Ерлік пен еңбектің өнегесі
Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Камал Оспановтың 100 жылдығына арналған «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа аманат» атты еске алу кеші елдік рухты асқақтатқан мазмұнды шараға айналды.Бұл кеш – тұтас бір дәуірдің ауыртпалығы мен қайсар рухын жаңғыртқан рухани сабақ болды. Майдан мен бейбіт еңбекті қатар өткерген Камал Оспановтың ғибратты ғұмыры – бүгінгі ұрпаққа үлгі, ертеңгі күнге аманат.
Камал Оспанов – 1926 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келіп, тағдыр оны ерте есейткен буынның өкіліне айналдырды. Ол небәрі 16 жасында, отты жылдардың қақ ортасында – 1942 жылы Сталинград шайқасына қатысып, от пен оқтың ортасында Отан үшін от кешкен санаулы қазақ жауынгерлерінің бірі болды. Жастығына қарамастан, ерлік пен елдік ұғымды жүрекпен сезініп, майдан даласында қайсарлығымен көзге түсті.
1943 жылдың қараша айында ауыр жараланып, ІІ топ мүгедегі болып елге оралғанымен, оның өмірлік миссиясы мұнымен аяқталған жоқ. Керісінше, бейбіт күндегі жаңа белесі басталды. Ол елге оралысымен жауапкершілік пен әділдікті ту еткен қызмет жолына түсті. 1963–1987 жылдар аралығында Шиелі аудандық прокуратурасында абыройлы еңбек етті. Бұл жылдар оның тек заң саласындағы кәсіби биігін ғана емес, азаматтық келбетін де айқындаған кезең болды.
Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінің фоесінде майдангердің өмір жолына арналған «Ұлт рухы – тарих тереңінде» атты көрме ұйымдастырылды. Жиналған жұрт алдымен Камал Оспановтың ерлік жолы мен өнегелі өмірін көрме арқылы тамашалады. Әрі қарай жиын көрермен залында жалғасын тапты.
Еске алу кешінде аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сөз алып, майдангердің ерлікке толы өмір жолын ерекше ілтипатпен атап өтті. Сондай-ақ қоғам қайраткерінің қызы Назипа Оспановаға Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтау хаты табысталып, ардагер рухына деген құрмет айқын көрініс тапты.
Жиын барысында облыс прокурорының міндетін атқарушы Исламбай Төлегенов пен «Хусумуддин ас-Сығанақи» қоғамдық қорының директоры Тұрсынхан Әлібеков майдангер жайлы жүрекжарды естеліктерімен бөлісіп, оның адамгершілік болмысы мен елге сіңірген еңбегін тебіреніспен еске алды. Олардың әрбір сөзі өткенге тағзым, ерлікке құрмет, ұрпаққа аманат іспетті әсер қалдырды.
Шара соңында Камал Оспановтың қызы Назипа Оспанова әкесіне көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдіріп, ел жадында есімі ұмытылмай, ұлықталып жатқанына шынайы алғысын жеткізді.
Кештің қорытындысы ретінде сахна төрінде әуелеген ән мен төгілген жыр майдангер рухына тағзым етіп, көрермен жүрегіне терең әсер сыйлады. Тағылымды басқосу – ерлік ешқашан ұмытылмайтынын, ал ел үшін еткен еңбектің мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеген әсерлі шара болды.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ







