Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӨРЛЕТ, ТҮРКІНІҢ ТӨЛ МЕЙРАМЫ!

ТӨРЛЕТ, ТҮРКІНІҢ ТӨЛ МЕЙРАМЫ!

Бүгінде Наурыз мерекесі қазақы болмыстың айқын көрінісіне айналып, ерекше бір бояумен боялды. Биыл бұл мейрам ауданның орталық алаңында емес, «Руханият» орталығының маңында, жаңа бір тыныс алып, жаңа бір леппен тойланды. Наурыздың құдіреті мен маңызы осынау алаңда ерекше сезілді. Көкжиекке қонған ұлы дала мен көктемнің сәулесі арасында киіз үйлер мен ақ шатырлар бой көтеріп, мерекенің сәнін арттырды.
Мерекені аудан өнерпаздары театрландырылған қойылымдармен қыздырып, жаңа жылдың басталғанын айшықтайтын, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін көріністер көрсетіп, шараны әншілер әсем әнмен әрледі. Дәстүрлі рәсім қарияның ақ батасымен жалғасын тауып, ұлттық нақышта киінген келіндер аудан жұртшылығына иіле сәлем салып, шашу шашқан сәті жүректі тербетті. Сондай-ақ сахнада қазақылықтың иісін аңқытқан сахналық қойылымдар көпшіліктің жүрегіне жол тауып, ыстық қошеметке бөленді. «Жыл басының алғашқы күні – Ұлыс күні», «Наурыздың алғашқы желі – алтын күрек желі», «Жыл басының алғашқы төлі – дүбір аяқ», «Жыл басының алғашқы сүті – уыз» екенін көпшілікке дәріптеді.
Ұлыстың Ұлы күніне арналған салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған құрметті қонақтар қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар Кеңесінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, ауданның беделді азаматтары мен зиялы қауым өкілдері болды.
Аймақ басшысы өз сөзінде барша қауымды қасиетті Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтап, көктемнің құдіреті мен ұлы мерекенің мән-маңызын ерекше атап өтті. Ол еліміз үшін Наурыздың жаңа тынысын ашқан Президенттің бастамасын мақтанышпен тілге тиек етіп, осы мерекенің халықты ортақ құндылықтармен біріктіріп, рухани жаңғырудың қайнар көзі екендігін айтты.
– Баршаңызды береке мен бірліктің бастауы болған Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Президентіміздің бастамасымен өткен жылдан бері Наурыз мейрамы «Наурызнама» онкүндігі аясында тойлануда. Бұл көктем мерекесінің мазмұнын байытып, көпшілікті ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіре түсті. Ұлыстың Ұлы күні Сыр еліне толайым жаңалықтарымен келді! Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар жүзеге асуда. Өткен жылы облысымыздың бюджетін 750 млрд теңгеден асырдық. Жергілікті кәсіпкерлер, осы елден шыққан меценаттар, туған жерді түлетіп, көркейтуге бар күш-жігерін салып, демеушілік көрсетіп, белсенділік танытты. Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты. Әз-Наурыз тәуелсіз елімізге, туған жерімізге молшылығымен, игілігімен келсін! Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем, халқымыздың келешегі кемел болсын деп тілеймін! Егініміз бітік шығып, қамбамыз астыққа толсын! Әр шаңыраққа бақ-береке, шаттық, қуаныш орнасын!, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Мұнда Наурыз мейрамына арналған тақырыптық киіз үйлер тігіліп, ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесі қойылып, сайыстар ұйымдастырылды. Кіл мықтылар жиылған алаңда білектілер күш сынасып, қол күрессе, балуандар боз кілемде өнерлерін ортаға салды. Аймақ басшысы бүлдіршіннің тұсауын кесіп, қадамына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар ауданның әлеуметтікэкономикалық, рухани-мәдени дамуына зор үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», еңбек ардагері Рахим Мәуияұлы ақ батасын берді.
Бұл төл мереке тек көктемнің келгенін ғана емес, барлық қазақ жұртының бірлігі мен өркендеуін, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлердің мәңгілік екендігін паш етті.
ОҚУШЫЛАР ҮЙІ МЕН ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиеліде 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Оған Парламент Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты.
