғыда қарапайым тұрғындардың да үлес салмағы жоғары. Өйткені, әр істің басында аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдарымыз алақан жайып батасын берсе, бір жағынан жақсы іске тұрғындар да жұмыла қолдау білдіреді.Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков пен ауылдық округ әкімдерінің 2026 жылдың І жарты жылдығындағы халықпен кездесуі 14 мамыр күні Майлытоғай және Сұлутөбе ауылдық округінен бастау алды. Онда биылғы жылдың І жарты жылдығындағы ауданда атқарылған жұмыстар легі мен алға қойған мақсат-міндеттер таныстырылып, тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды. Жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов және тиісті ауылдық округтер бойынша сайланған мәслихат депутаттары, аудандық бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Алдымен Майлытоғай ауылдық округ әкімі бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар легіне тоқталып, алдағы жоспарын да баяндады. Сонымен қатар кездесуде тұрғындарды толғандырған мәселелер кеңінен талқыланып, елді мекендерді дамыту мақсатында атқарылатын жұмыстар сараланды.
Әрі қарай аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы ауыл тұрғындарына ауданда атқарылған, сондай-ақ жүзеге асып жатқан жұмыстарына тоқталды. Аудан, ауыл әкімінің есептері тыңдалған соң тұрғындар талап-тілегі мен көкейде жүрген сауалдарын жолдады. Мәселен, ауыл ақсақалы Махшад Сайытов мал ұрлығы тыйылмай тұрғанын айтып, өзінің үш малы қолды болғанын жеткізді. Бұл сауалға аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов бүгінге аудан көлемінде 10 мал ұрлығы тіркеліп тұрғанын тілге тиек етіп, ардагер өтінішіне сәйкес тергеу әрекеттерін жүргізетінін айтты. Жалпы аудан прокуроры барлық есепті кездесуде тұрғындарға құқықтық сауаттылық жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырды.
Майлытоғай ауылы тұрғындарымен өткен кездесуде ауыл ақсақалы Сейітмұрат Торғауытов Бірлік көшесіне қиыршық тас төсеу мәселесін көтерді. Өз кезегінде аудан әкімі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы күрделі жөндеу жұмыстарынан шыққан тастар ауыл қажеттілігіне сұратылып алынғанын айтып, ендігі міндет – оны тасымалдап, қажетті орындарға жеткізуді ауыл әкіміне жүктегенін жеткізді.
Ауылдың ажарын ашып, тіршілігін жандандыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасуда. Елдің ынтымағы мен жанашыр азаматтардың қолдауының нәтижесінде ұзындығы 9 шақырым болатын Тұрымбет каналы қайта қазылып, санитарлық тазалаудан өтті. Бұл игі іс толықтай ауыл тұрғындары мен жеке демеушілердің күшімен жүзеге асырылып, бүгінде көпшілік игілігіне қызмет етіп отыр. Каналдың жаңаруы егістік алқаптарын сумен қамтуға серпін беріп, аяқ су мәселесінің оң шешілуіне ықпал етуде.
Туған жерге деген жанашырлық ауыл түлектерінің бастамаларынан да анық байқалады.
Атап айтқанда, мектептің 30 және 20 жылдық түлектері мен «Садибек» шаруа қожалығы бірлесіп, ауылға жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызып, су асты құбырын өз қаражаттары есебінен жүргізіп берген. Бұл Майлытоғай халқының ауызбіршілігі мен туған жерге деген шынайы жанашырлығының жарқын көрінісі.
Аудан әкімінің келесі аялдамасы Сұлутөбе ауылдық округі болды. Мұнда ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру және ауыл шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылған. Осыған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелердің шешімі табылып, ауыл оң өзгерістерге нық қадам басып келеді.
Сұлутөбеде соңғы жылдары ел игілігі үшін атқарылған жұмыстар аз емес. Әсіресе ауылдық округті аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Құмжарған» каналын қазу жұмыстары көптің көкейіндегі мәселенің оң шешім тапқанын аңғартады. Су – тіршіліктің өзегі. Сондықтан бұл бастама егіншілікпен айналысатын тұрғындарға ғана емес, күллі ауылдың тұрмыс-тіршілігіне оң серпін бермек. Канал қазу жұмыстары басталғалы бері халықтың ертеңге деген сенімі артып, ауыл шаруашылығын дамытуға деген құлшыныс күшейген.
