Дүбірлі дала думаны
Бүгінгі болмысымыздың бүтін бір бөлігіне айналған Наурыз мерекесі биыл мүлдем бөлек бояумен қаныға түсті. 22 наурыз күні Шиелі ауданының тұрғындары кент орталығының алаңқайында бас қосты. Ұлы даланы дүбірлі думанға бөлеген «Наурыз. Қазақстан. Жаңару» атты мерекенің мәні мен сәні келісті. Каз қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер мен ақ шатырдың айналасындағы адамның да қарасы қалың. Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық көйлек, шапанын киген ұл-қыздар бір-бірімен үйлесіп тауып, бұлтты күнде бұқараға жайдары көңіл-күй сыйлады.
Мерекені аудан өнерпаздары театрландырылған қойылымдармен қыздырып, жаңа жылдың басталғанын айшықтайтын, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін көріністер көрсетіп, шараны әншілер әсем әнмен әрледі. Дәстүрлі рәсім ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелердің батасымен басталды. Ұлттық нақышта кейінген келіндер аудан жұртшылығына иіле сәлем салып, «Тұсау кесу» рәсімі қойылды. Сондай-ақ сахнада қазақылықтың иісін аңқытқан сахналық қойылымдар көпшіліктің жүрегінен жол тауып, ыстық қошеметке бөленді. «Жыл басының алғашқы күні – Ұлыс күні», «Наурыздың алғашқы желі – алтын күрек желі», «Жыл басының алғашқы төлі – дүбір аяқ», «Жыл басының алғашқы сүті – уыз» екенін көпшілікке дәріптеді.
Айтулы шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Нұржан Ахатов тұрғындарды ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, наурыздың елге, әрбір отбасыға ырыс-берекесімен келуіне тілектестігін білдіріп, бастарына амандық, бақ-береке тіледі. Бұл күн қазақ халқы үшін жаңа жылдың символы ғана емес, молшылық мерекесі екенін атап өтті. Одан әрі аудан әкімі сан салада толағай жетістіктерге жетіп жүрген азаматтарды марапаттады.
Мұстафа Шоқай орталық алаңында басталған думан қазақтың ұлттық ойындары мен салт-дәстүрлеріне ұласты. Кіл мықтылар жиылған алаңда білектілер күш сынасып, қол күрессе, балуандар боз кілемде өнерлерін ортаға салды. Ою-өрнекпен көмкерілген 9 қар үйдің алдында әжелер ән салып, қариялар құтты қонақтарға батасын берді. Оған қоса 10 шатыр да тігілді. Арнайы тігілген ағаш үйлерде мекемелердің ұйымдастыруымен әзірленген ақ пен наурыз көже таратылды. Биыл 85 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген мейрамда аудандық «Өскен өңір» газеті редакциясы да қар үй тігіп, аудан халқына ақ пейілмен дәм ұсынды.
Таң атып күн көтерілген сәтте басталған Ұлыстың ұлы тойы кеш қарайғанша тарқамады. Аудан өнерпаздары жырдан шашу шашып, мың бұрала би биледі. Осылайша, қазақылықтың иісі аңқыған наурыз мерекесін шиеліліктер биыл 10 күн бойы «наурызнама» онкүндігі негізінде атап өтуде.
Г.ӘБДІХАНИ