Жаңадан бой көтеретін ғимараттың бас мердігері «СПМ - Қызылорда» ЖШС нысанды биыл пайдалануға береді. Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметінің деректері бойынша, кейінгі жылдары Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналды. «ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы», 3 ауданда 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» ел игілігіне табысталды. Сонымен қатар биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Ал былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. «Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты да мамыр айында аяқталады. Дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты да шәкірттерге есік ашпақ. Сондай-ақ Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның 9-ы биыл күрделі жөндеуден өтеді.
Ендеше іргетасы қаланған оқушылар үйі мен өнер мектебі тек мәдениет саласының қызметкерлеріне ғана емес, Сыр руханиятына қызмет ететін, шығармашыл тұлғалардың киелі ордасына айналады деп кәміл сенеміз. Өйткені руханиятқа жұмсалған әрбір қаржы, әрбір еңбек жауһар туындылардың өмірге келуіне, талантты өрендердің шығармашылығын шарықтатуға жол ашады.
АУЫЛ СПОРТЫНАН – ОЛИМПИАДА ШЫҢЫНА
Бұл күні Шиелідегі Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін тойлау Ыбырай Жақаев ауылында өз жалғасын тапты.
Жаңадан бой көтерген «Береке» спорт кешенінің алдында тарихи тұлғалар Ыбырай Жақаев, Қойшыбай Оразымбетов, Сыздық Боқаев, Байсын, Жансейіт, Закира Ержанова, Әлиакбар Монтаев есімдері берілген, әсем безендерілген, ішінде ұлттық тағамдар қойылған берекелі дастарқаны бар ақшаңқа киіз үйлер қаз-қатар орнласқан. Бұл жерде тұсау кесер, бесікке салу, сәлем беру сияқты тағы да басқа салт дәстүрлеріміз көрсетіліп жатты. Сонымен қатар арқалы ақын Кенжебай Жүсіп «Наурызға арнауын», «Асыл әжелер» ансамблі халық әндерін орындап, көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.
Бұл шараға қатысу үшін арнайы атбасын бұрған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Ы.Жақаев атамыздың аты берілген киіз үйдің жанында бір жасар Әміре бүлдіршіннің ұлтымыздың ежелгі дәстүрі бойынша тұсауын кесіп ақсақалдардың батасын алды.
Одан соң «Береке» дене шынықтыру сауықтыру кешенінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде аймақ басшысы шиеліліктерді Наурыз мерекесімен құттықтап, Сыр өңірінде дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту саласында жағымды жаңалықтар мен жарқын жетістіктер жетерлік екенін атап өтті.
Бұған дейін Қызылорда қаласында құны 2 миллард 700 миллион теңге болатын үстел теннисі орталығының пайдалануға берілсе, қазіргі таңда құрылысы қарқынды жүріп жатқан, құны 20 миллиард тенгеден асатын жаңа стадион халықаралық талаптарға сай болмақ. Сонымен қатар жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру «Қызылорда Арена» кешені де пайдалануға берілетін күн алыс емес. Былтырдың өзінде аудандарда 12 спорт кешені пайдалануға берілген. Сол үрдіс биыл да өз жалғасын тауып Иіркөл аулылдық округінде құны 700 миллион тұратын «Береке» спорт кешені халық игілігіне табысталып отыр.
Осы жұмыстың басы-қасында жүрген, туған ауылына Наурыз мерекесіне тамаша тарту жасаған «Алтын дән Шиелі» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Бердібаевқа облыс әкімі өз ризашылығын білдіріп, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бір топ шиеліліктерге алғыс хат тапсырды.
Өз кезегінде еңбек ардагері Қызылорда облысының «Құрметті азаматы» Ибрагим Абибуллаев жүрекжарды ыстық лебізін білдіріп, батасын берді.
Жаңа спорт кешенінде бокс, қазақша күрес, фитнес, волейбол, баскетбол, футбол,шахмат, үстел теннисі секциялары ашылмақ. Мұнда Иіркөл ауылдық округінің тұрғындары ғана емес, көршілес жатқан ауылдар мен Шиелі кентінен де осында келіп, спортпен айналысқысы келетіндердің қарасы көп екенін байқадық.



Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
Сұлушаш МАДИЯРОВА,
Айнұр ИБРАШЕВА
27 наурыз 2025 ж. 128 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (9290)

01 сәуір 2025 ж.

№22 (9289)

31 наурыз 2025 ж.

№21 (9288)

26 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930