Ал 1 Мамыр елді мекенінің кіреберісіне орнатылған ауыл төлқұжаты мен балалар ойын алаңы – ауылға кірген жанға бірден көзге түсетін игі істердің бірі. Бұл тек көріктендіру жұмысы ғана емес, ауылдың ажарын айшықтап, өскелең ұрпаққа жайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Балалардың шат күлкісі естілетін ойын алаңы бүгінде ауыл тұрғындарының сүйікті орнына айналып үлгерген.
Түнгі ауылдың шырайын арттырып, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында Тәуелсіздік, Сырдария, Астана, Алаш, Атамекен, Жаңақұрылыс, Бәйтерек, Тасшоқы және Құмсуат көшелеріне жаңа жарық шамдары орнатылған. Бұрын қараңғылық басқан көшелер бүгінде жарқырап, ауылдың көркіне сән қосып тұр.
Ауылдың рухани әрі мәдени тыныс-тіршілігіне серпін беретін қоғамдық орындарды жаңғырту ісі де жүйелі жүргізілуде. Текзада Маханбетов атындағы саябақ аумағында көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңадан 50 түп ағаш отырғызылған. Саябақ іші тазартылып, тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасалған. Табиғатпен үндескен бұл орын бүгінде ауыл жастары мен үлкендерінің бас қосатын сүйікті мекеніне айналып келеді.
Сондай-ақ Мұстафа Шоқай аллеясы бойында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Аллеяға аяқ су жүйесі тартылып, 100 түп ағаш егілген. Айналаны тазарту, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне арналған еңселі орындардың бірі қалыптасуда. Бұл жұмыстар туған жердің табиғатын түлетіп қана қоймай, жас ұрпақтың туған елге деген сүйіспеншілігін арттыруға да ықпал етуде.
Кездесу барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ауыл тұрғындарымен ашық пікір алмасып, халықты толғандырған сауалдарға жан-жақты жауап берді. Жиынның алғашқы бөлігінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері таныстырылып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар баяндалды. Ал кездесудің негізгі бөлігі тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштеріне арналды. Бұл – билік пен бұқара арасындағы байланыстың нығайып, халық үнінің ескеріліп жатқанын көрсетеді.
Жиында көпшіліктің көкейіндегі ең өзекті мәселелердің бірі – табиғи газ тарту жайы да сөз болды. Сұлутөбеліктер ауылға көгілдір отын келсе деген арман-тілектерін жеткізді. Өз кезегінде аудан әкімі бұл мәселе бақылауда екенін айтып, Мұстафа Шоқай агресі Тартоғай аумағында орналасқанын, қазіргі таңда облыстық энергетика басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар аталған жоба толық жүзеге асқан жағдайда, сегіз ауыл кезең-кезеңімен табиғи газбен қамтылатынын жеткізді. Бұл хабар ауыл тұрғындарының үмітін оятып, болашаққа деген сенімін арттыра түсті.
Кездесу соңында ауыл ақсақалдары елмен етене араласып, халықтың мұң-мұқтажына бейжай қарамай жүрген аудан әкіміне ризашылықтарын білдірді. Ақ жаулықты аналар мен ел ағалары ақ баталарын беріп, ел игілігі жолындағы бастамаларына толайым табыс тіледі.
ТАЛАПТАН ТЫНЫСЫ
Талаптан ауылдық округі тұрғындарымен өткен кездесу – билік пен бұқара арасындағы ашық диалогтың жарқын көрінісіне айналды. Әкімдердің халық алдындағы есеп беру кестесіне сәйкес ұйымдастырылған жиында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері мен көкейіндегі мәселелерін тыңдап, еркін форматта пікір алмасты.
