САПА СӨЙЛЕГЕН ӨҢІР
Кей өңірлер уақыттың ағымымен ілеседі, ал кейбірі сол уақыттың өз ырғағын айқындайды. Шиелі – соңғысының қатарында. Киелі мекен бүгінде тек географиялық атау емес, жүйелі жұмыстың, нақты нәтиженің, жауапкершілік пен талаптың тоғысқан кеңістігіне айналып келеді.Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің жұмыс сапары – осы жұмыстардың барысын саралап, сапасын бағамдауға бағытталған-ды. Сапар барысында бірқатар әлеуметтік нысанның жай-күйі мен құрылыс сапасы зерделеніп, нақты тапсырма берілді. Анығында «салынды» деген есептен гөрі, «Қалай жұмыс істеп тұр?» деген сұрақтың алдыңғы орынға шыққанын көрсетеді.
Аудан төрінде бой көтерген «Руханият» орталығы – сырт көзге сәулетті ғимарат болғанымен, оның мәні әлдеқайда тереңде. Жалпы құны 1,6 миллиард теңге жұмсалған бұл нысан тек құрылыстың нәтижесі емес, идеологияның, ұлттың ішкі қуатын арттыруға бағытталған қадам. Бірақ кез келген рухани ортаның шынайы келбеті оның айналасынан басталады. Сондықтан көгалдандыру, тазалық, күтім мәселесінің көтерілуі – орынды талап.
Жас ұрпаққа арналған 338 миллион теңгелік дене тәрбиесі даярлығы клубы да – болашаққа салынған инвестиция. Бұл жерде тек спорт емес, тәртіп, төзім, мақсатқа ұмтылу қалыптасады. Мұндай нысандардың тағдыры олардың ашылу салтанатымен емес, күнделікті тынысымен өлшенеді. Осыған орай «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында нақты тапсырмалар жүктелді.
Ауданда тұрғын үй мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Шұғыла шағын ауданындағы 52 пәтерлі тұрғын үйді аралау барысында соңғы үш жылда атқарылған жұмыстардың нәтижесі айқын көрінді. Жалпы ауданда 280 пәтердің иесін табуы – мемлекет пен халық арасындағы сенімнің нығайғанының белгісі. Бұл – «күту» деген сөздің «ие болу» деген шындыққа айналған сәті.
Денсаулық сақтау саласында да елеулі өзгерістер бар. Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған құны 2 миллиард 323 миллион теңге болатын 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесі – заманауи талаптарға сай медициналық қызмет көрсетудің маңызды бөлігі. Оған қоса аудандық аурухана жанынан 733 миллион теңгеге қосымша ғимарат салынып, оған 650 миллион теңгенің заманауи МРТ аппараты орнатылған. Осы тұста аудан тұрғындары үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімді болғанын айта кеткен жөн.
Білім беру саласы да назардан тыс қылмады. Кенттегі №252 мектеп-гимназияға 784 млн теңгеге салынған 375 орындық бастауыш сыныпқа арналған қосымша оқу корпусы, Жаңатұрмыс ауылындағы 250 орындық жаңа мектеп (853,4 млн теңге), Жансейіт елді мекеніндегі 100 орындық мектеп (988 млн теңге) – білім сапасын арттыруға бағытталған ірі жобалар. Бұл нысандар оқушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «СПМ – Қызылорда» ЖШС жүзеге асырған «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» – шығармашылықтың шамшырағы. Бірақ шығармашылық кеңістіктің өзі де тәртіп пен талғамды талап етеді. Сондықтан абаттандыруға қатысты айтылған ескертпелер – ұсақ мәселе емес, үлкен мәдениеттің көрсеткіші.
Жұмыс сапары барысында тарихи маңызы бар Шиелі теміржол вокзалы да назарға алынды. 1904 жылдан бері талай тағдырды қарсы алып, талайын шығарып салған бұл орын бүгінде жаңарып, жаңа кейіпке енген. Қазіргі таңда вокзал 13 жұп пойызға және тәулігіне 163 жолаушыға қызмет көрсетеді. Инфрақұрылымды жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар – тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасаудың нақты көрінісі.
Ауылдық округтердегі медициналық нысандардың жұмысы да бақылаудан тыс қалған жоқ. Себебі мемлекеттің күші орталықта емес, шеткері ауылдағы жағдаймен өлшенеді. Ақтоған, Алмалы, Талаптан, Тартоғайдағы дәрігерлік амбулаториялар заманауи талаптарға сай жабдықталып, қызмет көрсету сапасы артқан.
Жалпы Шиелі – құрылыс алаңы ғана емес, жауапкершілік алаңы. Мұнда әр кірпіш есеппен қаланып, әр теңге мақсатпен жұмсалып жатыр. Бірақ ең бастысы – бұл жұмыстың барлығы бақылауда. Ал бақылау бар жерде сапа бар, сапа бар жерде сенім бар. Сенім – кез келген дамудың негізі. Шиелі сол сенімді ақтауға қадам жасап келеді.
Сұлушаш МАДИЯРОВА








