ИІРКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Аумақтық коалиция өкілдері Патима Маханбет, Мәден Әлжанов, Сәбитхан Досанов, Құттықыз Ыханова, Айнұр Архабаева, Ботагөз Арқашбаева және Ержан Әбдешов Иіркөл ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасының мазмұны мен негізгі бағыттарын кеңінен түсіндірді.Кездесу барысында Конституция жобасының стратегиялық маңызына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, құжатта көзделген адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және мемлекеттік басқару тетіктерін жетілдіру мәселелері жан-жақты баяндалды.
Сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын орнықтыру, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бағытындағы өзгерістер түсіндірілді. Коалиция өкілдері жаңа Конституция жобасының елдің тұрақты дамуына, қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, ұсыныстар мен пікірлер тыңдалды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруға және алдағы республикалық референдумға белсенді қатысуының маңыздылығын түсіндіруге бағытталды. Мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ауылдық округтерде жалғасып, әрбір азаматтың ел болашағына қатысты маңызды шешімдерге саналы түрде қатысуына мүмкіндік беруге бағытталған.






