Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚ ХАЛАТ ПЕН АҚ ПЕЙІЛ, АДАЛ ЖҮРЕК

АҚ ХАЛАТ ПЕН АҚ ПЕЙІЛ, АДАЛ ЖҮРЕК

Өткен жұманы Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмахановтың қатысуымен «Ақ халат пен ақ пейіл, адал жүрек» атты Медицина қызметкерлері күніне орай өткен шара қорытындылады.
Салтанатты шараға Шиелі аудандық мәслихатының депутаты, Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігері Н.Әмір, зиялы қауым мен медицина өкілдері қатысты.
Бүгінгі күні адам жанына араша болып, шексіз құрмет пен алғысқа бөленген, қай кезде де сенімнің үдесінен шыға білген дәрігерлердің еңбегі зор. Маусымның үшінші жексенбісі медицина қызметкерлері күні болып 1998 жылдан бері елімізде атап өтіледі. Өз кәсібін медицинамен байланыстырған, өзін адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға арнаған ақ халаттылардың кәсіби мейрамы республика дәрежесінде атап өтілді. Мәселен, Президент Қ.Тоқаев коронавирус індетіне қарсы күреске зор үлес қосқан медицина қызметкерлеріне арнап тұрғызылған «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Ал облыста халық денсаулығын сақтау жолында жүріп, ауру жұқтырып дүниеден өткен ақ халаттылардың құрметіне, олардың еңбегін ұмытпау, ұрпаққа насихаттау мақсатында Қызылорда медициналық жоғары колледжінің жанынан ескерткіш ашылды.
Бұрыннан бұл сала адам саулығын ойлайтын ізгілік жолында еді. Қазірде, ары қарай да солай болмақ. Алайда, былтырдан бері Covid-19 инфекциясының таралуына байланысты медицина мамандарының қызметіне деген құрмет одан сайын­ арта түсті. Себебі, денсаулықтың бірінші байлық екенін көпшілік балтыры сыздап, басы ауырғанда түсінді. Және ақ халаттылардың арқасында тоқтаған жүрек қайта соғып, үзілген үміттер қайта жалғанды.
Қазіргі таңда, ұлт саулығы, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына айналды. Шиелі ауданында да денсаулық сақтау жүйесі үнемі нығайтылып келеді. Емдеу мекемелерінің заманауи құралдармен жабдықталуы, жаңа медициналық технологиялардың енгізілуі тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға, әр отбасының, әр азаматтың денсаулығын жақсартуға оң ықпал етуде.
Қазіргі таңда, Шиелі ауданы бойынша 1 аудандық аурухана, 3 ауылдық аурухана, (Көкшоқы, Бәйгеқұм, Сұлутөбе), 1 аудандық емхана, 1 ауылдық емхана (Көкшоқы), 1 жалпы тәжірибелік бөлім, 19 дәрігерлік амбулатория, 13 медициналық бекет, 3 фельдшерлік-акушерлік бекет қызмет көрсетеді. Ауданда барлығы 182 дәрігер, 852 орта буынды медицина қызметкері жұмыс жасайды. Олар медициналық қызметтің 27 түрі бойынша әртүрлі мамандандырылған көмек көрсетеді.

А.МҰРАТҚЫЗЫ
22 маусым 2021 ж. 441 0