Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыспен қамту және аудандық бюджет мәселелері талқыланды

Жұмыспен қамту және аудандық бюджет мәселелері талқыланды

Шиелі аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытына қатысты бірқатар маңызды мәселе күн тәртібіне шығарылды. Отырыста маман даярлау, халықты жұмыспен қамту, аудандық бюджетті тиімді игеру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы сынды өзекті бағыттар қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында маман даярлау мен жұмыспен қамту жайы болды. Бұл бағыттағы жұмыстардың барысы туралы Шиелі индустриалды-аграрлы колледжінің директоры Б.Сүлейменов пен «Мансап» орталығының аудандық филиалының директоры С.Төлегенова баяндама жасады.
Колледж директоры Б.Сүлейменов баяндамасында оқу орнының жетістіктері мен даму бағыттарын атап өтті:
– Қазіргі таңда 67 жылдық тарихы бар колледжде білім беру қызметін жүргізуге арналған 18 мамандық, 28 біліктілік бойынша мемлекеттік лицензия алынған. Бүгінгі күні жалпы біліммен қатар 10 мамандық, 10 біліктілік бойынша оқытылады. Жалпы білім алушылар 473 болса, 116 маман қызмет етеді. Колледждің стратегиялық даму бағыттары аясында білім беру қызметін жетілдіруге, жаңа мамандықтарды енгізуге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және колледждің өңірлік мәртебесін көтеруге бағытталған бірқатар маңызды жұмыс атқарылуда, – деді.
Ал «Мансап» орталығының директоры С.Төлегенова аудан тұрғындарының жұмыспен қамтылу жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, аудандағы экономикалық белсенді 36 630 тұрғынның 34 799-ы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде жалдамалы жұмысшылар басымдыққа ие, ал қалған бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады.
2021-2025 жылдарға арналған дамыту бағдарламасы жөнінде Ұлттық жобаның жүзеге асуы туралы баяндаған С.Төлегенова:
– Бизнес-идеяларды дамытуға қайтарымсыз гранттар беру жоспарына сәйкес 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 147 азамат қайтарымсыз грант иегері атанды. «Бастау-бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарынан портал арқылы 352 адам онлайн түрде оқып, сертификат алды. Ағымдағы жылы әлеуметтік жұмыс орындарына 40, «Күміс жас» жобасы аясында 70 аудан тұрғыны қамтылды. Ал жастар практикасы бойынша 626 жас уақытша негізде жұмысқа орналасты. Ақылы қоғамдық жұмыс орындарына тартылған 920 азамат әртүрлі техникалық құжатты түптеу-реттеу, санитарлық тазалық жұмысын жасауда, – деді.
Биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында ауданда 44 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар нәтижесінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс. Қазіргі таңда осы жобаларда 73 адам тұрақты, 239 адам уақытша жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар «Мансап» орталығының мәліметі бойынша, жыл басынан бері 8745 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелген. Оның ішінде 3207 азамат тұрақты жұмысқа орналасса, 5538-і әлі де жұмыссыздар қатарында.
Отырыста ауданның 2025-2027 және 2026-2028 жылдарға арналған бюджеті де кеңінен талқыланды. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы М.Жұмаділ бюджет кірістері мен шығыстары, үнемделген қаржыны қайта бағыттау жайында баяндама жасады.
– 2026 жылға кірістер болжамы бюджеттік кредиттерді қоса есептегенде 8 млрд 802 млн 643 мың теңге көлемінде анықталды. Оның ішінде жоғары тұрған бюджеттен бөлінген трансферттер 400 млн 361 мың теңге, субвенция 914 млн 862 мың теңге, аудандық бюджеттің өз кірісі 7 млрд 487 млн 420 мың теңге, – деді М.Жұмаділ.
Кеңес соңында Бәйтерек ауылдық округінің әкімі С.Жүсіп ауылдық округтің IV тоқсанда көрсеткен мемлекеттік қызметтері жөнінде есеп берді. Қызмет көрсету сапасын арттыру, халықпен тиімді кері байланыс орнату бағытындағы жұмыстар баяндалды.
Қоғамдық кеңес отырысы – билік пен халық арасындағы байланысты нығайтатын, аудандағы өзекті мәселелерге нақты шешім ұсынатын тиімді диалог алаңы болды. Отырыста қабылданған ұсыныстар тиісті бөлімдерге жолданып, бақылауға алынбақ.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
22 желтоқсан 2025 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9364)

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 (9363)

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 (9362)

13 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031