Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫР ХАЛҚЫ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАП ӨТТІ

СЫР ХАЛҚЫ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАП ӨТТІ



Халқымыз үшін «Наурыз» – ізгілік пен игіліктің мерекесі. Ұлыстың ұлы күнінде жасалатын ұлттық әдет-ғұрыптардың ұрпаққа берер тәрбиесі мен тағылымы мол. Асыл дінімізбен үйлескен ұлттық мерекеміз адамзат баласын бауырмалдық пен татулыққа, мейірбандық пен достыққа үндейді.
Осыған орай, жылдағы дәстүр бойынша орталық алаңда облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілетін жалпы халықтық тойлау шарасына ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі де қатысып, халықпен бірге ұлттық мерекені дәріптеуге өз үлестерін қосты. Қызылорда қаласының орталық алаңында 30 астам қара үй тігіліп, қала халқын қонақ етті.
Дүбірлі тойға арнайы қатысқан облыс Әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған өңірдің атқа мінерлері жұртшылықты мерекелерімен құттықтап, думанды мерекені халықпен бірге тойлады.
ҚМДБ-ның Сыр өңіріндегі өкілдігі тарапынан құрылған қазақы үйде дастарқан жайылып, халыққа наурыз көже, палау, тәтті сусындар таратылса, өзге де қараша үйлер ата дәстүрлеріміз «тұсаукесер» секілді ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, жырдан шашу арқылы тартуларын ұсынды. Мерекелік алаңды халықпен бірге аралаған облыс Әкімі Қ.Көшербаев Өкіл имам Болатбек Ұласқанұлы бастаған Сыр имамдарын «Наурыз» мейрамымен құттықтады.
Жалпы халықтық тойға жиналған көпшілік қазақы үйлерде арнайы жайылған дастарқан басында мерекелік астан дәм татып, қасиетті қара домбыраның күмбірі мен облысымыздың өнерпаз азаматтарының өнерін тамашалады.
Сонымен қатар, тұрғындар «қазақша күрес», «қол күрес», «арқан тартыс», «гір көтеру», «асық ату», «тоғызқұмалақ» секілді спорттық ойындарынан сынға түсіп, жүлделі орын алған жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі.
22 наурыз 2019 ж. 1 099 0