Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсылыққа жаршы болған Әз-Наурыз

Жақсылыққа жаршы болған Әз-Наурыз

Жер бусанып, көкке жан біткен шақта, тіршілік атаулы қайта түлеп, табиғат жаңа тыныс алған сәтте қазақ даласына ерекше бір құт қонады. Ол – Наурыздың құты. Ол – көктемнің нұрымен бірге келетін, елдің еңсесін тіктеп, жүрекке жылу ұялататын, сананы сергітіп, рухты жаңғыртатын Ұлыстың ұлы күні.
Ғасырлар көшінде мәнін жоғалтпаған бұл мейрам бүгінгі күні де халқымыздың өмір салтына, дүниетанымына, ішкі әлеміне терең сіңіп, бүтін болмысымыздың бір бөлшегіне айналып отыр. Биылғы Наурыз сол болмыстың бояуын бұрынғыдан да қанықтырып, аудан өміріне ерекше ажар, ел көңіліне айрықша әсер сыйлады. 22 наурыз күні аудан тұрғындары орталық алаңға ағылды. Ұлы даланы дүбірлі думанға бөлеген «Құт-береке бастауы – Наурыз» атты мерекелік шараның мәні мен сәні өзара жарасым тауып, шын мәнінде ел есінде қалатын ерекше рухани көрініске айналды.
Орталық алаңға қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер – қазақтың кең пейілі мен дархан көңілінің символындай менмұндалайды. Күн сәулесіне шағылысып, көз тартқан ақ шатырлар мен ұлттық нақышпен көмкерілген кеңістік бір сәтте-ақ мерекенің мазмұнын сөйлетіп тұрғандай. Киіз үйлердің айналасындағы қалың жұрттың қарасы – Наурыздың халық жүрегіндегі шынайы орнын айғақтайтын көрініс.
Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық киім киген ұл-қыздардың жарасымды бейнесі алаң ажарын ашып жіберді. Бүрмелі көйлек пен камзол киген қыздар, шапан жамылып, бөрік киген бозбалалар – бәрі-бәрі бір сәтке тарих пен бүгінді тоғыстырғандай. Олар тек сән үшін киінген жоқ, олар сол киім арқылы ұлттың жадын, салттың салмағын, дәстүрдің дәнін жұртшылыққа үнсіз ұғындырып тұрғандай еді. Сол бір үйлесімнің өзінен-ақ Наурыздың терең мағынасы сезіліп те үлгерді.
Алаң кіреберісіндегі ұлттық өрнекпен безендірілген сәнді арка мерекенің айбынын асқақтатып, елдік рухты биіктете түсті. Әрбір өрнекте – тарихтың табы, әрбір бояуда – ұлттық танымның бедері, әрбір бөлшекте – қазақы дүниетанымның ізі жатыр.
Мерекенің шынайы тынысы «Достық» аллеясында анық сезілді. Мұнда бой көтерген этноауылдар – өткеннің елесі емес, бүгінмен тілдескен тірі тарих секілді әсер қалдырды. Тақырыптық киіз үйлердің әрқайсысы – бір-бір тағылым мектебі. Бірінде ата-бабаның тұрмыс-тіршілігі көрініс тапса, енді бірінде қолөнердің қастерлі өрнегі сөйлеп тұр. Тағы бірінде ұлттық тағамдардың дәмі арқылы қазақтың қонақжай мінезі мен кең пейілі танылады. Мұның бәрі – құр экспозиция емес, тиісінше ұлттың өзін-өзі танытуы, ұрпаққа үн қатуы, тарихтың тірі сабақтастығы.
Киіз үйлердің ішіндегі оюлы текемет, сырмақ, кебеже, зергерлі бұйымдар мен тұрмыстық заттар – үнсіз тұрған жәдігерлер емес, олар – ұлт жадындағы шежіренің бөлшектері. Осындай дүниелерді көрген сәтте Наурыздың неге ұлы мейрам атанғанын жүрекпен түсінесің. Этноауыл алдындағы қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі мерекеге ерекше мазмұн қосты. Киіз басқан, кесте тіккен, ағаш ою мен зергерлік өнерді жандандырған шеберлердің қолынан туған туындылар жұртшылықты тәнті етті. Сондай-ақ бір сәтте Шиелінің төрінде 100 домбыраның күмбір күйі төгілді. Әсерлі сәт пен ерекше рухты «Өнер мектебінің» өнерпаздары сыйлады.
