Ұлттық мерекеміз – «Наурыз» облыстық деңгейде аталып өтті
Халқымыз үшін «Наурыз» – көктемгі жаңарудың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсеткен «ұлттық код» ұғымын сақтап, дәстүріміз бен рухани құндылықтарымызды қайта жаңғырту жолында аталмыш мерекенің қосар үлесі көп.
Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы «Наурыз – ізгілік пен игіліктің мерекесі» атты мақаласында ұлттық мерекеміз жайлы: «Ұлыстың ұлы күнінде жасалатын ұлттық әдет-ғұрыптардың ұрпаққа берер тәрбиесі мен тағылымы мол. Асыл дінімізбен үйлескен ұлттық мерекеміз адамзат баласын бауырмалдық пен татулыққа, мейірбандық пен достыққа үндейді.»-деп, маңыздылығына мән берген.
Осы орайда, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті жанындағы алаңда ұлттық мерекеміз - Наурыз облыстық деңгейде аталып өтті.
Аталмыш шарада ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, Бас имам Болатбек қажы Ұласқанұлы барша халықты төл мерекемен құттықтап, әр шаңыраққа береке-бірлік, ырыс-ынтымақ тіледі.
Жалпы халықтық тойға жиналған көпшілік қазақы үйлерде арнайы жайылған дастарқан басында арнайы басылған 3 қазан палаудан, 2 қазан наурыз көжеден, пісірілген бауырсақ пен тәттілерден дәм татып, қасиетті қара домбыраның күмбірі мен термешілердің термесін тыңдап, ұлттық ойындар тамашалап, ерекше көңіл күймен тарқасты.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен ұлттық нақышта аталып өткен облыстық Наурыз мерекесінде жиналған қауым арасынан ерлер жамағаты «қазақша күрес», «қол күрес», «арқан тартыс», «гір көтеру» спорттық ойындарынан сынға түсіп, жүлделі орын алған қатысушылар ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкіл имам атынан мақтау қағаздар мен қаржылай сыйақымен марапатталды.
Сондай-ақ, ұлттық нақышта безендірілген қазақы үйлердің бірінде Қызылорда облысы бойынша «әйелдер-қыздар» секторының жетекшісі Файзуллина Марал Темірбекқызының ұйымдастыруымен облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті әйел шәкірттерінің қатысуымен дәстүріміз дәріптеліп, тұсаукесер рәсімі өтіп, қариялар батасын берді.
Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»
мешітінің баспасөз қызметі