Талаптан ауылдық округі тұрғындарымен өткен кездесу – билік пен бұқара арасындағы ашық диалогтың жарқын көрінісіне айналды. Әкімдердің халық алдындағы есеп беру кестесіне сәйкес ұйымдастырылған жиында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері мен көкейіндегі мәселелерін тыңдап, еркін форматта пікір алмасты.
Осындай мазмұнды кездесулердің нәтижесінде халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты маңызды мәселелер назарға алынып, оларды шешудің нақты тетіктері қарастырылуда. Бүгінде ауылдағы ауыз су мәселесі толық шешімін тауып, тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал аяқ су мәселесін реттеу мақсатында Шиелі Сушар өндірістік бөлімшесі мен арнайы келісім жасалып, аяқ суды пайдалану кезектілігі жүйеге қойылған. Бұл ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін аса маңызды қадамдардың бірі.
Ауылдың тазалығы мен экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында да жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылып, ауыл көшелері, мекеме аулалары, аудан орталығы, «Оқшы ата» мазараты маңы және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тас жолы бойындағы бекітілген аумақтар тазартылып келеді. Бұл жұмыстар туған жердің тазалығына бейжай қарамайтын ел азаматтарының ортақ жауапкершілігін айқын аңғартады.
Ауыл келбетін жақсарту бағытындағы көркейту-көгалдандыру шаралары да қарқын алған. Елді мекен аумағында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, 1000-нан астам түрлі саялы ағаш көшеті отырғызылған. Сонымен қатар ауылдық округтегі мемлекеттік мекемелердің аулаларына терек, қара ағаш және жеміс ағаштары егілген. Бүгінде бұл бастамалар ауылдың ажарын ашып қана қоймай, болашақ ұрпаққа көгалды әрі көрікті орта қалыптастыруға негіз болуда.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді де ашық айтты. Атап айтқанда, кейбір көшелердегі түнгі жарық шамдарының толық жанбауы, жол белгілерінің жеткіліксіздігі және тазалыққа қатысты мәселелер көтерілді. Өз кезегінде аудан әкімі көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, ауыл әкіміне халық тарапынан айтылған ұсыныстар мен талаптар бойынша нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Жалпы Талаптан ауылындағы бұл кездесу елмен етене араласып, халық үнін тыңдаудың маңызды алаңына айналды. Ауыл тұрғындары мен билік арасындағы мұндай ашық байланыс – елдің ертеңіне деген сенімді күшейтіп, өңірдің тұрақты дамуына серпін беретіні анық.
АШЫҚ ДИАЛОГ – СЕНІМ КЕПІЛІ
Келесі есеп беру кездесуі Бәйгеқұм ауылдық округінде жалғасын тапты. Елмен емен-жарқын жүздесуде бұған дейін көтерілген мәселелердің оң шешімін тапқаны айтылып, тұрғындар атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Бұл – халық сенімі мен жүйелі еңбектің нақты нәтижесі.
Келесі есеп беру кездесуі Бәйгеқұм ауылдық округінде жалғасын тапты. Елмен емен-жарқын жүздесуде бұған дейін көтерілген мәселелердің оң шешімін тапқаны айтылып, тұрғындар атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Бұл – халық сенімі мен жүйелі еңбектің нақты нәтижесі.
Аудан әкімі округ әкімінің жұмысына жоғары баға беріп, алдағы уақытта ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру жолындағы бастамаларға сәттілік тіледі. Халықпен тығыз байланыс орнатып, ел мүддесіне адал қызмет ету – бүгінгі басқару жүйесінің басты қағидатына айналғаны қуантады.
Бәйгеқұмда атқарылып жатқан жұмыстар – ауыл дамуының жарқын көрінісі. Инфрақұрылым жаңарып, әлеуметтік нысандардың жұмысы жанданып, тұрғындармен кері байланыс жүйелі жолға қойылған. Мұның барлығы ауыл келешегінің кемел болашағына бастар берік қадам екені анық.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тұрақты сенбіліктер ұйымдастырылып, ауыл аумағындағы мекемелер мен саябақтарға 1200 түп ағаш отырғызылды. Бұл – табиғатты аялауға бағытталған игі бастаманың нақты жемісі.
