ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ
Қыстың алғашқы күнінде ардагерлер үйінде қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық мәслихат, аудандық бөлім басшылары, БАҚ өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары қатысты. Күн тәртібіне ұсынған мәселе – ауылдық округтердің жергілікті қоғамдастық жиналысына арнайы регламент бекітіп, өзгерістер енгізу, халыққа медициналық қызмет көрсету мен тегін дәрі-дәрмек жай-күйі сөз болды.
Жиын барысында аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы М.Абитбаева, аудандық мәслихаттан Ә.Ахметов, аудандық аурухананың бас дәрігері А.Әбілпәтта өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын баяндады.
Жиын барысында аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы М.Абитбаева, аудандық мәслихаттан Ә.Ахметов, аудандық аурухананың бас дәрігері А.Әбілпәтта өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын баяндады.
Алғаш болып ауылдық округтердегі жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекітуге байланысты аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы Мереке Абитбаева хабарлама жасады. Одан соң бәрі рет-ретімен шығып, өз баяндамаларын оқыды. Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібінде қаралған мәселеге қатысты сын-ескертулер назарға алынып, олқылықтардың орнын толтыру мақсатында айтылған ұсыныс-пікірлер де ескерілді.
Отырыста сөз алған аудандық аурухананың бас дәрігері А.Әбілпәтта аурухананың жылдық жұмысы жайлы ақпар беріп, науқастардың тегін дәрі-дәрмекпен қамтылу турасында сөз етті. Денсаулық саласы бойынша 1 аудандық аурухана, 1 аудандық емхана, 1 жалпы тәжірибелік дәрігерлік бөлім, 1 «Көкшоқы»ауылдық емхана, 19 дәрігерлік амбулатория, 13 медициналық бекет пен 3 фельдшерлік-акушерлік бекет қызмет көрсетеді. Өткен жылдың соңында 181 млн 796 мың теңге тұратын компьютерлік томография сатып алынған. Оның халық толықтай игілігін көруде. Мәселен, 9 айда КТ аппаратымен тексерілуден өткен адам саны – 1192. Бас дәрігердің сөзімен айтқанда, медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілу көрсеткіші 84,1 пайызға көтерілген.
– Алдағы жылы көпбейінді аурухана болуымызға байланысты қосылатын медициналық аппараттарды ескере отырып, құрал-жабдықпен қамтамасыз етілу көрсеткіші 89,1 пайызға көтеріледі деп күтілуде. Аудан тұрғындарына МӘМС жүйесін түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізілуде. Десек те 12 235 адамның медициналық сақтандыру мәртебесі жоқ, – дейді бас дәрігер.
Сондай-ақ бас дәрігер А.Әбілпәтта ана мен бала денсаулығы, өлім-жітімді төмендету барысында атқарылған іс-шаралар, дәрі-дәрмекпен қамту, кадр мәселесі, шаруашылық саласындағы жұмыстар туралы баяндады. Аудандық денсаулық сақтау саласы алдында тұрған міндеттерді де саралады.
– Жыл басынан бері ауданда 1778 сәби дүниеге келді. Біз үшін ана мен бала денсаулығы өте маңызды. Сондықтан аурухананың техникалық базасын жақсартуды да күн тәртібінен түсірмейміз. Мәселен, аурухана мен емхананы жылыту қазандығының ғимаратын реконструкциялау, құрылыс-газдандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алдағы уақытта халық қалаулыларымен, атқарушы билікпен бірлесіп, уақыт күттірмейтін мәселелердің оң шешімін табуына жұмыс жасалатын болады. Өзекті мәселелердің орындалуы халыққа медициналық көмек көрсетудің сапасын арттырады, – деді аурухананың бас дәрігері.
Қоғамдық кеңес мүшелері баяндамашыларға сұрақтар қойып, тиісінше жауаптар алынды. Пікірлердің басым бөлігі дәрі-дәрмекке байланысты, қызмет көрсету сапасын арттыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, кадр мәселесі тұрғысындағы ұсыныстар болды.
С.МАДИЯРОВА