Сауда қатарлары, арт-аймақтар, фотоалаңдар, ұлттық нақыштағы көріністер мен көпшілік ерекше сүйетін алтыбақан – мұның бәрі мерекенің ажарын аша түсті. Әсіресе, алтыбақан маңынан үзілмеген күлкі мен шаттық үні Наурыздың шын болмысын айқын аңғартты. Өйткені Наурыз – тек салтанаттың емес, сағыныштың қауышуға айналған, алыстың жақынға айналған, жүректердің жақындасқан шағы.
Мерекенің шымылдығы театрландырылған қойылыммен түрілді. Сахнада көрініс тапқан ұлттық салт-дәстүрлер, жаңа жылдың басталуын бейнелейтін символдық сәттер, халқымыздың дүниетанымын айшықтайтын көріністер – барлығы да көрерменді бір сәтке терең ойға жетеледі. Мерекелік жиында айтылған тағылымды ойлар Наурыздың мазмұнын тіпті тереңдете түсті. Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы өз сөзінде Наурыздың жай ғана думан емес, рухани жаңғыру мен ішкі түлеудің кезеңі екенін атап өтті.
Одан әрі сөз тізгінін алған аудан әкімі ­Айтбай Насриддинұлы «Тіршілік атаулыны тірілтіп, табиғатты түлеткен, барша халықтың бауырластығына арқау болған Ұлыстың ұлы күні, жыл басы – Әз-Наурыз елімізге бірлік пен бейбітшілік, ырыс пен береке алып келсін!» – деп ізгі тілегін білдірді.
Расында да, бұл мейрам бізге ең қарапайым көрінетін, бірақ өмірдің өзегін құрайтын ұлы құндылықтарды қайта еске салады.
Салтанатты шара барысында ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен бірқатар азаматтың құрмет грамоталарымен, облыс және аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталуы – мерекенің маңызын еселей түсті. Мерекенің рухани шырайын кіргізген жарқын сәттердің бірі – есімі алты Алашқа танылып үлгерген, мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ноғайбаеваның сахна төрінде ән шырқауы болды. Оның әсем әуезі мерекенің тынысын тереңдетіп, көпшілік көңіліне ерекше бір сағыныш пен нәзік сезім ұялатты.
Аудан өнерпаздарының театрландырылған қойылымдары мен мазмұнды көріністері, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеген әсерлі эпизодтары – барлығы мерекенің көркемдік қуатын күшейтті. Ән мен күй, би мен сахналық образ, сөз бен саз – бәрі өзара қабысып, Наурыздың нағыз рухани симфониясын түзді.
Ұлыстың ұлы күні – ұлттың ұлы сабағы. Ол бізге тамырымызды ұмытпауға, дәстүрді дәріптеуге, бір-бірімізге мейіріммен қарауға, еңбекті бағалауға, ынтымақты сақтауға үндейді. Қай заманда да елді ел ететін – бірлік. Қай қоғамда да ұлтты ұлт ететін – рух. Ал сол рухты тірілтіп, сол бірлікті бекемдейтін мейрамның бірі де бірегейі – Наурыз. Ендеше, көктеммен бірге келген осы ұлы мереке әр шаңыраққа құт, әр жүрекке шуақ, әр отбасыға амандық, әр іске береке алып келсін! Ұлыстың ұлы күні ұлықтала берсін! Наурыздың нұры мәңгі сөнбесін!

Сұлушаш МАДИЯРОВА
23 наурыз 2026 ж. 60 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№21 (9388)

23 наурыз 2026 ж.

№20 (9387)

17 наурыз 2026 ж.

№19 (9386)

14 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031