Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЕЖІРЕЛІ ӨЛКЕДЕГІ НАУРЫЗ ТОЙЫ

ШЕЖІРЕЛІ ӨЛКЕДЕГІ НАУРЫЗ ТОЙЫ

Жаһандық ахуалға байланысты Наурыз тойын тойламағалы екі жылдан асып кетіпті. Биыл ­аудан тұрғындары соққан қара желге қарамай, ұлы мерекені бір кісідей жұмылып қарсы алды. Ұлттық киімдер мен спорт түрлерін ұлықтап, орталық алаңда 10 қанат киіз үй тікті. Қазан-қазан көже ­дайындалып, бір-бірімен көрісіп, төс қағысып жатты. Осы қуанышты сәтке аудан әкімі Нұржан Ахатов та ортақтасып, түрлі экспозициялардың куәсі болды.
Иә, жыл басын Шиелі жұртшылығы ерекше ықыласпен атап өтті. Әр мекеме, кәсіпорын ұйымдары бірлесіп тіккен киіз үйлер нағыз қазақы ауылды бейнеледі. Дастархан ұлттық тағамдарға толып, аудан тұрғындары тиісінше дәм татты. Сонымен қатар арнайы көрме ұйымдастырылып, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеді. Ал алаңда орнатылған алтыбақан мерекенің сәні болды. Күмбірлеген күй төгіліп, жырдан шашу шашылды. Мерекеге сай ұлттық нақышта безендірілген думанды ортаға Қыдыр ата келіп, жұртшылыққа ақ батасын берді. Елдің бірлігін тілеген батагөй қария мен ақжаулықты аналардың тілегінен соң, аудан әкімі Нұржан Ахатов:
– Нағыз Ұлыстың ұлы күні, ұлтымыздың төл мерекесінде ұлттық киімдеріміздің әдемілігі мен салт-дәстүріміздің мәніне үңіліп, кеудемізді қуаныш кернеп тұр. Күн менен түн теңеліп, тіршілік атаулы оянып, айнала қуанышқа бөленетін Ұлыстың ұлы күні – жыл бастауы әз Наурыз баршаңызға құтты болсын! Жалпы биыл аймағымыз бен ауданымыз үшін табысты, берекелі жыл болады деген үлкен сенім бар. Себебі биыл Сырдария өзенінің сағасы қайта суға толып, жылдар бойы табаны кеуіп, таңдайы қураған дариямыз бен көлдерімізге түгелдей су жиналды. Бұл жаңалық нәпақасын осы қара жерден айырып отырған шаруалар мен жалпы аудан халқы үшін үлкен қуаныш болды. Күні кеше ғана еліміз үшін саяси маңызға ие Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауын халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасында абыроймен өткізіп, аймағымыз халықтың белсенділігі жөнінен ­республика ­бойынша көш бастады. Осы ретте, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 2022 жылы өткен Жалпыхалықтық референдумда және Президент пен Сенат ­сайлауында бірліктің озық үлгісін көрсеткен Сыр жұртшылығының осы жолы да алдыңғы қатардан көрінетініне риясыз сенгенін және сол үмітінің ақталғанына шексіз қуанышты екенін жеткізуде, – деп, құттықтау лебізін жеткізді.
Мерекелік шараны әжелер ансамблі қыздырды. Әр ауылдық округтегі мәдениет үйінің жанынан жасақталған әжелер ансамблі лек-легімен сахнаның ажарын ашып, ауылдың алты ауызын жаңғыртты. «Домбырасыз ән қайда, домбырасыз сән қайда?» қазақ үшін? Ұлыс күнінде аудандық өнер мектебінің «Жас домбырашылар» ансамблі ұлттық аспаппен әсем күйді әуелетті. Әрмен қарай тұрғындар кәсіби мамандардан жасақталған «Сырлы саз» оркестрінің өнеріне куә болды.
Наурызға орай ауданға қарасты мекемелер арасында ­сайыс ұйымдастырылды. Тігілген киіз үйлердің ұлттық нақышта жабдықталуы басты талап болатын. Сайыс қорытындысы бойынша аудандық көпбейінді аурухананың тіккен киіз үйі үздік деп танылды. Ұлыс күнінде осылайша салт-дәстүр жаңғырып, ұлттық ойындар ойнатылды. Дүбірлі той аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
27 наурыз 2023 ж. 193 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930