Сонымен қатар ауылішілік каналдар мен арықтар «Сарықұм» шаруа қожалығының төрағасы Пернебай Күзембаевтың қолдауымен толық қазылып, лай мен топырақтан тазартылды. Ал аудандық мәслихат депутаты Әбдіәзиз Мұстафаұлы мен «Шиелі Су» өндірістік учаскесінің басшысы Дихан Уәлиханұлы Әубәкіровтің демеушілігімен «Қырық жігіт» дренажды каналы қазылып, ел игілігіне берілді.
Бәйгеқұм ауылдық округінде көркейту мен көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімі бұл бастамаларға ерекше тоқталып, ауыл тазалығы мен гүлденуіне үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді. Тұрғындардың ауызбіршілігі мен жауапкершілігінің арқасында ауылдың ажары артып, таза әрі жайлы орта қалыптасуда.
Кездесу барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков биылғы жылы аудан көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстар мен оң өзгерістерге тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Өз кезегінде ауыл тұрғындары көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауаптарын алды.
Бәйгеқұм – бүгінде жаңару мен жасампаздықтың жарқын үлгісіне айналған ауыл. Ел бірлігі мен ортақ еңбектің арқасында мұнда болашаққа деген сенім нық, даму бағыты айқын.
Жұма күнгі есепті кездесу бұл жолы Жөлек ауылдық округінде жалғасын тауып, ауыл өміріндегі ауқымды өзгерістер мен жүйелі жұмыстардың нәтижесі халық алдында кеңінен сараланды. Бүгінде Жөлек – жаңаша серпін алып, заманауи даму жолына түскен ауылдардың біріне айналып келеді.
Ауылға кіреберісте менмұндалап тұрған сәулетті арка – Жөлек келбетінің жаңа тынысын айқындай түскендей. Бұл тек сәндік нысан емес, ауылдың өсіп-өркендеуге деген ұмтылысының символына айналған ерекше белгі. Ауылдағы әрбір бастама – халық игілігі үшін жасалған нақты қадам. Көшелер жаңарып, жарық шамдары жарқырап, инфрақұрылым жүйелі түрде дамып келеді. Бүгінде ауылішілік көшелердің 97 пайызы асфальтталып, 95 пайызы жарықтандырылған. Ауыз су мәселесі толық шешіліп, аяқ су жүйесі де реттеліп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда.
Кездесу барысында ауыл халқы бой көтеріп жатқан жаңа спорт кешеніне ерекше ризашылықтарын жеткізді. Заманауи талапқа сай салынып жатқан бұл нысан – ауыл жастарының болашағына салынған инвестиция, салауатты өмір салтын қалыптастыратын маңызды орталық болмақ.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды кеңінен баяндады. Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін еркін айтып, көкейлеріндегі сауалдарына нақты жауап алды. Халықпен ашық диалог орнату – сенімді байланыстың берік көпіріне айналды.
Жөлек ауылында тазалық пен көркейту жұмыстары да қарқын алған. Әр аптаның сенбісінде ұйымдастырылатын сенбіліктерге мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары бір кісідей жұмылып, ауыл тазалығына үлес қосуда. Себебі таза ауыл – ұлт мәдениетінің айнасы. Көгалдандыру жұмыстары аясында ауылға 500 түп көшет пен қаламша отырғызылып, жасыл желек көлемі артты. Бұл – болашақ ұрпаққа көркем де жайлы орта қалыптастыруға бағытталған игі іс.
Сонымен қатар «Ханқожа» көлінен бастау алатын аяқ су каналына бетондау жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Ұзындығы 2964 метр болатын канал ауыл тұрғындарының егін шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін маңызды жобаға айналмақ.
Кездесу соңында ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, ел дамуына еңбек етіп жүрген азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Ауылдың рухани байлығы мен берекесі, халқымыздың өнегелі қасиеттері әрдайым маңызды рөл атқарады. Осылайша, тұрғындар мен әкімдік арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде ауылдың әлеуметтік жағдайы мен инфрақұрылымы жақсарып, тұрғындардың тұрмысы жоғарылады.
Мейіржан ИБРАГИМ







