ЕСЕП ПЕН ЕЛДІК МҮДДЕ ТОҒЫСҚАН КЕҢЕС
Бейсенбі күні «Руханият орталығында» өткен аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы жай ғана есеп беру жиыны емес, елдік мүдде таразыланған маңызды басқосу болды. Төрт бірдей өзекті мәселе қаралған жиында ауданның бүгінгі тынысы мен ертеңгі бағдары кеңінен сараланды.Даму жолындағы аудан:дерек пен дәйек
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Шиелі ауданының 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық қорытындылары мен 2026 жылға арналған жоспарлар. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, алдағы міндеттерді айқындап берді.
Бүгінде Шиелі тұрақты даму жолына түскен өңір ретінде сипатталады. Инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік нысандарды жаңарту бағытындағы жүйелі жұмыстар – соның айғағы. Аудан бюджетінің кірісі 7,5 млрд теңгеге жетуі – экономикалық белсенділіктің артқанын білдіреді. Қаратау бөктерінде игерілу жоспарланып отырған 6 мың гектарға жуық жерге 4,6 млрд теңге инвестиция тартылып, өңірдің өндірістік әлеуетін күшейте түседі.
Өткен жылы аймақ басшысының ауданға 8 мәрте іссапармен келуі де Шиеліге деген назардың жоғары екенін аңғартады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында кентке 15 арнайы көліктің табысталуы – тазалық пен тәртіпке бетбұрыстың нақты көрінісі.
Аудан әкімі өз сөзінде мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру – басты бағдар екенін атап өтті. 184 мемлекеттік қызметкер еңбек етіп жатқан ауданда басқару жүйесінің тиімділігі мен жауапкершілігі де уақыт талабына сай болуы тиіс екені айтылды.
Әлеуметтік сала: түйткіл мен мүмкіндік
Жиында білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларындағы мәселелер де ашық қозғалды. Әсіресе білікті кадр тапшылығы – алаңдатарлық жайт. Соның ішінде мектеп директорлары, балабақша меңгерушілеріне қажетті, тиісті талаптарға сәйкес келетін білікті кадр жетіспеушілігі де сөз болды.

Тұрғын үй мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Кент бойынша 12 мың адам жер кезегінде тұр. Өткен жылы сегіз отбасының тұрғын үй талаптарын сақтамауына байланысты үйден шығарылуы – әлеуметтік жауапкершіліктің де бар екенін көрсетеді. Сонымен бірге тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және алушылар санатын айқындау туралы жоба қаралып, 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №103 қаулыға өзгеріс енгізу мәселесі талқыланды.
Дәрі-дәрмек пен қоғамдық бақылау
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы бойынша дәрілердің экономикалық қолжетімділігін арттыру бағытында жүргізілген қоғамдық бақылау нәтижелері де жария етілді. Бұл мәселе тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететіндіктен, қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан жіті талқыланды. Баяндамашылар қатарында қоғамдық кеңес бақылау комиссиясының төрағасы Болат Күлімбет мен дәріхана меңгерушілері болды. Бағаның тұрақтылығы мен қолжетімділік – әлеуметтік әділеттіліктің бір өлшемі екені атап өтілді.

Су – тіршілік көзі, бірақ түйткіл де көп
Жиында кеңінен сөз болған тағы бір күрделі мәселе – су тапшылығы. 2025 жылы жалпы аудан бойынша шаруашылықтар тарапынан Сушар мекемесімен келісімшартқа отырған қаражат көлемі 458 млн теңгенің басым бөлігі орындалып, бүгінгі таңға 32 млн теңге қалдық қалып отыр.

Аяқсу арналарының кейбір тұрғындар тарапынан заңсыз иемденілуі, шамамен 150-ге жуық отбасының арық-каналдарды өз қорасына кіргізіп алуы – ортақ мүддеге селқостықтың көрінісі. Соның салдарынан техниканың кіруі қиындап, канал қазу жұмыстары кешеуілдеуде.
Дегенмен, мемлекет тарапынан қолдау жоқ емес. Жалпы биыл облыс бойынша 4 ірі канал республикалық бюджеттен қаржыландыра отырып, қазылу жұмыстары жүргізілетін болса, сол қазылатын төрт каналдың екеуі Шиеліге тиесілі. Оған бөлінген қаражат көлемі 2,5 млрд теңге. R-12 каналының қазылуы жүріп жатыр, оған солтүстік облыстардан арнайы техникалардың келуі – ортақ іске жұмылған күштің дәлелі.
Қоса кеткен жөн, Шиелі ауданы ауыл шаруашылығы саласында ерекше жетістікке қол жеткізіп, үздік аймақ атанды. ҚР министрі мен сенаторлар арнайы келіп, ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, жоғары баға берген-ді.
Түйін
Бұл жиынның ерекшелігі – тек есеп тыңдау емес, ашық пікір алмасу алаңы болуында. Қатысушылар ұсыныстарын ортаға салып, сындарлы ойларын жеткізді. Алдағы референдумның стратегиялық маңызы да түсіндіріліп, ел дамуына әсер ететін тарихи кезеңдерде азаматтық белсенділіктің мәні айтылды. Қоғамдық кеңес – билік пен бұқара арасындағы алтын көпір. Осындай кездесулерде айтылған әрбір ұсыныс, әрбір сын – өңірдің ертеңіне қосылған үлес.
Шиелі – мүмкіндігі мол, әлеуеті зор өңір. Инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында нақты қадамдар жасалып келеді. Алайда су тапшылығы, кадр жетіспеушілігі, тұрғын үй кезегі сияқты түйткілдер әлі де жүйелі шешімді талап етеді.
Даму – бір күннің шаруасы емес. Ол – табандылық пен бірліктің жемісі. Қоғамдық кеңестегі ашық диалог пен ортақ жауапкершілік сезімі Шиелінің алдағы уақытта да серпінді даму жолынан таймайтынына сенім ұялатады. Ең бастысы – атқарылған істі саралап қана қоймай, алдағы мақсаттарды айқындап, елдік мүдде жолында бірлесе әрекет ету. Шиелінің шынайы өркендеуі де осы бірліктен басталады.
Сұлушаш МАДИЯРОВА