ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІС
Қай қоғамда болсын адам денсаулығы – ең басты байлық, ал оны қорғау – мемлекеттің тікелей міндеті. Соңғы жылдары Шиелі ауданында денсаулық сақтау саласында атқарылған жүйелі жұмыстар осы ұстанымның нақты іске асып жатқанын айқын көрсетеді. Аудан медицинасындағы оң өзгерістер – тек ғимарат салып, құрал-жабдық алумен шектелмей, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, медициналық қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған кешенді саясаттың жемісі.Бүгінде бұл өңірде 250 төсек-орындық аудандық аурухана, ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана, 2 ауылдық аурухана, Көкшоқы ауруханасы, 19 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік бекет және 13 медициналық бекет тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсетуде. Бұл – аудан халқының денсаулығын сақтауға арналған іргелі инфрақұрылымның қалыптасқанын білдіреді.
Өткен жылы денсаулық сақтау саласы үшін ерекше серпінді кезең болды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Ортақшыл, Бестам, Тартоғай, Алмалы және Телікөл ауылдық округінде 5 жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бұл ауыл тұрғындары үшін сапалы медициналық көмектің ауылдан алыстамай қолжетімді болуына жол ашты.
Сонымен қатар «Ауылдық денсаулық сақтауды модернизациялау» ұлттық пилоттық жобасы аясында Шиелі кентінде 30 төсек орындық жұқпалы аурулар бөлімі ғимаратының құрылысына 2,3 млрд теңге бөлініп, ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілді. Әрине, бұл эпидемиологиялық қауіпсіздікті күшейтудегі маңызды қадам.
Ал көпбейінді орталық аудандық аурухана ғимаратына қосымша блок салынып, заманауи МРТ аппаратының орнатылуы аудан медицинасының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Құрылысқа 733 млн теңге, ал жоғары технологиялық МРТ аппаратына 650 млн теңге қаражат бөлініп, бүгінде ол толық іске қосылды. Енді шиеліліктер күрделі диагностикалық тексерулер үшін облыс орталығына сабылмайды.
Жедел жәрдем мәселесі де түбегейлі шешімін тапты. Аймақ басшысының қолдауымен ауданға 30 жаңа жедел жәрдем көлігі беріліп, тұрғындарға шұғыл медициналық көмек көрсету мүмкіндігі едәуір артты.
Осындай игі істердің жарқын үлгісі – 1970 жылы салынған «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеуден өтуі. Шиелі кентінің 8 мыңнан аса тұрғынына қызмет көрсететін бұл мекемеге 255 млн теңге бөлініп, ғимарат толық жаңғыртылды. Инженерлік желілер мен құрылыс конструкциялары түгелдей ауыстырылып, заман талабына сай жағдай жасалды. Мердігер «Жабдықтау» ЖШС атқарған жұмыстардың нәтижесінде бұрынғы тозығы жеткен нысан бүгінде адам танымастай өзгерді.
Күні кеше аудан әкімі Айтбай Жандарбеков амбулаторияның қазіргі жағдайымен танысып, медицина қызметкерлерімен және ем қабылдап жатқан тұрғындармен ашық жүздесті. Ол қызмет сапасына, ішкі ахуалға, жылу мен су секілді инфрақұрылымдық мәселелерге ерекше назар аударып, халықтың нақты пікірін тыңдады.
Аудан әкімінің бұл сапары тек медициналық нысанды аралаумен шектелмеді. Ол мекеме ұжымымен кездесіп, Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулардың мән-маңызын кеңінен түсіндірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан ойларына тоқталып, жаңа Конституцияның басты құндылығы – адам және оның құқықтары екенін атап өтті.
– Адамның еркіндігі, ар-намысы мен қауіпсіздігі – мемлекет назарындағы ең биік құндылық. Жаңа Конституция билік пен қоғам арасындағы жауапкершілік теңгерімін күшейтіп, әділеттілік қағидаттарын алдыңғы орынға шығарады. Мемлекеттік институттар халыққа қызмет етуі тиіс, – деді аудан әкімі.
Шиелі ауданында атқарылып жатқан бұл жұмыстар – елдегі ауқымды реформалардың жергілікті деңгейде нақты іске асып жатқанын көрсетеді. Денсаулық сақтау саласына салынған әрбір қаржы, жаңғыртылған нысан – халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған инвестиция. Яғни, әрбір әрекет бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың қамы.
Иә, адам баласы ауырғанда ең алдымен ғимаратты емес, үмітті іздейді. Ал сол үміттің есігі – аурухана. Ақ халат киген жанға қараған сәтте адамның көңілі сабырға келеді. Демек, денсаулық сақтау тек сала атауы емес, қоғам мен адам арасындағы сенімнің өлшемі.
Сұлушаш МАДИЯРОВА









